Азық-түлік бағасы ауыздықтауға келмейді
Азық-түлік бағасы ауыздықтауға келмейді
717
оқылды
Елдің наразылығына азық-түлік бағасының да себепкер болғаны анық. Кейде жұрт құнның айлап емес, апталап өсіп жатқанына шағымданды. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Үкімет бағаны ұстап тұру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған сыңай көрсетті, әлі де ұстап тұруға дәмелі екен. Дегенмен нарық бұл амалдарға көне қоя ма? Жалпы қымбатшылықтың түпкі себебі не?   

Шарықтаған баға елді шаршатты

Жуырда ел билігі азық-түлік бағасын қолдан келгенше тұрақты ұстап тұруға тырысатындарын жеткізді. Дегенмен бағаны тұрақты ұстап тұрған күннің өзінде мемлекет біраз шығынға ұшырайтын тәрізді. Себебі нарық заңдылығы бір бүйірден қыспай қоймайды. Ішер астың қалтаға салмақ бола бастағаны пандемия кезінде анық сезілді. 2020 жылдың желтоқсанында Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында бір жылда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 9,6 пайыз өскенін айтқан болатын. Дегенмен министр бұл құбылысты «әлем елдеріне ортақ, уақытша» деп бағалаған. Бірақ олай болмады. Қымбатшылық жалғаса берді. Былтыр алғашқы 9 айда Статистика комитеті елде азық-түлік тағы 7,4 пайызға өскенін жария еткен. Экономист Мақсат Серәлі елде кедейшілік белең алғанын, кей жұрт табысының 60-70 пайызын азық-түлікке жұмсайтынын, осының бәрі наразылық тудырғанын айтады. Сондықтан маман «жалпы ішкі өнімдегі отандық өнімдердің үлесін кем дегенде 50 пайыздан асырмай, экономикалық қауіпсіздік болмайды» деп отыр. Әйтпесе, мемлекеттің қолданатын шаралары уақытша құбылыс қана болмақ. Әлемдік экономикада халық табысының 50 пайыздан астамын азық-түлікке жұмсайтын болса, кедейліктің көрінісі ретінде саналады. 2021 жылы елімізде әр отбасы азық-түлікке шамамен 319,4 мың теңге жұмсайтыны мәлім болды. Ал біздің көкейде бір сауал: елде осынша табыс таба алатын отбасылардың үлесі қанша?

Құнды ұстап тұра алмаймыз

Ал мемлекет бағаны ұстап тұрудың қандай механизмдерін қолданады? Сауда және интеграция министрлігі бағаны ұстап тұру үшін көбіне «нарық механизмдерін» пайдаланады. Мысалы, министрлік өңірлерде бағаны тұрақтандыру қорларын құрып жүр. Азық-түліктің бағасы арзан болатын маусымда сол қорлар тауарға толады. Баға күрт өсетін аралық маусымда олар тауарды саудаға шығарады. Осылай бәсеке қалыптастырып, бағаның қымбаттауына сәл де болса жол бермеуге тырысады. Екінші механизм – жеңілдетілген қарыз беру. Сауда желілері мен әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілер бағаны ұстап тұруға келіседі. Осы үшін оларға 0,01 пайызбен несие беріледі. Дегенмен мұның бәрі бюджетке артыла беретін жүк. Бұдан бөлек, әкімдіктер ауылшаруашылық жәрмеңкелерін өткізіп тұратынын білеміз. Сауда желілері тауарды ауылшаруашылық өнімдерін өсірумен айналысатын шаруадан тікелей сатып алуы үшін тағы да миллиардтап қаржы бөлінеді. Бұлардан өзге де амалдар бар. Баға негізінен объективті себептерге байланысты өсіп жатқаны шын. Ұлттық валюта бағамы төмендеді. Тауар өндірушілерге өнімін ел ішінде сатуға қарағанда, шетелге шығарған тиімді. Негізі қаржы саласының мамандары бағаны мемлекет тарапынан ұстап тұру тиімсіз жол екенін біраздан бері айтып келеді. Себеп сол – оның барлығына бюджет ақшасы шығын. Құдды, кезінде Кеңес Одағын дағдарысқа ұшыратқан жол тәрізді. Экономист Асылбек Күздеубаев азық-түлікке қатысты қымбатшылық қанша тырысқанмен де, дамушы елдерге ортақ құбылыс ретінде қала беретінін айтады. – Кез келген дамушы мемлекеттің экономикасында болатын құбылыс, үздіксіз процесс. Әрине, дамыған елдерде де болуы мүмкін. Әсері қатты сезілмейді. Алайда бір қауіп бар, онсыз да қымбат дүниенің бағасын қолдан еселеп қымбаттатуы мүмкін. Әйтпесе, халықтың күнкөріс деңгейі одан әрі төмендейді, себебі елдің табысы төмен. Табысы төмен болған сайын экономикадағы айналым қаржы азаяды, ол түрлі саланың дағдарысына әкеледі, – дейді ол. Бұл тұста мамандар бағаның тұрақтануы­нан гөрі халық табысын өсіруге көп көңіл бөлу қажетін айтады. Демек, нарық заңына салсақ, біздегі қымбатшылық тоқтамайды.

