Төтенше жағдай режимі кезінде астанада 7 қару тәркіленіп, есірткіге қатысты 11 қылмыстың жолы кесілді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті хабарлады.
«Бүгін төтенше жағдай режимі мен коменданттық сағат аяқталды. Төтенше жағдай режимі кезінде тексеріс барысында 7 қару, оқ-дәрілер және 72 суық қару тәркіленді. Сонымен қатар есірткіге қатысты 11 қылмыстың жолы кесілді. Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 651 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың ішінде өрескел заң бұзушылыққа барған 42-сі қамауға алынып, 198-іне айыппұл салынды. қалғанына ескерту берілді. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 76 шетелдік азамат елден шығарылды», – деді департамент басшысы, генерал-майор Ержан Саденов.