Қару ұстау қауіпсіздік кепілі ме?
Қару ұстау қауіпсіздік кепілі ме?
604
оқылды
«Қаңтар трагедиясынан» кейін Ішкі істер министрлігі халықты тү­бегейлі қарусыздандыруға көшкен­дей. Қолда бар қаруын өткізбеген­дер жазаланатынын да қоса айтты. Онсыз да қоғамда «қару ұстауға рұқ­сат беру керек пе?» деген сауал өзекті еді. Бұл мәселеге қатысты елдің пікірі бұрыннан екіге жарыл­ған. Бірі қару ұстау мәдениеті қа­лып­таспағанын, кез келген адамға оң­ды-солды қару берсек, қылмыс кө­­бейетінін айтса, екіншісі өзін-өзі қорғау үшін халықта қару болуы керек дейді. Осы екіжақты ойдың ешбірін негізсіз дей алмаймыз.

Министрлік «қылмыстың алдын алумен» әуре

Негізі, халықты қарусыздандыру процесі бүгін басталған дүние емес. Ішкі істер министрлігінің ұстанымы әуелден айқын: қару – қауіпсіздік кепілі емес. Халықтан қару сатып алу, яғни ел ара­сынан қару жинау 2008 жылдан бастап іске асты. 2021 жылғы дерек бойынша, содан бері 53 мыңнан астам дана қару-жарақ жиналып, республикалық бюд­жеттің 1,7 млрд теңгесіне 2 миллионнан астам па­трон алыныпты. Дегенмен құ­зырлы орган­дар мұны қанағат тұтпады. Былтыр көк­темде Ішкі істер министрлігі қазақстан­дықтарға заңсыз сақталған қаруды тап­сырып, ол үшін ақша алуға тағы бір мүм­кіндік берді. Ол үшін респуб­ликалық бюд­жеттен 95 миллион теңге бө­лінді. Ведомство тым ескі, тозған қару­ға 30 мың теңге, жақсы сақ­талған қару үшін ең жо­ғары баға – 300 мың теңге төледі. Бірақ тір­келген қаруға ақы бер­меді. Соған қар­ағанда жауапты орган ел ішінде жасырын жат­қан қарулардан сескенген. Кім білсін, қыл­мыстың кө­беюіне себепкер болады деген шығар. Ал осы жолғы елдегі жаппай бүліктен кейін Ішкі істер министрлігі «сыпайы­лық­ты» ұмытты. «Ақы төленеді» деп отыр­ған жоқ, тұрғындар заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәріні, жарылғыш заттарды өз еркімен тапсыруы тиіс екенін айтып, талап қойды. Азаматтар соның есесіне қылмыстық және әкімшілік жауап­кершіліктен босатылады екен. Үн­деуінде министрлік бұл амал арқылы жа­за­тайым оқиғалардың алдын алаты­нын ескертіпті. Егер қаруды заңсыз сақ­тағандар анық­талса, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Әрине, біз министрліктің бұл амалын құптамаудан аулақпыз. Егер мәселе қыл­мыстың алдын алуға тіреліп тұрса, орын­ды әрекет екені анық. Елімізде заң­сыз сақталған қару арқылы соңы адам өлімі­мен аяқталған қылмыстар жетерлік. Мә­селен, былтыр Қостанайдың Лисаковск өңірінде көршілер арасында жанжал шы­ғып, соңы екі адамның өлімімен бітті. Ашуын тізгіндей алмаған зейнеткер заң­сыз сақталған аңшы мылтығынан оқ атып, көршілерін «жайратып» тастаған. Айт­пақшы, елімізде атыс қаруын қолдану арқылы жасалған қылмыстардың барлы­ғы ішкі істер органдарында тіркеуге алын­баған екен, себебі көбі заңсыз айна­лым­дағы қару-жарақтардың кесірінен болады. Оның үстіне, Ішкі істер министрлігі елдің ішінде қару онсыз да көп екенін айтып жүр. 2019 жылы елімізде 200 мың­нан астам аңшы бар екені анықталған, олардың әрбірі бір ғана емес, кемі 2 мыл­тық ұстайды екен. Ал қаруды заңды түрде ұстайтындарға қатысты әңгіме басқа. Заң бойынша, ішкі істер органдарынан нақты қару түрін иемденуге рұқсатты 18-ге тол­ған кез келген азамат ала алады. Рұқсат мерзімі – бес жыл. Ал атыс немесе аңшы­лық қаруды аңшы куәлігі барлар ғана ұстай алады. Талапқа сай әр азамат­тың ие­лігіндегі аңшылық қарудың, газды та­пан­ша, тіпті электрлі қарудың саны да екеуден аспауы керек.

