Еуропа парламенті Қазақстандағы «қаңтар трагедиясы» бойынша қарар қабылдады. Құжатта болған жайттар сипатталып, соңында бірнеше кеңес берілген. Тіпті, санкциямен үркітуге тырысқан. Үнемі Ресейді өзге елдердің ішкі ісіне араласасың деп айыптайтын Еуропа депутаттары бұл жолы қазақ елінің өзіндік проблемасына қол соғып отырғандай. Жалпы, бұл құжатқа қандай баға берген жөн? Оған алаңдаған дұрыс па? Шынымен, Еуроодақ санкция жариялап, Кәрі құрлықпен қарым-қатынасымыз күрт бұзыла ма? Жалпы, Еуропарламент қарары деген не? Бұл – ұйымның кез келген мәселеге қатысты ұстанымын білдіретін декларативті, ұсынымдық сипаттағы, заңдық күші жоқ құжат. Бұған дейін Еуропарламент сан алуан халықаралық мәселе бойынша қарар қабылдаған, алайда онда жазылған барлық ақыл-кеңес орындалған жоқ. 2021 жылы ақпан айында да Кәрі құрлықтың заң шығарушы органы еліміздегі адам құқықтары бойынша қарарды жариялаған, бірақ біздің Үкімет оған қатты алаңдағанын байқамадық. «Қаңтар трагедиясына» қатысты ұсынылған қарарға 671 еуродепутат дауыс берген, құжатты 589-ы қолдаған, 35-і қарсы шыққан, 47-сі қалыс қалған. Елде болған жағдайды сипаттап, сынай келе Қазақстан билігін адам құқықтарын сақтауға, сөз бостандығын қамтамасыз етуге, болған оқиғаны халықаралық деңгейде тергеуге шақырады. Аталған оқиғаны 2011 жылғы Жаңаөзен трагедиясымен салыстырады (massacre сөзін қолданған – қырғын). Сондай-ақ құжатта келесі кеңес жазылған: «комиссияның Вице-президентін/Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғары өкілін (VP/HR) және мүше мемлекеттерді Қазақстан билігіне соңғы оқиғалар бойынша бейтарап және ашық тергеу жүргізу үшін қысым көрсетуге шақырады».
Ішкі іске араласқаны ма?
Ал енді бұл құжатты қалай бағалаймыз? Бір елдің немесе елдер тобының басқа мемлекетте болып жатқан оқиғаларға қатысты ресми құжат қабылдауы нені білдіреді? Өзге елдің ішкі ісіне араласу деген термин ойымызға оралады. Неге? Себебі Қазақстан өкілдері Еуропарламентке сайланбаған, яғни Еуропа мемлекеттерінің шенеуніктері Қазақстандағы ішкі процестерге араласа алмайды. Ендеше олар қалайша мұндай қадамға барып отыр? Бұдан бөлек, 1965 жылы 21 желтоқсанда және 1981 жылы 9 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Декларациялар бойынша бір елдің басқа елдің ішкі ісіне тікелей не жанама араласуына тыйым салынады. Дегенмен Еуропарламент БҰҰ-ның аталған құжаттарын елемейтін сияқты. Ал енді құжатта жазылған кеңестерге келейік. Адам құқығы, сөз бостандығы, ашық тергеу сынды мәселелерге сөзсіз қосылуға болады. Бүгінде біздің қоғамға қажет шаралар. Оған қоса, қазір біраз азаматтар полиция тергеу барысында қызметтік құзыретін асыра пайдаланып, ұрып-соғуға көшкенін айтып жатыр. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі де, прокуратуралар да сенім телефондарын жариялады. Яғни, мұндай проблема бар. Алайда комиссияның «Вице-президентін/Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғары өкілін (VP/HR) және мүше мемлекеттерді Қазақстан билігіне соңғы оқиғалар бойынша бейтарап және ашық тергеу жүргізу үшін қысым көрсетуге шақырады» деген сөздерін қалай түсінеміз? Бұл Еуроодақтың саяси ықпалын пайдаланып, Қазақстанның ішкі саяси мәселесіне араласу дегенді білдіреді. Бір қызығы, Еуропада заң шығаратын және оның орындалуын бақылайтын депутаттар халықаралық құқыққа қайшы келетін сөздерді ресми құжатқа жазған.Біржақты баға берген бе?
