Қазақстанда жаңа утилизациялық алым сомасы ақпан айында бекітіледі
Қазақстанда жаңа утилизациялық алым сомасы ақпан айында бекітіледі
350
оқылды

Утилизациялық алымның коэффициенттерін қайта қарау ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды, – деп хабарлайды ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі.

«2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату алымын жүргізу және кәдеге жарату алымына иелік етуді тоқтату жөнінде іс-шаралар қабылдауға тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау аясында 2022 жылғы 18 қаңтарда ҚР Үкіметі «Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдардың кейбір мәселелері туралы» қаулы қабылдады. Осыған байланысты өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып мемлекеттік ұйым ретінде «Жасыл даму» акционерлік қоғамы айқындалды. «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату алымын әкімшілендіру және тиісті қаражаттарға билік ету бөлігіндегі қызметі тоқтатылды», – деп атап өтті министрліктен.
Ведомство мәліметінше, бүгінгі күні тиісті уәкілетті органдар активтерді мемлекеттік меншікке беру, уәкілетті органдардың қорытындыларын ұсыну, «Жасыл даму» АҚ балансына беру, акционерлік қоғамды әділет органдарында қайта тіркеу және басқа да іс-шараларды қабылдауда.
«Утилизациялық алымның коэффициенттерін төмендету мәселесі бойынша ҚР Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кәдеге жарату алымының коэффициенттерін қайта қарау бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Бұл мөлшерлемелер осы жылдың ақпан айының соңына дейін қаралып, бекітіледі. Жоғарыда көрсетілген жұмыс тобының қызмет нәтижелері туралы ақпарат министрліктің интернет-ресурсында орналастырылады. Көрсетілген уақытқа дейін кәдеге жарату алымы «Жасыл даму» АҚ операторына қолданыстағы мөлшерлемелер бойынша төленуде», – делінген министрлік ақпаратында.