Елордада азық-түлік тапшылығы жоқ
Елордада азық-түлік тапшылығы жоқ
560
оқылды
Бас қалада күн сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына бақылау жүргізілмек. Бұл жайында қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев мә­лімдеді. Осындай бақылаулардың арқасында шенділер тапшылық болмайтынына сендіріп отыр. «Қаладағы сауда нысан­да­рына бақылау жүргіземіз. Ау­мақта азық-түлік тапшылығы жоқ. Қалаға 6 блок-бекет қойыл­ған. Барлық блок-бекет қойылған күннен бастап азық-түлік та­уар­ларын жеткізу бойынша мә­селелер шешілді. Сауда желілері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Рұқсат етілген уақыт таңғы 8-ден 22.00-ге дейін», – деді Бекмұрзаев. Қала әкімінің орынбасары барлық кәсіпкерден ережеге бағынуды, дүкен сөрелерінен ішімдікті алып тастауды, жұмыс уақыты мен режимді сақтауды сұрады. Сондай-ақ ол баға өскен жағдайда кәсіпкерлерге қатаң шаралар қолданылатынын айтты. Әкімдік қызметкерлері қаланың ірі сауда орталықтарын аралаған. Қарбалас кезінде азық-түлік тапшы болмағанын жет­кізіп отыр. «Қазір бас қалада Magnum желісінің барлық дүкені ашық. Олардың жұмыс уақыты тө­тенше жағдай режиміне сәйкес келеді. Жағдай тұрақталса, уақыты ұза­рады. Дүкендерде қарбалас бай­қалмады, әлеу­меттік маңызы бар тауарлар қолжетімді. Бағалар тұрақты. Тауарлар қымбаттамады. Се­ріктестерімізге бағаны тұрақ­ты ұстап тұрғаны үшін алғыс ай­тамын. Ішімдік саудадан алып тасталды», – дейді Magnum компаниясының директоры Елена Зименко. Төтенше жағдай режимі дү­кендердің жұмысына зиянын тигізбегенге ұқсайды. Себебі барлық тауар бар. Жауапты ма­мандар тұрғындарға сабыр сақтап, тек қажетті тауарларды алуға кеңес беріп отыр. Өйткені тапшылық қаупі жоқ.