Азық-түлік өндірушілердің жағдайы қиын

Былтыр тамызда елдегі азық-түлік өндірушілер шикізат сатып алу үшін мемлекеттен көмек сұрап, дабыл қаққан болатын. Сол кезден-ақ олардың жағдайы аса жетісіп тұрмағаны байқалған. Мәселен, Қазақстандағы 12 құс фабрикасын біріктіретін жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы әлемде құс жемі қымбаттап, тауардың үстіне қосылатын баға бақылаудан шығып кеткенін мәлімдеді. Құс еті мен жұмыртқасына қойылған өзіндік бағаның 60-70 пайызын жем дайындауға қажет өнімге кететін шығын құрайды екен. Бұл өнімдер Қазақстанда өндірілгенімен, бағасы бірнеше есе өскен. Әсіресе, құс шаруашылығында қолданылатын соя мен жүгері бағасы өскен. Қазақстан да аталған тауарларды өндіріп, экспортқа шығарумен айналысады. Тиісінше, әлемдік бағаның өсуі ішкі нарыққа да әсер етіпті. Демек, бір қымбатшылық келесі бір қымбатшылықтың тууына септеседі. Мәселен 2020 жылы Түркістан облысының Ораңғай елді мекеніндегі «Яссы-құс» фермасы өңірдегі құс еті мен жұмыртқаның қымбаттамауын қамтамасыз еткен. Тәулігіне 16 мың дана жұмыртқа шығаратын орын алғашында бағаны барынша көтермеуге тырысыпты. Ферманың жауапты маманы Ғафуржан Дадишевтің айтуынша, 2020 жылдың жартысына дейін жұмыртқаның данасын 27-28 теңгеден өткізген. Иә, баға тиімді. Бірақ баға облыстағы тұрақтандыру қорындағы 8 мың тоннадан астам азық арқылы тұрақтанып тұрған. Ал жаздан кейін бағаны көтеруге мәжбүр болыпты. Себебі құс азығын алуға кететін, қызметкерлердің жалақысына, коммуналдық шығын өтейтін қаржы керек. Ақыры құн өскен соң елдің наразы бола бастайтыны онсыз да белгілі. Жалпы, азық-түлік пен басқа да тауар­лардың қымбаттауы бізде ғана емес, әлем елдерінде болып жатқаны жиі айтылады. Дегенмен өзге елдердің мүлкіне мұқтаж мемлекеттің жағдайы ауыр. Бірақ былтыр өзімізде өндірілетін азықтың 2-3 есе қымбат­тағаны есімізде. Бас қатырар дүние көп, ал сарапшылар алдағы уақытта бағаның реттеле қоярына әлі де сенімсіз.