Бағаны жөнсіз өсірген кім?
Бағаны жөнсіз өсірген кім?
424
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен сұйылтылған газ, жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру үшін ел аумағында тиісті реттелген баға бекітілген. Сондай-ақ интернет болмаса да, халықтың басым бөлігі қолданатын Халық банк пен Каспи қосымшаларымен сауда жүргізе беру тапсырылған. Алайда  Ақмола облысының бірқатар өңірінде бағаны жөнсіз көтеріп, бас пайдасы үшін биліктің айтқанын пысқырмай жатқандар да шығып тұр. Тіпті, Президент қадап айтса да, жанар­май бағасын шекті бағадан асыра көтеріп жіберген жанармай бекеттері де табылған. Төтенше жағдай енгізілгеннен кейін халықтың басым бөлігі қол­ма-қол ақшасыз қалып, Ақмола облысының барлық аумағында банкоматтарда ұзын-сонар кезек қалыптасты. Бірқатар банко­маттарда ақша лезде таусылып қалған. Ал дүкендер мен сауда орындарында аударымдар қа­былданбай тек қолма-қол есеп айырысу етек алған. Қолмен чек жазып беруге рұқсат етілгенімен, сауда орындары салықтан жал­та­рып, тек қолма-қол сауда жүр­гі­зуге көше бастаған. Ал жанармай мен газ бағасын шекті 70-75 тең­геден, АИ-92 жанармайы 182 тең­ге болып бекітілсе де, бағаны кө­теріп жібер­гендер де анықталған.

Жанармай бағасын өсіргендер де табылды

«Аршалы кентіндегі жалғыз жанармай бекетіне бензин құю үшін бардым. Президент жанар­майды 182 теңге деп бекіткенімен бұл бекет жанармайды 185 тең­геден қымсынбай-ақ саудалауға көшкен. Ал ұсынған карточкамды қабылдамай қойды. Аударым жасауға да келіспеді. Қожайыны рұқсат етпепті-мыс. Қолма-қол төлейтін ақшам жоқ. Жан-жаққа тамыр-танысыма хабарласып қолма-қол ақша сұрауға мәжбүр болдым. Бірақ ешкімде қолма-қол ақша табылмады. Банктер жабы­лып, банкоматтарда ақша тау­сылып қалған. Ақмола облысы­ның Біржансал ауданында да дәл осындай оқиғалар қайталанғанын естідім. Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмасы неге орын­далмай жатыр? Сонда салықтан жалтарып онсыз да жүгенсіз кет­кен бағаны қиын кезеңде көтеріп жатқан кәсіпкерлерге кім тоқтау салмақ?», – деп налыды Асылбек Байжұма Аршалы ауданынан. Біз облыс орталығындағы бір­қатар сауда орындарында дәл осындай жағдайды тағы байқадық. Дүкендердің басым бөлігі интер­неттің жоқтығын сылтауратып, халықтан қолма-қол ақша сұрауға көшкен. Дүкеншілер мұны ин­тернеттің істемеуінен чек соға ал­майтындықтарымен түсіндір­мек болды. «Біз қолма-қол ақшамен ғана сауда жасауға мәжбүрміз. Ин­тер­нет болмағандықтан кассалық аппараттар жұмыс істемейді. Кас­пи және Халық банктерінің қо­сымшасынан аударымдарды қа­былдай алмаймыз», – деді «Ру­бин» сауда орталығының дүкен­шілерінің бірі. Аталған мәселені облыстың мемлекеттік кірістер департа­мен­­­тінен сұрап, мәселенің мән-жайын білмек болдық. Департа­мент басшылығының айтуынша, кә­сіпкерлік нысандарына тек­серіске мораторий берілгендік­тен олар арыз болмаса еш амал жасай алмайды екен. «Төтенше жағдай кезінде яғни 5 қаңтардан 19 қаңтарға дейін сауда орындарына тұтынушыларға чекті қолмен жазып, кейін оны 15 күн ішінде тапсыруға нұсқау бе­рілген. Кәсіпкерлер осылай жа­сау­ға тиіс. Әзірге қойылған та­лап­тың бұзылғаны жөнінде облыстық департаментке еш арыз түскен жоқ. Біз тек арыз түскен жағдайда ғана тиісті шара қолдана аламыз», – деді Ақмола облысы Мемле­кеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары. Мемлекет басшысы жүктеп бекіткен бағалардың өңірде іс жүзінде қалай орындалып жатқа­нын тиісті мемлекеттік органдар­дан да сұрап білмек болдық. Бә­секелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақмола облысы бо­йынша департаменті өңірдегі жағдайдың толықтай бақылауға алынғанын атап өтті. «Мемлекет бойынша осыған дейін бағаны көтерген газ тарату кәсіпорындарының 22 субъектісі анықталып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Ал дәл қазіргі уақытта облыс аумағында газдың бағасы 70-75 теңгеден саудаланып жатыр. Департамент мамандары күн са­йын мониторинг жүргізіп, азық-түлік, газ және жанармай бағасын бақылауға алды. Қазіргі уақытқа дейін ешқандай бағаны көтеру оқиғалары тіркелген жоқ. Егер тір­келген жағдайда алдымен ха­барландыру беріліп, одан кейін орындалмаса тергеу жүргізіліп жа­уапкершілікке тартылады. Өңір­дің қалалық және облыстық кә­сіпкерлік басқармалары және бө­лімдерімен бірлесіп тиісті мо­ниторингтер жүргізіліп жа­тыр», – дейді департамент басшы­сының орынбасары Әділ Болатұлы.

