Отыз мың халыққа жалғыз мектеп!
Отыз мың халыққа жалғыз мектеп!
983
оқылды
Елордадан таяқ тастам ғана жерде тұрған Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер ауылындағы осынша халық бір ғана мектепке қарап отыр. Жергілікті билік жанайқайын айтқан жұртқа жер жоғын айтып шығарып салып келген. Жылдар бойы жауап күткен жұртшылық аудан билігінен еш қайыр болмаған соң облыс әкімдігіне де хат жазған. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Тұрғындардың айтуынша, кезінде жерді оңды-солды таратқандардың салдарынан ел осындай жағдайға тап болған. Енді мемлекет қажеттілігі үшін мектеп салуға жер жетпей, іс аяғы даулы мәселеге айналған. ОБСЕ ша­ғынауданындағы жұртшылық мектепке жарымай келе жатқанын айтып, билік ба­сындағылардың табалдырығын тоздырғ­ан­дарына бірнеше жылдың жүзі болғанын айтады.

Сыз тартқан мектеп 30 мың халыққа қызмет етеді

«Талапкер ауылының ОБСЕ шағынау­данына қашан мектеп салатынын күте-күте сарғайдық. Бәрін үнемі неге жалынып-жал­барынып сұрау керек? Жергілікті биліктегілер жердің жоғын айтады. Бұл үшін кім кінәлі? Мемлекет қажеттілігі үшін жерді тартып алса да болады ғой?!. Міне, 30 мың халық тұрып жатса да, соған жалғыз мектеп қызмет етеді. Оның өзі өмірі сыз тартып тұрады. Жарықтың өзін айғайлап жүріп зорға қой­дыр­дық. Соның өзінде шағын ауданның бә­ріне шамдар ілінсе де, тек бір ғана көшенің шамы жанады. Жолды бастап жасағанымен, оны да орта жолдан тастап кеткен. Мұны қа­лай түсі­не­міз», – дейді Та­лапкер ауылы ОБСЕ ша­ғынауданы тұрғыны Мейір Ақжанов. Ауыл тұрғындары әлеуметтік мәселелер туралы талай мәрте биліктегілерге жеткіз­генімен нәтижесі болмай жатқанын жеткізді. Ой-шұңқыры шығып жұртты ығыр еткен жолдардың жыр болғанына да талай уақыт өткен. Ал мектеп мәселесі ақылға қонбайды. Өйткені білім ордасы салатын жер же­кеменшік иесіне тиесілі болып шыққан. Ал оны жергілікті билік әлі күнге ала алмай келеді.

Мектеп жоспарланған жер жекеменшікке тиесілі

«Қазір Талапкер ауылында 600 орындық екі мектептің құрылысына жобалық-сме­талық құжаттама жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның бірі дәл сол ОБСЕ шағын­ауданында жоспарланып отыр. Жобалық ұйым – «Ремстройпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Өткен жылдың мамы­рында 48 миллион теңгеге келісімшарт жа­салған. Техникалық шарт беріліп, эскиздік жобалары әзірленіп, жер учаскесін рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – делінген Целиноград ауданы әкімдігінің ресми жауабында. Алайда бұл мектеп салынуға тиісті болған жер «Талапкер ЖТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жекеменшігі болып шыққан. Арадағы тартыс сотқа жетіп мемлекеттік қажеттілік үшін жер учаскесін тартып алуға талап арыз берілген. «Қазір іс соттың қарауында жатыр. Мем­лекеттік қажеттілік болғанымен жер учас­кесін тартып алудың өзінің процедуралары ұзақ уақытқа созылады. Алтыншы қаңтарға белгіленген сот отырысының уақыты кері шегеріліп, ақпанның біріне белгіленген. Сот процестері бітіп, одан жобалық жұмыстар жүргізу жұмыстарымен мектептің құрылысы 2023 жылы басталады ма деп отырмыз», – дейді Целиноград ауданы әкімдігінен.

Жолға бөлінген миллиардтар неге жетпейді?

Ал жолдардың құрылысына қатысты әкімдік жөндеу жұмыстарын ешкімнің тас­тап кетпегенін айтып ақталды. Әкімдіктің мә­ліметінше жұмыстар жергілікті қауым­дас­тықпен бекітілген кестеге және қаржы­лан­дыруға сәйкес жүргізілген. Өткен жылы басталған «Талапкер ауылының ішкі жолдары мен кірме жолдарын күрделі жөндеу» жобасын жүзеге асыру бойынша 27,4 шақырым жол жөндеу басталған. «Мердігер компания болып «АБКАвтодор НС» компаниясы болған. Жергілікті қауым­дастықтың 2020 жылғы шешімі бойынша республикалық трассаға шығатын жолмен бірге 8 көшенің 3,9 шақырымына асфальт төселді. Өткен жылы жобаны жалғастыруға бюджет қоржынынан 938,4 миллион теңге бөлініп, ауылдың Қабанбай батыр, Ке­несары, Ғабдуллин, Мәметова, Наурызбай, №35, Тәуелсіздік, Ырғыз, Сейфуллин, Бей­бітшілік, №67, №68, Әл-Фараби, Достық, Уәлиханов көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жобаны толығымен жүзеге асы­руға биыл бюджеттен 1,5 млрд теңге қарас­тырылған. Алғашқы кезекте қай көшелерге асфальт төсеу қажеттілігі тағы да жергілікті қауымдастықпен анықталмақ», – деп толықтырды Целиноград ауданы әкімдігінен. Бірақ ауыл тұрғындары мұнымен де келіспейтіндерін алға тартты. Олардың айтуынша жол жөндеу жұмыстарында кемшін тұстар көп. Бордюрлер мен белгілер, сондай-ақ жарықтар қойылмаған. «Сегіз көше деп қалай ғана айтасыздар? Бордюрлер қайда? Жол белгілері мен жа­рықты кім қойды? Жолдың қалай және қайда салынатынын әкім шешпейді емес пе?!. Міне, біздің ОБСЕ шағынауданында 1000 тонна қиыршық тас төсеу керек болған. Соның 600-і ғана төселген. Қалған 400-і қайда кетті? Жеті жылдың ішінде еш нәрсе өзгерген жоқ. Талапкерде тіпті уақыт тоқтап қалған сияқ­ты. Мектебімізде ине шаншар жер қалмаған. ФОК сияқты ешқандай әкім­шілік ғимараттар жоқ. Ал сонымен қоймай бюд­­жет­тен көбірек қаржы бөлінуі үшін адамдар­дың осында тіркелуін сұрайды. Бұл не сұм­дық?», –  дейді ауыл тұрғыны Жанарбек Ас­хап. Оның сөзін көрші-қолаңдары да қолдап отыр.

P.S. Сонымен, әзірге елорданың тап іргесінде тұрса да, талапкерліктердің талабы таусылар емес. Жолдары жөндеуді, мектебі тез арада салуды қажет етеді. Ал жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, мәселе шешімін табу үшін әлі де біршама уақыт қажет көрінеді…

Ақмола облысы