Биыл қандай уәделер орындалмады?
Биыл қандай уәделер орындалмады?
490
оқылды
Неміс ойшылы, ХХ ғасырдағы ірі философтардың бірі Мартин Хайдеггер «ұдайы уәдеге шабыттану сезімі» болатынын айтып кетті. Бұл тәсіл бүкіл әлемде, саясат сахнасында кеңінен қолданылады. Саясаткерлер, министрлер қаптатып уәде береді, жұртшылықты шабыттандырады, өзіне назар аудартады, саяси дивидендпен бедел жинайды, дегенмен оның орындалуына баса мән бермейді. 2021 жылы да биік лауазымды шенеуніктердің көптеген уәдесі орындалмады. Олар нені уәде етті?

Пандемия аяқталады

Биыл ақталмаған ең үлкен үміт пандемиямен байланысты болды. Денсаулық сақтау министрлігі былтыр жаһандық індеттің алдағы 2021 жылдың ортасына таман аяқ­талатынын айтты. Алдымен 2020 жылғы көктемде Алматы қалалық СЭС департаментінің карантиндік және аса қауіпті инфекцияларды эпидемиялық қадағалау бөлімінің басшысы Саят Қауметбаев панде­мияның бітетін мерзімін атады: «Вирус ультракүлгін сәулеге төтеп бере алмайтындықтан, күн нұрын мол төге бастайтын мамырда эпи­демия аяқталады». Әрине, бұл байлам қате болып шықты. Артынша ДСМ пандемияның аяқталу мерзімін 2021 жылға жыл­жытты. Бұл ретте вирустың ешқайда кетпейтіні, ол адамдар арасында айналымда қалатыны, бірақ оның қауқары тұмаудай ғана болатыны айтылды. Халықты осылай үміттен­дірген Денсаулық сақтау ведом­ствосы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сү­йен­ген-тін. Кезінде COVID-19 ін­деті жайылатынын алдын ала дәл болжаған инфекционист-сарапшы Майкл Остерхольм де 2020 жылғы наурызда пандемияның жарты жылға созылатынын мәлім етіп еді. ДСМ шенеуніктердің сөзін уәдедей қабылдаған қазақстан­дық­тар 2021 жылы карантин шаралары тоқтатылады, барлық шектеу алып тасталады деп сенді. Олай болмады. Барлық карантин шектеулері келесі 2022 жылға ұзартылып отыр. КВИ тұмау сияқты болады деген сөз де жалған болып шықты. COVID-19 ары қарай мутацияланып, жаңа штам­дары әлемге кең таралуда. Германияның иммунология қоға­мы­ның бас хатшысы Карстен Ватцль­дің пікірінше, «омикрон» штамы иммун тапшылығы инфек­циясы (ВИЧ) бар сырқаттан тарауы ықтимал.

Инфляция 4-6% дәлізінде сақталады

Үкіметтің, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу агенттігінің бұл уәдесі ел Үкіметінің 2021 жылғы 23 ақпандағы №90 қаулысымен бекітілді. Экономикаға жауапты осы «үштік» жыл басында «2021-2023 жылдарға арналған макро­экономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімді» бекітті, оны іске асыру жөніндегі Жол картасын мақұлдады. «Келісімді іске асыру шеңбе­рінде мынадай нәтижелерге қол жеткізу жоспарлануда: 2021 жылғы инфляция: 4-6%» делінген құжатта. Ақыры не болды? Қазақстанда биылғы қараша айының қоры­тындысында жылдық инфляция 8,7%-ға жетті. Бұл – белгіленген  межеден екі есе көп! Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, Қазақстанда инфляция соңғы 4 жылдағы ре­корд­қа жетті. Бұған азық-түлік та­уарларының, соның ішінде көкө­ністердің де бұрын-соңды болмаған көлемде қымбаттауы ықпал етіпті. Сондай-ақ жанар-жағармай ба­ғасының, электр қуаты, комму­налдық қызметтер тарифтерінің өсуі қосылып, нарықтағы баға құн­сыздануына серпін берді. Үкі­метке тамыз айында шұғыл инфля­цияға қарсы шаралар қабылдауға тура келді. Бұл азық-түлік бағасын құрықтауға мүмкіндік берді. Бірақ инфляция бәрібір рекордтық деңгейде қалды. Үкімет те, Ұлттық банк те уәдесінде тұрмады.

