Партиялар мен сайлау туралы заң жобаларын мақұлдады
Партиялар мен сайлау туралы заң жобаларын мақұлдады
283
оқылды
Мәжіліс депутаттары Палата Спикері Нұрлан Нығматуллиннің төрағалығымен өткен жалпы отырысты бірнеше заң жобасын мақұлдады. Олардың арасында сайлауға, саяси партиялар мен Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қатысты заң жобалары бар. Депутаттар алдымен Еуразиялық эко­номикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Алайда бұл хаттама тұтас одақ жұмысына қатысты емес, ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бөлігі жайлы еді. Хаттаманың мақсаты – электр энергиясын өндірушілер мен тұтынушылардың, сондай-ақ Одақ ОЭЭН-інің басқа да субъектілерінің экономикалық мүдделерінің теңгерімін сақтай отырып, Арменияның, Беларусьтің, Қазақстан­ның, Қырғыз Республикасының және Ресейдің ұлттық электр энергиясы нарықтарын интеграциялау арқылы Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын (бұдан әрі – Одақ ОЭЭН-і) құру. Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жо­ба­сын талқылау кезінде Еуразиялық эко­номикалық одақтың бірыңғай энергетикалық жүйесін құру кезінде Қазақстанның мүддесі ескерілуі керек екенін айтты. Мәжіліс Төрағасы заң жобасын әзірлеуші Энергетика министрлігінің назарын ортақ нарыққа қатысушылардың өзара қарым-қаты­насына қатысты ережелерді құрудың маңыз­дылығына аударды. Спикер: – Бірыңғай энергия жүйесін құру ол, әрине керек нәрсе. Оған ешқандай күмән жоқ. Ол бәсекеге қабілетті арттыру үшін керек. Сонымен бірге осы секторды дамытуға жол ашады. Бірақ бірыңғай энергия жүйесін құрғанда, ең бастысы өз еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін сақтап қалуы­мыз керек. Ол – өте манызды мәселе, – деді. Бұл ретте Нұрлан Нығматулин еліміздің энер­гетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жеке энергетикалық қуаттарды дамытуды талап ететінін атап өтті. Осыған байланысты энергия көздеріне толық техникалық аудит жүргізіп, елімізде 40-50 жыл және одан да көп жұмыс істеп тұрған негізгі өндіруші қуаттарды жаңғырту бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Заң жобасы Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін әзірленді. Заң жобасын қабылдаудың мақсаты – биліктің өкілді тармағында әйелдердің және жастардың, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың да қатысуын қамтамасыз ету және пікірін ескеру, оларды мемлекеттің тыныс-тіршілігінде белсенді жұмысқа тарту. Сондай-ақ жалпы отырыста «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Заң жобасын квоталанатын санаттарды оған мүгедектігі бар адамдарды енгізе отырып кеңейтуді көздейді. Әйелдерді, жастарды және мүгедектігі бар адамдарды елдегі саяси мәселелерге белсенді тарту заң шығару процесінде қоғамдағы проблемалық мәселелердің шешу жолдарын ескеруге мүмкіндік береді.