Қыс қаһары әкімдердің әлсіздігін көрсетті
Қыс қаһары әкімдердің әлсіздігін көрсетті
523
оқылды
Қалың жауған қар ылғалға зәру даламыз үшін үлкен игі­лік болса, әкімдер үшін ең­серілмес қиындыққа ай­нал­ды. Мысалы, Шығыс Қа­зақ­стан облысында өртенген үйді қар шашып сөндірмек болған. Өйткені жолды қар ба­сып қа­луы кесірінен өрт сөн­діру маши­налары жете алмапты. Облыстағы Бесқарағай ауы­лында тұрғын үйде өрт шыққаны туралы дабыл түсе сала, өрт сөн­діру­шілердің тұтас есептобы шұғыл аттанады. Алайда жол тазартыл­мағандықтан, оларға жолай көлік­терін қалдырып, 2,5 шақырым жаяу жүгіруге тура келді.
«Әрбір минут қымбат еді. Уа­қыт жоғалтпау үшін жауынгерлер жаяу бару туралы шешім қабыл­дады. Қарға малтығып, жолсыз 2,5 шақырымды еңсерген олар ауылға жеткенде үй толық өртке оранға­нын көреді. Үй ағаштан тұрғызыл­ған және толығымен жанып кетті. Бірақ жанында тұрған сарай, басқа шаруашылық орынжайларды құтқару қажет. Өрт сөндірушілер оларға қар атумен болды. Сонымен бірге олар сөніп жатқан үйдің ағаш конструкциясын бұзумен шұғыл­данды», – деп түсініктеме берді ШҚО Төтенше жағдайлар департа­менті.
Жергілікті кәсіпкер жолды та­зартуға өз техникасын ұсынған. Сөйтіп, өрт сөндіру машиналары оқиға орнына жетті. Өрт кешкі сағат 8-ге қарай өшіріліпті. Құрбан болған адам жоқ. Үйдегі өрт пеш­тен шыққан деген алдын ала бол­жам бар. Ұқсас жағдай жақында Нұр-Сұлтан қаласы маңында болды. «Қосшыда үй өртенді. Бірінші өрт сөндіру көлігі қарға батып тұрып қалды. Себебі жол қардан тазар­тыл­­маған. Екінші машина түн қараңғы­сында дабыл қағылған мекенжайды таба алмай, әрлі-берлі сабылды. Не көшелердің атауы жазылған көр­сеткіш, не үйлерде дені дұрыс нөмір жоқ», – деп хабарлады жер­гілікті тұрғын Марат Сыдықов. Оның үстіне Ақжайық көшесі атауы қаланың әр тұсында екі рет қайталанады. Демек, бас қалада көше атаулары ретке келтірілмеген. Ақмола облысына қарайтын, бірақ елорда шеті саналатын Қосшының өзінде өрт сөндіру депосы жоқ. Ал елордадан жолға шыққан өрт сөн­дірушілердің «тілсіз жаумен» емес, қармен күресіп жатқаны бейне­ленген видео әлеуметтік желіні кезіп кетті. Ал соңынан жеткен өрт сөндіру көлігі сол жерде қайтадан батып қалып, адамдар жабыла итеріп, елордаға шығарып салыпты.
«Қар биыл қалың жауды. Өз ауданымыз әкіміне көше тазар­тыл­май жатқанына шағымдансам, ол тек автобустар жүретін көшелер ғана аршылатынын айтады. Біз қалай жүруіміз керек? Такси де шақыра алмаймыз. Көмір түсіруім қажет. Биліктен ауламды аршы деп сұрап тұрған жоқпын. Көшеміздегі қаншама адам зардап шегуде», – деп назаланады Ерейментау қала­сының тұрғыны Әсел Төлеуова.
ШҚО тұрғыны Саид Мұхаммед Семей жақтағы Көкпекті ауда­нының үлгісін таратуды ұсынады. «Қар тазалау үшін жалданған компания ананы-мынаны сыл­тауратып, өз жұмысын орында­мады. Содан аудан әкімі халыққа сауын айтты: мұнша көлемдегі қарды тазалаған әрбір адамға 15 мың теңгеден беремін деді. Мұ­ны естіп, тұтас отбасылар көше та­за­лауға шықты. Жолдар тез-ақ ар­шылды», – дейді ол.   Елдос СЕНБАЙ