Шығынға жұмыс істеп жатырмыз...

Газ бағасы бойынша бекітілген бағаның қалай орындалып, сон­дай-ақ газ таратушы компания­лар­ға қалай әсер еткенін де анық­тамақ болдық. Өңірдегі жетекші газ таратушы – «Көк­шетау Транс Газ» компаниясы бас­шылығының айтуынша, Пре­зидентпен бекі­тіл­ген газ бағасы сатып алып жатқан бағадан әлдеқайда артық болып шыққан. «7 қаңтардан бастап біздің компаниямен жұмыс істейтін барлық газ құю бекеттерінде баға 120 теңгеден 70 теңгеге дейін тө­мендетілді. Біз барлық сатып алу­шылармен шұғыл жиын өткі­зуге мәжбүр болдық. Қазір біз шығынға жұмыс істеп жатырмыз. Сұйылтылған газды келісіне 195 теңгеден сатып алатын кәсіп­кер­лер оны келісіне 120 теңгеден қа­лай сататынын түсіне алмай қал­ды. Қазір біз газ бағасын ке­лі­сіне 100 теңгеден саудалап жа­тыр­мыз. Барлық шығындарды «Көк­шетау Транс Газ» өз мойнына алып отыр. Ал оның қалай өтеле­тіні әлі белгісіз күйде болып отыр. Үкімет бұл мәселенің шешімін табатынына сенімдімін», – дейді «Көкшетау Транс Газ» компания­сының қаржылық директоры Батыр Әшіров.

Облыстағы ахуал тұрақты

Ал бүгін облыстағы жедел штаб жиынын өткізген облыс әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі жағдайдың тұрақты екенін атап, баға саясаты мен халық тұтынатын азық-түлік пен жанармайдың бағасы толықтай бақылауға алынғанын жеткізді. «Қазір облыс аума­ғында жағ­дай тұрақты. Полиция ерікті аза­маттардың көмегімен қоғамдық тәр­тіпті тұрақты сақтап отыр. Қол­ма-қол ақшамен тауар сатып алу мәселесі облыс аума­ғында ше­шілді. Бүгіннен бастап облыс ау­дандарындағы банкомат­тарды қолма-қол ақшаға толтыру жұ­мыс­­тары басталды. Сауда же­лі­лерін­де қажетті азық-түлік та­уар­лары мен алғашқы қажет­ті­лік­тер жеткілікті. Облыстағы жа­уап­ты қыз­меттерге коммуналдық тө­лем, азық-түлік, газ, жанармай, көмір сияқ­ты халық тұтынатын тауар­лар­ға баға саясатын сақтау жөнін­де тиісті тапсырмалар бер­дім», – де­ді облыс әкімі Ермек Маржық­паев.

P.S.

Күрделі жағдай ешкімге де оңай соқпағаны шындық. Дегенмен іші­нара жүгенсіз кеткен баға саясатын бақылауда тиісті орган­дардың та­рапынан темірдей жауап­кершілік қажет екені анық.

Ақмола облысы