Алматыда "Қаңтар қасіретіне" арнап ескерткіш орнатылады
Алматыда "Қаңтар қасіретіне" арнап ескерткіш орнатылады
Сурет: Informburo.kz
321
оқылды

Мегаполисте бой көтеретін ескерткіш қаңтар айының алғашқы аптасында орын алған қайғылы оқиғаны мәңгі есте қалдыру мақсатында салынбақ.

Бүгін қала әкімдігі ескерткіш нысанының құрылыс тұжырымдамасына конкурс жариялағандығын мәлімдеді.
«Қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасы ашық конкурсқа өтінімдерді бүгіннен бастап 2022 жылдың 10 ақпанына дейін қабылдайтын болады. Байқауға жеке авторлар да, шығармашылық ұжымдар да қатыса алады. Мемлекет басшысының Алматыға жақында жасаған сапары кезінде мемориалдық кешен арқылы алматылық оқиғаларды мәңгі есте қалдыруды тапсырған болатын. Конкурстың шартына орай ескерткіш қоршаған ортаға үйлесімді болуы тиіс. Оны жасағанда сапалы материалдар пайдаланылады», - делінген қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.
Конкурс қорытындысы бойынша шешімді Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия қабылдайды. Мемориалдық кешен қаладағы Сәтбаев көшесінің оңтүстігі мен Назарбаев даңғылының батысына қарай қалалық әкімдік жанындағы гүлзарда орнатылады деп жоспарланып отыр.