Жезөкшелерді тонап жүргендер ұсталды  
Жезөкшелерді тонап жүргендер ұсталды  
Фото: polisia.kz
323
оқылды

Алматыда екі ер адам интимдік қызмет көрсететін әйелдерді тонауды кәсіпке айналдырып  жүрген.  Polisia.kz. сайтының жазуынша, зардап шеккендердің бірі Алмалы аудандық полиция басқармасына түнгі уақытта хабарласқан.

Оның айтуынша, екі бейтаныс адамның жалдамалы пәтеріне клиент ретінде келіп, ұрып-соғып, 100 мың теңге ақшасы мен ұялы телефонын алып кеткен. Қолға түскен күдіктілерді анықтау кезінде тұрғын үйге тонау мақсатында   барғандығы анықталды.

«Бұлар, 21 жастағы З. есімді  және 20 жастағы Д. есімді ер адам. Екеуі де жұмыссыз. Қазіргі уақытта ұсталғандардың осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде, өйткені тергеу амалдары барысында күдіктілердің тек  «жұмыста» пайдаланған ұялы телефоны тәркіленді: онда интимдік қызмет көрсететін ондаған әйелдердің нөмірі болған», – деді Алмалы аудандық Полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.

Қазіргі уақытта ұсталғандардың екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты істеген қылмыстарына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталған.