«Qantar 2022» жақыныңызды іздеуге көмектеседі
«Qantar 2022» жақыныңызды іздеуге көмектеседі
556
оқылды
Қаңтар қырғыны қабырғамызды қайыстырып, азат күнде 225 адам ажал құшты. Халық наразылығы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып, бейбіт митингке шыққандардың арасына арандатушылар қосылып кеткеннің салдарынан қаншама азаматтарымыз қаңғыған оқтан қайтыс болды. Енді бүлік кезінде қаза тапқан, қамауға алынған, жарақаттан және іс-түзсіз жоғалған азаматтардың тізімін жасайтын фейсбук әлеуметтік желісінде "Qantar 2022" парақшасы іске қосылды. Ресми деректерге сүйенсек, «аласапыран қаңтар күндері 225 адам қаза тапты, оның 149-ы Алматы қаласынан екен. Оңтүстік астанада қаза тапқан адамдардың ішінде 41 лаңкес те бар. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов хабарлады. – Шабуылдарды кәсіби дайындықтан өткен, қару-жарақ пен ұрыс әдістерін жетік меңгерген адамдар жасаған. Олар қаза тапқандар мен жараланғандарды қалдырмай, өздерімен бірге алып кетті. Сол күндері мәйітханаға 7 шабуыл жасалып, соның барысында белгісіз біреулер қаза тапқан 41 адамның денесін ұрлап кеткен, – деді Таймерденов. Енді міне, әлеуметтік желілерде Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қайтыс болған лаңкестер жерленген орынның табылғаны туралы мәлімет тарады. Оны Алматы қаласы Полиция департаменті растады. «Бұл мәліметті растаймын. Лаңкестерді құпия жерлеу олардың жеке тұлғасын анықтауды қиындату үшін жасалған», – дейді ПД-нің ресми өкілі Салтанат Әзірбек. Айта кетейік, "Qantar 2022" парақшасына кіріп, іс-түссіз жоғалған, қаза болған, жарақат алған, қамауға алынған азаматтар тізімін көре аласыз. Егер сіздің жақыныңыз жоғалса, әлеуметтік желідегі "Qantar 2022" аккаунттарына хабар берсеңіз болады.