Қаңтар трагедиясы: полицейлер содырлардың мәйіті көмілген жерді анықтады
Қаңтар трагедиясы: полицейлер содырлардың мәйіті көмілген жерді анықтады
Фото: news.myseldon.com

Алматы полициясының ресми өкілі Салтанат Әзірбек биыл 4-8 қаңтарда бүлікке қатысқандардың мәйіті жерленген жердің табылғаны туралы ақпаратты растады.

Оның айтуынша, тергеу жүргізіліп жатыр.

«Иә, растаймыз. Расында да, мәйіттер табылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Сондықтан мәйіт саны қанша екенін нақты білмейміз. Жедел тергеу тобы жұмыстарды аяқтағаннан кейін толық ақпарат береміз», – деді Салтанат Әзірбек.

Оқиғаның мән-жайы тергеуден соң анықталады. Бұған дейін Алматы қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов қаладағы мәйітханалардан 41 мәйіт ұрланғанын мәлімдеген еді.
«Шабуылдарды кәсіби дайындықтан өткен, қару-жарақ пен ұрыс әдістерін жетік меңгерген адамдар жасаған. Олар қаза тапқандар мен жараланғандарды қалдырмай, өздерімен бірге алып кетті. Сол күндері мәйітханаға 7 шабуыл жасап, белгісіз біреулер қаза болған 41 адамның денесін ұрлап кеткен», – деді Таймерденов.

Осыған дейін полицейлер алаңда қару таратқандарды базарда жүрген жерінен ұстағанын хабарлаған болатынбыз.