Мектептердің даладағы дәретханасы жойылады

Екі жыл бұрын Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, қазақстандық мектеп­тердің «дәретхана мәселесін» 2021 жылы толық шешуге уәде етті. Бұ­рыннан бар бұл проблемаға білім саласының шенділері тек траге­диядан кейін назар аударды: 2019 жылғы қарашада Тараздағы мек­тепте, сабақ уақытында 7-сынып­тың 12 жасар оқушы қызын дала­дағы дәретханада зорлап кеткен. Бұл масқара оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Содан 2019 жылы БҒМ елдегі 6 971 орта білім ордасына монито­ринг пен тексеріс жүргізді. 2 700-ден астам мектепте оқушылары да­­­ла­дағы дәретханаға жүгіруге мәж­­бүр екені анықталды. Ми­нистр­лік олардан арылу процесін екі жыл ішінде, 2021 жылғы қыр­күйекке дейін аяқ­тауға сөз берді. Яғни, осы кезеңде барлық орта білім беру ұйымында ғимарат ішіндегі жылы дәретха­налар салынуы тиіс еді. Алайда БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенованың ай­туынша, 2021 жылғы тексеру бары­сында 245 мектепте «ескі формат­тағы» дәретханалар сол бойы сақталып қалғаны мәлім болды. Сорақысы сол, комитет басшысы­ның айтуынша, ескі дәретханаларды «жыныс белгісі бойынша бөлуге қатысты проблема бары» әшкере­ленген: кей жерде сырттағы дәрет­хананы ұл мен қыз балалар кезек-кезекпен пайдалануға мәжбүр. Ел ХХІ ғасырдың үшінші он­жылдығына аяқ басса да, шенеу­ніктер бұл проблеманы шеше алмады. Рас, мектептердің 195-інде жылы туалет орнату жұмыстары аяқталып қалған. Қалғанында – Ақтөбе, Алматы, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Түр­кістан облыстарында және Шым­кент қаласында бұл жұмыстар аяғына дейін жеткізілмепті. Сол себепті БҒМ осы өңір әкімдіктеріне тапсырманы орындамаған тұлға­ларға шара қабылдау туралы хат жол­дады. Мұның сыртында 197 мек­тепте дәретханаларды су және кәріз құбырларына қосуда қиындық болған. Бұл мәселелердің қанша­лық­ты шешілгені алда белгілі болады.

Шикізаттық емес экспорт 29 млрд $ жетеді

Үкімет биылғы жыл басында «2021 жылы тауарлар мен қыз­меттердің шикізаттан тыс экспор­тының көлемін 29,2 млрд долларға» жеткізуге уәде етті. Бұл ел эко­номикасын мұнайға тәуелділіктен құтқару үшін керек. Сауда және интеграция минис­трі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, 2021 жылдың 10 айында шикізаттық емес тауарлардың экспорты 15,9 млрд долларды ғана құрады. Ал қызметтер экспорты 2,7 млрд доллар болған. Министрдің мәліметінше, шет­елде қазақстандық тұз, ұн, ет, дайын өнімдер, макарон, консерві, бал, өсім­дік майы және құрғақ сүт та­нымал. Сондай-ақ машина жасау, металлургия өнімдері, ІТ қызмет­тер де жаһандық нарықта сұра­нысқа ие.

Дәрігерлерге үстемеақы желтоқсанда беріледі

Пандемияның аяқталмағанына қарамастан, Қазақстан корона­вируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген ақ халатты абзал жандарға берілетін үстемеақыны биылғы қыркүйекте жойды. ДСМ оның ор­нына жаңа үстемеақы түрі енгі­зілетінін хабарлады. Отставкаға кетерінің алдында, Мәжілістің жалпы отырысында баян­дама жасаған ведомство бас­шысы Алексей Цой осы желтоқсан айында Денсаулық сақтау минис­трлігі жаңа үстемеақылар бойынша бұйрықты жария етуге уәде берді. «Президент медқызмет­кер­лерге төлемдерді тұрақты шараға айнал­дыруды тапсырды. Ол қауіпті ай­мақта жұмыс істейтін дәрігерлер санатына төленеді. Бұл енді коро­на­вируспен тікелей байланысты бол­майды. Менингит, конго-қы­рым қанды безгегі секілді инфек­ция жұқтырған сырқаттарды ем­дейтін мамандар да алуы мүмкін. Инфек­циялық дерттер ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Көптеген індет коро­на­вирусқа қарағанда қауіпті. Үсте­меақыларға қатысты министрліктің тиісті бұйрығы желтоқсанда дайын болады», – деп сөз берді А.Цой. Жалпы, үстемеақыны төлеу биылғы желтоқсанда басталып кетуі тиіс еді. Ақ халаттылар маңыз­ды құжатты әлі күнге күтіп отыр.

