Жыл басында еліміздің әр аймағында болған толқулар кезінде адам шығыны болып, ғимараттар, өзге де көптеген нысан зардап шекті. Осы уақыт аралығында Қазалы, Арал аудандарының вокзалына ішінде 900-ден астам жолаушысы бар №33 және №77 қос пойыз тәуліктеп аялдап қалды. Ондағы жолаушылар тамақ, дәрі-дәрмек іздеп, жергілікті тұрғындардан көмек сұрады.
Осы орайда «Nur Otan» партиясы аудандық мәслихат депутаттары Арғын Орынбаев, Талғат Әліпбаев, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақов, аудан әкімдігі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Ғалым Сматуллаев секілді азаматтар, вокзал қызметкерлері барлық жайтты бақылауда ұстауға тырысты. Вагондардан ауырып келе жатқан науқастардың тізімін алып, дәрі-дәрмек әкелінді. Стансадағы барлық құрылымдық бөлімшелердегі теміржолшылар арасынан шыққан еріктілер, әкімдік, кәсіпкерлер, жастар және жергілікті тұрғындар күш біріктіріп, вокзал алдында қазан-ошақ құрып, пойызда отырған жолаушыларға тамақ таратып, оларды үздіксіз ас-сумен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті.
Осынау қиын шақта пойыз жолаушылары Қазалы ауданының халқына, еріктілер, әкімдік, кәсіпкерлер, жастар және жергілікті тұрғындарға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.