Қарусыздандыру – екіұшты мәселе

Енді екінші тараптың пікірін талдап көрсек. Қару қылмысқа бастама болуы мүм­кін екен. Бірақ ол қауіпсіздік үшін де қажет, мұны жоққа шығара алмаймыз. Әуелі мына сұраққа жауап берсек: халық­та мұнша қару қайдан жүр? Ішкі істер министрлігінің дерегіне сенсек, әдетте қазақстандықтарда жүрген қарудың басым бөлігі мұра болып қалған. Одан бөлек, тіркеу бойынша шектеулер енгізілгенге дейін табылған не сатып алынған қару­ларды үйінде заңсыз сақтайды. 2013 жылы Мәжіліс депутаттары «Аза­маттық тұлғаларға қазақстандық заңдар бойынша өзін-өзі қорғау құрал­дарына қатысты травматикалық қаруды иеленуге тыйым салатын» түзетулерді қабылдады. Бұл түзету қоғамда бір жыл бойы талқы­ланып, қарсылық тудырғаны есімізде. Сарапшылар травматикалық қаруға тыйым салу елдегі қылмыстық ахуалды ушықтырып жіберуі мүмкін екенін айтты. Себебі травматикалық қару арқылы жа­салған қылмыстардың 90 пайызы тіркел­меген «тапаншамен» жасалған. Сон­дықтан ІІМ-нің халықтан травматикалық қаруды қайтарып алу акциясы заңға ба­ғынатын азаматтарды қарусыздандырып, ал қыл­мыскерлердің қаруды жасырып қалуына септескендей көрінді. Мысалы, 2015 жылы Қазақстанда травматикалық қаруы бар 38 мың адам тір­келген. Билік науқан кезінде 20 мың­нан аса қаруды қайта сатып алып, ал қал­ғаны иелерінің қолында қалған. Әй­теуір, қауіпсіздік қыз­меткерлері бұл кри­ми­но­гендік жағдайдың жақсаруына әке­леді деп сендіріп, жағ­дайды ақтап алды. Сонау 2010 жылы «Ішкі істер орган­дарының қоғамдық қауіпсіздікті қам­та­масыз ету саласындағы қызметін жетіл­діру мәселелері бойынша кейбір заңна­малық актілерге өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заң бұрын қолда­ныста болған «5+5» нормасын (бір адам­­­ның қолында аңшы қаруының ең көбі бес данасы болуы) «2+2»-ге дейін төмендетті. Яғни, аңшылардың қаруы азайды. Ал халықтың қолындағы қару тәркіленді. Тәркіленді демеске шара жоқ, себебі қаруды министрлік халықтың өз салығына, нарықтағы бағадан 3-4 есе кем құнына сатып алған. Ал заңгер Абзал Құспан ха­лықты «жаппай қарусыз­дан­дыру» қауіп­сіздік жайын ұмыт қылғанын айтады. – Қару-жарақтың «сақтау ережесі» деген болады. Қаруды тәркілесін, егер құқық қорғаушылар елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алса. Бірақ олай болған жоқ. Мейлі, енді қауіпсіздік жайына тереңірек барсақ. Кез келген мемлекетте «Әскери доктрина» болуы тиіс. Бізде жасалмады. Онда «ықтимал қарсылас» деген түсінік болады. Еліміздің геосаяси ор­наласу аймағы күрделі. Халықтың қауіп­сіздігіне жауап берер өз шамасы болуы қажет. Тағы бір жайт – Қазақстанда қару сататын дүкен иелерінің 100 пайызы ре­сей­лік азаматтар. Әскери ұйымдардың жат­тығуында да солар жүреді. Ал бізде қа­ру ұстай алатын азаматтар аз. Кеңес Ода­ғы кезінде мектеп қабырғасынан бас­тап қару ұстауға тәрбиелейтін. Қыл­мыс өз алдына, қауіпсіздікке келгенде жаппай қарусыз­дандыру процесіне қарсымын, – дейді ол.

Шетелде қалай?

Бұл тұста әлем елдерінің тәжірибесін ескерусіз қалдыруға болмас. Жалпы, дүниежүзінде қару ұстауға рұқсат берген елдердің қатары көп емес. Бәрінде де белгілі бір тыйымдар бар. АҚШ, Бра­зилия, Швейцария мен Эстония – қару ұстауға рұқсат берген елдер. Аталған ел­дер бұл мәселеге қауіпсіздік жағынан қараған сыңайлы. Бірақ өзіндік себептері бар. Мысалы, Бразилияда қылмыскерлер шамадан тыс көбейіп, қоғамға қауіп төндіре бастаған соң 2005 жылы халыққа қару ұстауға рұқсат берді. Ал АҚШ аза­маттар қаруды ретсіз қолданбайтынына сенген. Себебі қаруы бар адам өзгеде де барын біледі, қылмысқа бармайды, қоғам қауіпсіз жүреді деп есептеген. Осы ар­қылы қарудың заңсыз айналымы шек­телетініне сенген. Әйтпесе, халық қаруды заңсыз ұстаудың жолына көшеді-міс.

ТҮЙІН:

Үйінде қару ұстағандардың барлығы да қылмыскер емес шығар. Бірақ осындайда А.Чеховтың «Егер пьесаның бірінші ак­тісінде қабырғада мылтық ілулі тұрса, онда соңғы актіде міндетті түрде атылуы керек» деген ойы еске түседі. Қолдағы қару, әйтеуір бір атыл­май қоймас. Елімізде қарудың кө­лең­келі айналымы туралы деректердің болмауы құқық қор­ғаушыларды алаң­да­татын сияқты. Қару тәркілеудің екіжақты мәселе екенін айттық. Алғашқысы қыл­мысты азайтуға септесер болса, келесісі азаматтардың қауіпсіздік жайын ұмыт­тырады. Сон­дық­тан бұл мәселе алдағы уақытта да өзекті күйде қалып, талқылана беретін тәрізді.