Алматы әсем қалпына қашан оралады?
Алматы әсем қалпына қашан оралады?
343
оқылды
5 қаңтарда басталған жаппай тәртіпсіздік пен түрлі террорлық әрекеттерден зардап шеккен Алма­ты­ның тыныс-тіршілігін қалпына келтіру шаралары жалғасып жатыр. Мегаполисте барлық саладағы қызметтер қайта жандана бастады.  Бұл  туралы қала әкімі Бақытжан Сағын­таевтың төрағалығымен өткен штаб отырысында түрлі құры­лымдар мен басқарма басшылары жасаған баяндамалардан білдік.

Әкімдік ғимараты – 20 млрд теңге

Дүрбелең кезінде елді елең еткізген оқиғаның бірі – қалалық әкімдіктің отқа орануы. Салдарынан ғимарат жарамсыз болып қал­ған болатын. Осы сұраққа әкімнің орынбасары Илияс Өсеров жауап берді. Оның айтуынша, аталған ғимаратқа келген шығын көлемі – 20 миллиард теңге. Яғни, қайта қалпына келтіру үшін осындай қаражат кетеді деген сөз. Өсеров мырза қаладағы бүлінген басқа да мемлекеттік маңызы бар нысан­дар­дың тізімі мен келтірілген шы­ғын көлемін тізіп шықты. Мәселен, әкімдіктен бөлек қалалық  про­куратураға  2 млрд теңге, Полиция департаменті мен соған қарасты бірнеше басқармаға  205 миллион теңге көлемінде шығын келсе, оған қоса  қала шетіндегі экологиялық бірнеше постқа 163 млн  және медициналық  нысандарға 2 млн теңгенің залалы келгені анық­талған. Аталған нысандарға келген залалдың  жалпы құны  – 22,6 млрд теңге. Осы жерде айтылған нақты­ланған бір деректі айта кетсек. Соңғы есептеулер бойынша Алматы экономикасы   112,6  млрд теңге зардап шегіп отыр. Оның 67 миллиарды бизнес субьектілеріне тиесілі. Атап айтқанда, шағын және орта бизнес нысандары 42 млрд теңге шығынға батса, ірі кәсіп­орындардың шығыны – 25 млрд теңге. Сондай-ақ қаржы ұйымдарында (банк бөлімшелері мен банкоматтар) 701,7 млн теңгенің мүлкіне залал (ұрланған, бүлінген) келген.

Метро жұмысын бастады

Төтенше жағдай жарияланғалы бері тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жұмысын уақытша тоқтатқан «АлматыМетро»  қыз­меті аптаның алғашқы күнінен бастап өз қызметін бастады.  Сондай-ақ бүгінде барлық 151 бағыт бойынша 1600 қоғамдық көлік таңғы 8.00-ден кешкі 21.00-ге дейін тұрғын­дарға қызмет көрсетіп жатыр.Қалалық мобилді басқарма­сының басшысы Ғани Мырзахановтың айтуынша, тәр­тіпсіздік кезінде жалпы саны 28 жолаушы таситын автобустарға түрлі дәрежеде зақым келген. Бүгінде оның 16-сы қалпына келтірілсе, қалған 12 көлік қаңтар айының аяғында тұрғын­дарға қызмет көрсетуге шығады. Тәртіпсіздік кезінде  қоғамдық көліктердің өзімен бірге түрлі автопарк нысандарына да зақым келген. Жалпы саны 43 автобус павильоны бүлінген. Оның 23-і жөнделіп, қалғанын қалпына келтіру жұмыстары  қаңтар айының соңына дейін аяқталмақ. Әкімдіктің берген дерегінше, сол күндерде 121 түрлі жол белгілері мен 46 бағдаршам бүлініп істен шықса, бұл күнде оның барлығы  толықтай қалпына келтіріліп үлгерген. Сонымен қатар Алматы халықаралық әуежайы да штаттық режимде өз жұмысын атқарып тұр.

Дәрі-дәрмек қоры екі айға ғана жеткілікті

Тұрғындар үшін азық-түліктен кейінгі ең қажетті әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына дәрі-дәрмектер жататыны белгілі. Штаб отырысына қатысқан шенді­лердің сөзінше, бүгінде қалада 975 дәрі­хананың 920-сы штаттық режимде қызмет көрсетіп тұр. Олардың барлығы қажетті дәрі-дәрмектермен және меди­циналық бұйымдармен қамтамасыз етілген. Қала­лық кәсіпкерлік және инвестициялар бас­қармасының басшысы Еркебұлан Ора­залиннің сөзіне сенсек, бүгінде  Алма­тыдағы фармацевтикалық қоймаларда екі айға жететін 15,5 млн бірлікті құрайтын дәрі-дәрмек қоры бар екен.Шенеунік бұл көлем қаладағы осы өнімдерге тапшы­лықты азайтатынына сенімді екенін жеткізді.

37 пәтерге зақым келген, бірақ әзір жөнделмейді

Тәртіпсіздіктер кезінде қаладағы орталық алаңға жақын тұстағы Назарбаев - Сәтбаев көшесі қиылысындағы тұрғын үйлердегі  37 пәтерге зақым келген. Қала әкімінің  орынбасары Мұхит Әзірбаевтың баяндауынша, бүгінде аталған 37 пәтер толық тексерілген. Оның айтуынша, арнайы мамандар залал келген жерлерді есептеп жатыр, оған бірнеше күн кететін көрінеді. Өкініштісі, одан кейін де пәтерлерді жөндеу жұмыстары басталып кетпейді.   Себебі тергеу шаралары бітпеген. Әзір­баевтың айтуынша, бұл туралы тұрғындар мен ПИК-ке хабарланып қойған. Мегаполис басшысының сөзіне сенсек, бұл шығындар жергілікті бюджет есебінен қалпына келтірілетін болады.

Сағынтаевқа қойылмаған сауалдар

Штаб отырысын  БАҚ өкілдері монитор арқылы ғана тамашалап отырды. Бір топ журналистің қала әкімінен  жауап алармыз деген үміті ақталмады. Әкімнің баспасөз хатшысы ол кісінің шықпай­тынын, кесте бойынша тағы да жиналыстары бар екенін айтты. Қорыта келгенде, Алматы өзінің бұрынғы айшықты күндеріне қайта оралуы үшін алғашқы қадамдар жасалып жатқаны байқалады.   Шығын көлемі де аз емес. Шаш етектен деуге болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен қала басшылығына бірлесе әрекет ете отырып,  мегаполисті қалпына келтіруге 6 ай уақыт берген болатын. Президент тапсырмасы қаншалықты тиянақты орындалары уақыт еншісі мен жауапты шенеуніктердің іскерлігі мен біліктілігіне  байланысты болмақ.

Алматы