Қазақстан Сыртқы істер министрлігі АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің мәлімдемесін жариялады.
"Қазақстан халқын Америка Құрама Штаттары атынан Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймыз. АҚШ Қазақстанның экономикалық байланыстарды дамыту, өркендеу мен өсу жолындағы атқарған ісі үшін, сондай-ақ халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосқан зор үлесі үшін жоғары бағалайды", – делінген құжат мәтінінде.
Сонымен бірге хатта Қазақстанның кейінгі отыз жыл бойы басқа елдер үшін ядролық қарудан бас тарту жөніндегі берік ұстанымымен үлгі болғаны жазылған.
"Америка Құрама Штаттары Қазақстанды Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне сайлануымен құттықтайды. Біз, сондай-ақ Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту және шетелдік инвестициялар үшін ахуалды жақсартуға қосқан үлесін қолдаймыз. Америка Құрама Штаттары Қазақстандай досы барын мақтан тұтады және бұрынғыдай оның егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын мойындайды. Біз екі ел азаматтарының игілігі үшін стратегиялық серіктестігімізді нығайтуды жалғастырамыз", – делінген ресми мәлімдемеде.