Маман – қат, материал – қымбат
Маман – қат, материал – қымбат
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
553
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында соңғы бес жылда құрылыс көлемі екі есе артты. Құрылыс саласынан түсетін салық көлемі бір жарым есе ұлғайды. Бүгінде салынып жатқан нысанда 5 000 құрылысшы жұмыс істеп жүр. Бұл 2017 жылғымен салыстырғанда екі есе көп. Дегенмен әлі де құрылысшы мамандар жетіспейді. Әрі құрылыс материал­дарының бағасы күн санап шарық­тауы құрылыс компанияларына кедергісін келтіріп тұр. Құрылыс материалдары солтүстік өңірлерде ғана емес, ел бойынша қымбаттады. Мұны сала мамандары сыртқы нарықтағы бағаның өсуімен байланыстырып отыр. Солтүстік Қазақстан облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, соңғы жарты жылдың ішінде 110 пайызға қымбаттаған материалдар бар. Мәселен, профильді құбыр 300 мың теңгеден 630 мың теңгеге дейін аспандап кеткен. Сонымен қатар қиыршық тас, кірпіш, арматура, цемент, бетон сияқты материалдар 50-90 пайызға қымбаттапты. Салдарынан құрылыс компаниялары шығынға белшесінен батты. Құрылыс­шылар қауымдастығының төрағасы Сергей Тимофеев жобалау-сметалық құжат­тамадағы бағалар нарықтағыға сәйкес келмейтіні салдарынан құрылысшылар зардап шегіп отырғанын айтады. Мәселен, 2 400 теңге деп көрсетілген қиыршық тас бүгінде 4 700 теңге тұрады, ал 78 теңгеге кірпіш алу мүмкін емес, ең кемі 120 теңгеден, бетонның текше метрі 22 000 теңге деп көрсетілгенімен, нарықтағы баға – 33 000 теңге. «Үйдегі көңілді нарықтағы баға бұзады» дегендей, осындай қымбатшылықтың кесірінен құрылыс компаниялары бағадағы айырмашылықты өз қаржысы есебінен өтеуге мәжбүр. «Құрылыс материалдарының бағасы былтыр жыл басынан бастап қымбаттады. Маусым айында базалық бағаларды жаңартып еді, іле ол қайтадан шарықтап шыға келді. Ал құрылыс компанияларына төленетін өтемақы жылдың соңында ғана қолдарына тиді. Оның өзі шығындарды толық жаппайды. Өйткені шығын көлемі 10 пайыздан асса ғана, өтемақы төленеді. Ал 8-9 пайыз шығынмен жұмыс істегендер тақырға отырды. Мәселен, құрылыста газ-бетон мен кірпіш көп қолданылады. Газ-бетон плитаның текше метрі 19 000 теңге деп көрсетілгенімен, 32 000 теңгеге сатып аламыз. Кірпіш те базалық бағадан 2-3 есе қымбат. Еден плитасының әр шаршы метріндегі айырмашылық – 2 000 теңге. Осыдан-ақ шамалай беріңіз. Сондықтан мемлекеттік нысандарды салуға компаниялар аса қызығушылық танытпайды. Өйткені рентабельділігі шамалы, қып-қызыл шығын», – дейді Сергей Петрович. Нәтижесінде, өз міндеттемелерін орындай алмай отырған компаниялар да бар. «Стройкомпания» ЖШС былтыр салуға тиіс үйдің құрылысы әлі басталған жоқ. «Зерттеу СК» ЖШС директоры Евгений Махиня былтыр «Жас өркен» шағын­ауданында екі үй салам деп шығынға бел­ше­сінен батқанын айтады. «Бірақ біздің қиындықтар ешкімді толғандыр­майды. Міндеттеме алған соң орындауымыз керек. Барлық шығынды өз қары­зымыздың есебінен жаптық. Кейбір материалдар 20-30 пайызға қымбат­таға­ны­мен, кейбіреулерінің бағасы айтарлықтай 2-3 есе қымбаттады. Ал жобалау-сметалық құжаттамада мүлдем басқа бағалар көр­сетілген», – дейді Евгений Сергеевич. Құрылысшылардың айтуынша, құрылыс компанияларының тарихында бұрын-соңды мұндай қымбатшылық пен шығындалу болмапты.