Енді оқиғаға бейтарап тұрғыда қарайық. Еуропарламент Қазақстан билігінің ескертусіз оқ атуға бұйрық беруін, бүлікшілерді басуға әскерді қолдануын айыптайды. Ал қаруланған содырлар тәртіп сақшыларына, қала тұрғындарына шабуыл жасап, оқ атса, онда сарбаздар мен полицейлер өзін және қала халқын қорғау үшін не істеу керек еді? Басу айтып, сабасына түсуін соңына дейін күту керек пе еді? Алматы алаңында қару таратқан видеоларды көрдік, кейбір қарулы күштердің оқ-дәрісі сақталған қоймалар тоналған видеолар желіде тарады. Тек Алматыда 6 қару сататын дүкенді үптеп кетті. Осынша қаруды иеленген ереуілшілердің бетін басқаша қалай қайтаруға болар еді? Сонда 19 полицейді кім өлтірді? 2 сарбаздың басын кім кесіп алды? Ұлттық Ұланның бірнеше сарбазын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 7 қызметкерінің өмірін кім қиды? Арнайы жасақтың киімін киіп (СОБР), Талдықорғандағы түрмеге шабуыл жасап, күзетшілерге оқ атып, біреуін өлтірген кім? Алматыда көшеде көліктерді тоқтатып, ішіндегі адамдарды шеруге қосылуға күштеп, бас тартқандарына оқ жаудырғандар ше? Таңқаларлығы, Еуропа парламенті өз қарарында бұл жағдайларды жазбайды. Тек 19 полицейдің өлімін қысқаша факт ретінде түртіп қойған. Қаруланған топты қарумен тоқтатпаса, оның баламалы жолы болды ма? Қазақстан бойынша жүздеген дүкенді тонап, біразына от қойғандар туралы дерек құжатта айтылмайды. Сонда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан «Қазақпаратқа» берген сұхбатында Еуропарламент бұл қарарды қабылдауға асықты, олар ресми тергеудің нәтижесін күтуі керек еді дейді. Рас, сан қылмыстың ақ-қарасын ашатын тергеу жұмыстары әлі біткен жоқ. Оның нәтижесін көрмей біреуді ақтау не айыптау қиын. Бірақ Еуропарламент тергеудің ашық жүретініне күмән келтіріп, оны халықаралық деңгейде өткізуге шақырып отыр. Сондай-ақ Айгүл Құспанның сөзіне сенсек, Еуропарламент депутаты «Қазақстан халқына» қорының құрылымын нақтылауды талап етсе, енді бірі Қытаймен жақсы қарым-қатынасымызға алаңдаушылық білдірген. Жоғарыдағы сөзімізге қайта айналып келеміз. Қазақстан билігі бүліктен зардап шеккендерге көмектесу, спорттық кешендерді салу және басқа да мақсаттар үшін ашылған «Қазақстан халқына» қоры туралы ақпаратты алыстағы Еуропаның бір депутатына не үшін беруі тиіс? Қандай халықаралық құжаттың негізінде ол депутатқа Қазақстан билігі есеп беруге міндетті? Ешқандай. Яғни, бұл көпе-көрнеу өзге мемлекеттің ішкі ісіне араласу.КСРО-ны еске алды
Еуропарламент қарарында тағы бір жайт бар. Оларды ерекше алаңдатқаны Қазақстан билігінің ҰҚШҰ әскерін шақыруы болған сыңайлы. Себебі құжатта ұйым аясында келген әскерді Еуропарламент депутаттары «КСРО-ның Чехословакия мен Венгрияға басып кіруіне ұқсайтын ресейлік интервенция» деп бағалайды. Алайда ҰҚШҰ әскерінде тек Ресей емес, жалпы 5 елдің әскері болғаны, олар тек объектілерді қорғағаны, операцияларға қатыспағаны және қазіргі уақытта барлық шетелдік әскер Қазақстан территориясынан толық шығарылғаны жазылмаған. Бір сөзбен айтқанда, бір жақты баға берілетін, өзінің алаңдаушылығын фактке балаған тармақтар жетерлік. Жалпы, бүгін Қазақстан өзгерістер кезеңін бастан кешіріп жатыр. Елде тек экономикалық, әлеуметтік қана емес, сондай-ақ саяси да реформалар да жүргізіледі деген үміт бар. Сол себепті қоғам түбегейлі бетбұрыстарды күтіп отыр. Осындай уақытта демократиялық елдердің заң шығарушы органы саналатын Еуропарламентті сынап, пропагандистік жұмыспен айналысқымыз жоқ. Дегенмен жағдайға бейтарап тұрғыда қарасақ, Еуропарламент өз қарарын қабылдау арқылы Қазақстанның ішкі ісіне араласты. Құжатта жазылған кейбір кеңестер Қазақстан билігіне қысым жасауға, елдің ішкі процесіне «қолын салуға» бағытталған. Сонымен қатар либералды кеңестер де жазылғанын жоққа шығара алмаймыз. Түптеп келгенде, бұл құжат Еуроодақ пен Қазақстан қарым-қатынасына пәлендей кері әсер ете қоймас. Себебі екі елдің энергетикалық байланысы күшті. Ал Еуропа Ресейдің мұнайы мен газына тәуелді болып тұрған шақта Еуроодақ бір қарар үшін өзіне көп көлемде мұнай жеткізіп отырған басқа әріптесінен айырылғысы келмейтін шығар.