17 млн шаршы метр баспана салынады

Ел Үкіметі 2021 жылы Қазақстан бойынша жалпы көлемі 17 миллион шаршы метр тұрғын үй тұрғызуға уәде еткен еді. Бұл Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін 103 млн шаршы метр тұрғын үй салу және 977 мың отбасын баспанамен қамтамасыз ету тапсырмасын жүзеге асыру үшін қажет болатын. Осы уәденің орындалуына күзде құрылыс материалдарының күрт қымбаттауы кедергі келтірді. «Биыл біз 17 миллион шаршы метр немесе 163 мың баспана са­луымыз керек. Бірақ 26 желтоқсан­дағы алдын ала деректер бойынша, 16 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй ғана пайдалануға беріл­ді. Тұрғын үй құрылысының қар­қыны өткен жылмен салыстыр­ғанда 12 өңірде артқан. Баспана ха­лыққа қолжетімді болуы тиіс», – дейді Индустрия және инфрақұ­ры­лым­дық даму министрі Бейбіт Атам­құлов. Оның айтуынша, тұрғын үй және құрылыс материалдары құ­ны­ның қымбаттауына жол бермеу үшін министрлік үш бағытта жұ­мыс істеп жатыр: құрылыс саласын цифрландыру, баға белгілеу жү­йесін жетілдіру және құрылыс­тағы ба­қылауды күшейту, сондай-ақ құры­лыс материалдары өнді­рісін дамыту. Алайда елорданың өзінде біраз құрылыс алаңында жұмыс тоқтап, крандар қаңта­рылып тұр­ғанын бай­қауға болады. Құры­лыс материал­дарының қым­батшы­лы­ғы мен тапшылығы мә­селесі шешілмесе, оның келесі жыл­ғы Үкімет жос­парларына да ке­сірі тиюі мүмкін. Министр салада шешімін тап­паған проблема көп дейді: заңна­маға сәйкес, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары шағым түспесе тексеруге бара алмайды. Мемлекеттік сәулет-құрылыс ба­қылау органдары объектілерді пай­далануға, қабылдауға қатыспайды. Бақылаудың әлсіздігінен құрылыс салушыларда немқұрайдылық бай­қалады және жаңа объектілер жаппай кемшіліктерімен қабыл­данады. Жалпы, биыл мемлекет тара­пы­нан да, қоғам тарапынан да орын­дал­маған уәделер көбейгені бай­қалып отыр. Тауар жеткіземін, қыз­мет көрсетемін деп сөзінде тұр­маған кәсіпкерлерге – контра­генттерге қатысты жүздеген мың іс сотқа жетті. Азаматтарға «жиһаз жасап беремін», «жоғары жалақылы жұмысқа орналастырамын», «мем­лекеттен үй, жер алып беремін» деп уәде беріп, алдап соққан алаяқтар көбейді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі биылғы қазанда «Лицензияланбаған қызмет бел­гілері бар ұйымдардың тізімін» жариялады. Тізімге 121 субъект кір­ген, оның ішінде жұртшылыққа салған салымын еселеп өсіруге уәде етіп, мұзға отырғызған 56 пирамида, 65 лицензияланбаған инвестиция­лық делдал бар. Өтірік уәде мен көзбояушылық – ізгі бастамаларды құнсыздандырады, жауапсыздық пен былыққа өріс ашады, халықтың сеніміне селкеу түсіреді. Ендеше озық елдер қатарына қосылу үшін жалған уәделерден құтылған, жос­парлау және болжам жасау сапасын арттырған абзал.