Биыл қаңтарда жылжымайтын мүлік порталында тұрғын үй сату туралы хабарландыру саны көбейді. Krisha.kz хабарландырудың көбею себебін түсіндірді.
Порталдың хабарлауынша, оған елде болған халық наразылығы мен тәртіпсіздіктердің қатысы жоқ.
"Жыл сайын қаңтарда осылай белсенділік артады. Себебі жаңажылдық мерекелерде мамандар мен жылжымайтын мүлік иелері демалып, жұмыс күндері басталғанда іске кіріседі. Дегенмен биыл хабарландырулар интернеттің болмауынан әдеттегіден кеш салынды", – деп мәлімдеді Krisha.kz.
Жылжымайтын мүлік порталының мәліметінше, қазір Алматыдағы үйлердің шаршы метрі 625 мың теңгеден сатылып жатыр, бұл бір ай бұрынғыдан 1,6%-ға қымбат.
Krisha.kz сарапшыларының айтуынша, қаңтардағы оқиға Қазақстандағы жылжымайтын мүлік нарығына айтарлықтай әсер етпеді.
Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтің айтуынша, құрылыс саласы түбегейлі өзгеріске ұшыраған жоқ.
"Себебі өңірлерде құрылыс жалғасып жатыр. Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде нысандардың құрылысы тоқтатылды. Бірақ алдағы аптада бәрі қалыпты жұмысына оралады", – деді сарапшы.
Экономист, DM Technology атқарушы директоры Эльдар Шамсутдиновтің айтуынша, жылжымайтын мүлікке сұраныс бірнеше айға айтарлықтай азаяды. Себебі көпшілігі қомақты қаржысын елдегі жағдай түгейлі тұрақтағанда ғана жұмсауға дайын болады екен.