Жарық пен жылудың жыры бітпей тұр
Жарық пен жылудың жыры бітпей тұр
583
оқылды
Еліміздегі ең іргелі курортты аймақтың бірі Щучинск қаласында бірнеше шағынаудан әлі де болса орталық­тандырылған жылуға қосылмаған. Өркениет көшінен қалыс қалған аудан тұрғындары жыл сайын көпқабатты үйге көмір тасып күнелтеді. Көшелерге жарық бағандары аттай үш жыл бұрын орнатылғанымен, әлі де қосылмаған. Мәселе жайлы аудан және облыс әкімдігіне талай шағымданған халықтың ащы жанайқайына жауап құрғақ уәдеден ары аспай келеді.

Көмір мен күлді тасумен күндері өтеді...

Тұрғындардың айтуынша, осыған дейін ауысқан бірнеше әкім жағдайды реттейтінін, жылу мен жарықтың қосылатынын, модульді қазандық арқылы жылу беріле бастайтынын айтып сендірген. Дегенмен қаладағы бірнеше мың түтін тұратын Горный, Ремзавод, ЩПЭС шағынаудандарында баяғы жартас бір жартас. Көше жарығы­ның бағаналары сонау 2019 жылы қадалып, бюджет қоржынынан бө­лінген қомақты қаражатпен жо­ба басталған. Алайда жұртшы­лық­тың қуанышы су сепкендей ба­сыл­ған. Жарық та, жылу да шағынаудан тұрғындарына жетпей отыр. «Біз өркениеттен мүлде ма­құ­рым қалдық десек те болады. Көп­қабатты үйдің бесінші қабатына күн сайын көмір мен оның күлін тасумен күніміз өтеді. Орталық­тан­дырылған жылу әлі жоқ. Ал осы­мен бірнеше рет ауысқан әкім­дер уәдені үйіп-төккенімен, еш нә­тиже болған жоқ. Жарық баған­дары қойылғалы үш жыл өтсе де, әлі жарық жоқ. Көшелеріміз тас қа­раң­ғы. Жыл сайын көмір сатып алу кәдімгі майдан болады. Өйткені көмір жоқ. Келген көмір лезде тау­сылып қалады. Мәселені айтпаған жеріміз қалмады. Бірақ жергілікті биліктің назарын аудара алмай келеміз», – дейді Нарғыз Қасымова есімді Щучинск қаласының тұрғыны.

Тендер кімдерге тиімді?

Тұрғындардың бірқатары үш жылдан бері жыры бітпей келе жатқан жарық мәселесінің жобасы мердігерлердің шеттен келгенінен деп есептейді. Сондай-ақ бұл жер­де» тендерді жеңіп, қалтасын қалыңдатып тайып тұрды ма?» де­ген қауіптерін де жеткізді. «Щучинскте жарықты жалғай­тын энергетиктер құрып қалды ма? Қостанайдан, Талдықорғаннан мер­дігерлерді шақырудың не қа­жеті бар? Егер мердігерлер өзі­мізден болса, жасаған кемшіліктері үшін жауап алып, бұзылған кемшін тұстарын дереу арада түзетуге бо­лар еді. Ал істерін істеп, тайып тұр­ған бөтендерден қалай сұра­ла­ды? Бі­реулерге тендердің тиімді бо­лып тұрғаны анық», – дейді Галина Гу­байдуллина есімді қала тұрғыны. Бурабай ауданының әкімдігі бар кінә мердігер компаниялардың жауапсыздығының салдары екенін мойындады. Ведомствоның мәлі­метінше, 2019 жылдан бері қала­ның 8 көшесіндегі көше жарығын орнату үшін төрт бірдей жоба жү­зеге асырылған. Алайда арты сиыр­құйымшақталып кеткен жобалар бүгінге дейін созбақталып келеді. «Щучинск қаласының аума­ғындағы сегіз көше, атап айтқанда Трудовая, Коммунистическая, Сей­фуллин, Морозов, Шоссейная, Мичурин және Амангелді көше­лерінде көше жарығының құрылы­сы 2019 жылы басталған. Тапсырыс беруші – Бурабай ауданының құ­рылыс бөлімі. Жобаны «Бурабай жобасы» ЖШС жүргізген. Мемле­кеттік сатып алу порталында өткен конкурс қорытындысы бойынша Талдықорған қаласындағы «АВС элек­трик» компаниясымен келі­сім­шарт жасалған. Бұдан кейін Қостанай қаласынан жеке кәсіпкер «В.Е.Перекальскиймен» субмер­дігер ретінде келісімшарт жасалған. Өткен жылы құрылыс жұмыстары аяқталған кезде мердігер компа­нияға авторлық қадағалау сарап­шысы тарапынан бірқатар ескерту болған. Бірақ бүгінге дейін бұл ес­кертулер мен кемшіліктер жо­йылған жоқ», – дейді Бурабай аудан­дық әкімдігінен.

Әкімдік бөлімі мен мердігер компания соттасқан

Әкімдіктің мәліметінше, мер­дігер ұйым жұмыстың қабылдануы бойынша ескертулерге құлақ ас­пай, керісінше тапсырыс берушіні сотқа берген. Ал ауданның құры­лыс бөлімі ескертулерді жою және келісімшарт міндеттемелерін орын­дауға мәжбүрлеу туралы сотқа қарсы талап-арыз түсірген. Сот істі тапсырыс берушінің пайдасына шешкен. «Сот оң шешімін қабылдады. Заңды күшіне енгеннен кейін мер­дігер ұйымға қатысты санкциялар қолданылатын болады. Қазір пай­далануға беру туралы актінің бол­мауына байланысты бағаналары қағылған көше жарығын электрмен қамтудың ортақ желілеріне қосуды рәсімдеу мүмкін болмай отыр. Ал қаланы жылумен қамтуға келсек, Щучинск қаласында және Горный шағынауданы бойынша жылу же­лілерінің құрылысы жобасы жаса­лып жатыр. Мердігер ұйым Павло­дар қаласынан. Қазір жылу желі­лерін төсейтін трассалар анық­тал­ды. Жобалық-сметалық құжат­та­маларының бөлімдерін әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жа­тыр. Жобалау аяқталғаннан ке­йін желі құрылысына бюджеттік өті­нім берілмек», – деп то­лық­тырды Бурабай ауданы әкімдігінен.

P.S. Әзірге істі соңына дейін жеткізбеген компаниямен дау әлі бітпеген. Ал қарапайым жұрт көп­қабатты үйге көмір тасып, көше жа­рығынсыз қашанға дейін кү­нел­тетіні әлі белгісіз. Істің ақ-қарасы алдағы уақытта анықталуы тиіс...

Ақмола облысы