ЕСЕҢГІРЕТКЕН БАҒАЛАР

Соның кесірінен бюджеттік құрылыс нысандарына ең арзан әрі сапасыз материалдар жұмсалады. Мемлекеттік бағдар­лама бойынша салынған үйлерге қоныс­тану­шылар ең алдымен күрделі жөндеу жасауға мәжбүр. Пәтерлерге жөндеу жұмыстарын жүргізумен айналысатын Иван Якунин бұл үйлер қалай болса солай салынғанын айтады. «Сантехникасы бар, бірақ ең арзаны әрі дұрыс орнатылмаған. Бұл үйлер «Ең бастысы – болса болды» деген қағидатпен салынғандай. Қандай екенінде ешкімнің шаруасы жоқ. Тұратын адам өзі жөндеп алады деп салынған сияқты. Түптеп кел­генде, тұрғындарға жөндеу жұмыс­тарынсыз қоныстану мүмкін емес. Бар­лығын қайтадан жасайды. Қабырға­ларынан колонналар шығып тұрған үйлер де бар. Төбелері, едендері қисық. Жаңа үйлердің сапасы құрылысшылардың жауапкершілігіне байланысты деп ойлаймын», – дейді Иван. Пәтер жөндеушілер де құрылыс материалдары күн санап қымбаттап бара жатқанын айтады. Мәселен, 800 теңгенің профилі қазір 1 200 теңге, қабырға тегістейтін қоспалар 2 300 теңгеден 3 500 теңгеге дейін қымбаттаған. Құрылысшы Иван кеше ғана электр сымының метрін 70 теңгеден сатып алса, бүгін 75 теңге төлеген. Осындай қымбатшылық салдарынан пәтер бағасы да шарықтап барады. Соңғы жарты жылдың ішінде Петропавлдағы пәтерлердің бір шаршы метрі орташа есеппен 330 мыңнан 360 мың теңгеге дейін қымбаттаған. Шаршы метрі 460 мың теңгеге дейін жететін пәтерлер де бар­шылық. Биыл бағалар тағы 10-15 пайызға өседі деген болжам бар. Жалпы, Петропавл жалақы көрсеткіші жағынан көш соңында болғанымен, баспана бағасы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкенттен кейінгі 3-орында.

САПА ЕМЕС, САН ҚУУ

Бағаның қымбаттығы өз алдына, маман тапшылығы – осы саладағы жедел шешуді қажет ететін өзекті мәселе. Сол­түстік Қазақстан облыстық Білім басқар­масы басшысының орынбасары Владимир Ткаченконың айтуынша, өңір колледждері жыл сайын 200-300 құрылысшы маман даярлайды. Бұл – барлық түлек­тердің 10 пайызы. Олардың жұмысқа ор­на­ласу көрсеткіші – 70-80 пайыз шамасында. «Құрылысшы мамандығы бойынша колледж бітірген түлектердің барлығы бірдей жұмысқа орналаспайды. Мәселен, былтырғы 239 түлектің төртеуі – жоғары оқу орнына, 15-і басқа колледжерге түсті, 15-і әскер қатарына алынды, үшеуі – бала күтіміне байланысты демалыста, жетеуі – жұмыссыз. Ал құрылысшылар қауым­дастығы үнемі маман жетіспейтінін айтады. Бірақ біз колледждерге студенттерді тапсырыс бойынша қабылдаймыз», – деді Владимир Сергеевич. Құрылыс компаниялары басшы­ларының кәсіптік-техникалық білім сапасына көңілі толып отырғаны шамалы. Колледждер бүгінде мемлекеттік тапсырыс алу үшін сапа емес, сан қуып кеткенін айтады. «Білім сапасын бақылап жатқан ешкім жоқ. Колледждердің басшылары мемлекеттік тапсырыстың қаржысын игеру үшін неғұрлым көп студент қабыл­дауға жанталасады. Түлектердің бірен-сараны ғана алған мамандығы бойынша жұмыс істейді. Олардан алған білімі бо­йынша жұмыс істеу талап етілмейді», – дейді Сергей Петрович. Бүгінде қажет кадрларды құрылыс компанияларының өздері даярлауы керек деген пікір бар. Солтүстікқазақстандық ірі компаниялар да осы пікірді қоштап отыр. Солтүстік өңірдегі тағы бір қиындық – жобалаумен айналысатын ұйымдардың аздығы. Облыста мұндай 3-4-ақ ұйым бар екен. «Олар осы нарықты монополияға айналдырып алған. Жобалауға көп уақыт шығындайды. Нәтижесінде, бір-бірінен айнымайтын жобалар дайындалады. Бұлай болмауы керек. Құрылыс саласына көп қаржы бөлініп жатыр, ендеше жобалау компаниялары да көп болуы керек. Қаланың келбетін ойластырып өзгерту қажет. Бұл жұмысқа жаңаша көзқарасы бар, креативті жобалаушылар, сәулет­шілер мен инженерлерді тартқан жөн. Жаңадан салынып жатқан шағын­аудан­дарда демалыс орындары қарастырыл­маған. Осы қателікті жөндеу қажет», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. Осындай қиындықтарға қарамастан, өңірде құрылыс қарқыны бәсеңдемек емес. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, биыл жыл соңына дейін 400 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілмек.

Солтүстік Қазақстан облысы