Қаңтардың басында Қазақстанда болған оқиғалар Орталық Азия елдеріне де жанама түрде әсер еткенге ұқсайды. Әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шиеленісуі қоғамда наразылық көңіл күйді күшейтіп, мемлекеттік институттардың тығырыққа тірелуіне алып келуі мүмкін екенін әсіресе Өзбекстан басшылығы бірден түсінген сыңайлы.
Қазақстанның әр аймағында дүрбелең басталған күндерде-ақ Өзбекстан президенті өңірдегі мемлекет басшыларымен бірнеше рет телефонмен сөйлесті. Айталық, Ш.Мирзиеев Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевпен 6 және 10 қаңтарда, содан соң 20 қаңтарда телефон арқылы сөйлесті. Қаңтардың 6 күні Ш.Мирзиеев Түркия президенті Р.Ердоғанмен, Тәжікстан президенті Э.Рахмонмен де телефон арқылы тілдескені бар. Сол кезде де Өзбекстан президенті Қазақстандағы оқиғаларға алаңдаушылық білдіріпті. Сонымен қатар ресми Ташкент сол күндері елде бағаның өсуіне жол бермеудің түрлі амалдарын да қарастырғаны байқалады.
Сұйылтылған газ бағасын түсірді
Негізі, Өзбекстан – 2020 жылдан бері Ресейге газ сатуды тоқтатқан мемлекет. Алайда әлемдік нарықта газ бағасының өсуіне байланысты ел ішінде де сұйылтылған газдың құны көтерілген еді. Дегенмен қаңтардың алғашқы онкүндігінде Өзбекстанда сұйылтылған газ бағасы төмендеді де, газ құю стансасындағы кезек бірден азайып сала берді. «Озодлик» сайтының ақпаратына қарағанда, Қазақстанда ереуілдер басталғанда газ құю стансаларын- да газ көбейген деседі. Тіпті, 8 қаңтарда АИ-80 бензинінің арзандағаны жайлы да мәлімет тараған. Кейін оны «Узбекнефтегаз» АҚ жоққа шығарды.
Бір қызығы, сол күндері пропан газының бағасы арзандатылғанымен, құбыр арқылы келетін метанның бағасы литріне 100 сумға қымбаттаған. 8 қаңтарда кейбір аймақтарда 1 кг метан 2 500 сумға, 1 кг пропан 2 800 сумға сатылыпты.
Негізі, Өзбекстан билігі былтырдан бері азық-түлік бағасының орынсыз өсуіне жол бермеуге тырысып келеді. Мәселен, былтыр 1 сәуірде ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін тауық жұмыртқасын экспортқа шығаруға тыйым салған. Мұның соңы құс өсірушілерге әжептәуір зардап тигізген еді. Бірақ бәрібір баға бірқалыпты деңгейде қалды. Ал қаңтардың басында Өзбекстанда тек жұмыртқа ғана емес, өзге де азық-түлік бағасы тұрақты болды. Мамандар Ферғана, Әндіжан, Самарқанд, Сырдария және Жизақ облыстарында, тіпті Ташкенттің өзінде де баға көп құбылмағанын айтады.
Әскери даярлық назардан тыс қалмады
«Қаралы қаңтар» оқиғалары кезінде Өзбекстан сыртқы саясатпен қатар, ішкі саясатты, қорғанысты да назардан тыс қалдырмады. Шавкат Мирзиеев 7 қаңтарда Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің «Темурбеклер мактаби» мектебіне және Әмір Темір атындағы мемлекетті кқауіпсізідк қызметі академиясына барды.
Ал 10 қаңтарда қорғанысты басқарудың Ұлттық орталығына барды. Бұл орталық елдегі барлық күш құрылымдарының іс-әрекетін үйлестіретінін ескерсек, Ш.Мирзиеев Қазақстандағы оқиғалардан мейілінше сабақ алуға тырысты деуге негіз бар. Оның үстіне сол күндері Қазақстан Президенті күш құрылымдарының әрекетін үйлестіру жағы ақсағанын, елге террорлық топтар еніп кеткенін айтқан еді.. Дәл сол сәтте Өзбекстан президенті армияны басқару құрылымдарын пысықтады. Бірақ Өзбекстан Қорғаныс министрлігі былтырғы желтоқсаннан бері ешқандай ақпарат таратқан жоқ. Шетел ақпарат құралдарында да Өзбекстан Қарулы күштеріне қатысты жаңалық кездеспеді. Яғни, ресми Ташкент Қарулы күштер мен күш құрылымдарына қатысты деректерді мейлінше құпия ұстап отырған сыңайлы. Әйтпесе көрші мемлекетте дүрбелең болып жатқанда шекараны күшейтпеу, арнаулы күштерді даяр етпеу мүмкін емес еді.