Қолқаны қапқан иіске шыдап жүр
Қолқаны қапқан иіске шыдап жүр
394
оқылды
Көкшетаудың тап іргесіндегі Краснояр ауылындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары кәріз жүйесінің зардабын жылдар бойы тартып келеді. Мұнда кәріз салынбақ тұрмақ, кәріз жүйесі де мүлдем жоқ. Жылдар бойы биліктің табалдырығын тоздырғанымен, тұрғындардың ащы жанайқайы шешілмей тұр. Ал кәріз жүйесін салатын қомақты қаражат бюджет қоржынынан бөлінбеген. Үйлердің жанына салынған септиктер аз уақытта толып қалып, тіпті құбырлары жарылып, нәжіс төгілетін уақыттар жиі болады. Сасық иістен шаршаған тұрғындар жақында мәселені тағы бір рет қалалық мәслихат жанындағы қоғамдық кеңесте көтерді.

Мұз айдынына айналған...

Ауылдағы Целинная, Абай, Новоселов көшелеріндегі қос қабатты үйлердің тұрғындары жарылғыш құбырларды өздері қаражат шығарып, жамап-жасқайтынын айтады. Халық қала және облыс әкімдігіне шағымданғанымен, құрғақ уәдеден аспай тұрғанын жеткізді. «Орталықтандырылған кәріз жүйесі мәселесін сонау 2012 жылдан бері көтеріп келеміз. Кеңес уақытында салынған кәріз сорғылық стансасы болған. Бірақ қазір көп үйлер одан ағытылып қалған. Жетпістен астам үй қазір кәрізсіз отырмыз. Оған осыдан үш-төрт жыл бұрын салынған жаңа үйлер де қосылды. Бұған дейін 20 жылдан астам су мен жылу да болмаған. Оны айқайлап жүріп зорға қойдырдық. Септик құдықтарын екі-үш үйден бірігіп өз күшімізбен қазғанбыз. Кәріз болмағандықтан, септиктер жиі толып кетеді. Әбден шіри бастаған құбырлар да шыдамай жарылып кетеді. Ондай кездері сасық иістен мең-зең боламыз. Үйлердің, аулалардың алдына дейін жайылып кетеді. Көле­мі 8-9 куб үлкен көліктерді шақыртамыз. Оның өзі бір рет тазалағаны – 3500 теңге. Ай сайын төрт-бес мүшесі бар отбасы кемінде 5-6 мың теңге шығарады. Қалалық, ауылдық әкімдікке, тіпті облыс әкімдігіне де кіріп, талай мәрте арызданып хат та жаздық. Бірақ құрғақ уәдеге тойып болдық» – дейді қоғамдық кеңестегі азаматтық қабыл­дауда сауал қойған Краснояр ауылының тұрғыны Айман Әлиева. Тұрғындар қалалық құрылыс бө­ліміне барып, жағдайды білмек болған. Бірақ олар сметалық құрылыс жобасы әзірленіп жатқанын айтып, шығарып салған. «Ма­мандардың көшелердегі ескі құбыр­лардың қайда екенін білместен сурет салғандары қалай?» дейді тұр­ғындар.

Бөлінген миллиардтар қайда кетті?

«Кеңес кезінде салынған құбырлардың қалай өткенін бұрынғы қызмет еткен адамдар, тұрғындар біледі ғой. Бәлкім ескі кәріз сорғы стансасына қосымша сорғы орнатып қосуға да болар ма еді. Ал ескі құбырлар өткен жерлерді тексеріп келген бір адам болмады. Ал өткен жылы бұрынғы қала әкімі Амангелді Смайылов «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 2 млрд 800 миллион бөлініп мәселе­леріміздің шешетінін айтқан. Өткен қыркүйекте Көкшетауға жаңа әкім бол­ған Бауыржан Ғайса келіп көрген. Ақша бөлінетінін, кәріз жүйеміздің салынатынын айтқан. Алайда әлі күнге еш өзгеріс жоқ», – дейді Айман Ғазизқызы.

Қомақты қаражат қажет

Мәселені тұрғындардан бөлек қалалық мәслихат депутаттар да бірнеше мәрте көтеріпті. Депутаттар кәріз жүйесін салуға қомақты қаражатты қажет етіп отырғанын айтқан. иіс Краснояр ауылы «Бұл өткір әрі күрделі мәселе болып отыр. Тұрғындармен қатар Краснояр ауылында кәріз жүйесін салу депутаттық корпуспен де бірнеше мәрте көтерілген. Орталықтандырылған кәріз жүйесі мұнда ешқашанда болып көрген жоқ. Мен тағы бір мәрте депутаттық сауал жолдаймын. Алайда аталған жайт бір күнде шешіле қалатын мәселе емес. Өйткені оған қомақты қаражат салынуы тиіс. Мұнымен қоса толығымен кәріз сорғылық станса­сының құрылысын да жүргізу қажет. Ал құрылыс аяқталған соң оны Көкшетау қаласының кәріз жүйесімен біріктіру керек. Дегенмен аталған жағ­дайды біз көтеретін боламыз», – дейді Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Рүстем Қалышев.

Әлі дайындалып жатыр

Аталмыш мәселеге орай, бірден Краснояр ауылы әкімдігінен хабарласты. Әкімдіктегілер кәріз жүйесінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзір­леніп жат­қанын жеткізді. «Иә, кәріз жүйесі мәселесі бар. Қазір жобалық-сметалық құжаттамалар жасалып жатыр. Оны толығырақ құрылыс бөлімінен біле аласыз», – деді Краснояр ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Алмат Мұқышев. Мәселені құрылыс бөлімінен толы­ғы­рақ білмек болдық. Олар да жобалық-сметалық құжаттаманың жасалып жат­қанын айтып ақталды. «Өткен жылғы мәслихаттың екі бірдей сессиясында ақша бөлінген жоқ. Қазір «Тау-Проджект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен кәріз жүйесінің жобалық-сметалық құжат­тамасы жасалып жатыр. Техникалық шарттары жүр­гізіліп жатыр. Жер учаскелерін рәсімдеу болып жатыр. Дегенмен әлі сараптамадан өткен жоқ. Жо­ба­­лық-сметалық құжаттама жасал­ған соң келер жылы бюджеттік өтінім бер­мекпіз. Егер қаражат бөлінсе, құ­рылыс жұмыстары басталуы тиіс», – дейді Көкшетау қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айдын Жеңіс.

P.S.

Жергілікті билік жобалық-сметалық құжаттаманың жасалып жатқанын айтып созбақтады. Әңгімеден құрылыстың ауылы алыс екені анық байқалды. Ал он жылдан астам уақыттан бері кәріз жүйесін сұрап жүрген жұрттың әлі қанша уақыт төгілген нәжістен зардап шегетіні белгісіз...

Ақмола облысы