«Жұмақ» іздеген жастар
«Жұмақ» іздеген жастар
515
оқылды
Соңғы 5 жылда Қазақстаннан ке­тетіндер саны күрт көбейіп, ке­ле­тіндер азайған. Жаппай тәртіп­сіз­діктер кезінде тағы 64 мыңнан аса адам елді тастап, кете барды. Әдетте қазақтар әлем елдерін ба­ғындыруда, беделді компания­лар­да жұмыс істеп жүр деп мақтанамыз, ал олардың Қазақстанға қайтып келгісі келе ме? Әрине, кім қайда кет­се де, тосқауыл болуға, жаз­ғы­ру­ға да хақымыз жоқ. Дегенмен Үкімет нені түзетуі керек? «Оралғым келмейді» дейтіндердің базынасы бар ма?

КЕТКЕНДЕР ҚАЙТА КЕЛЕ МЕ?

Елімізден жыл сайын кемінде 15 мың адам қол бұлғап кете барады. Мәселен, ресми деректерге сүйенсек, 2021 жылдың 9 айында Қазақстаннан 25 322 адам көшіп кеткенін көрсетеді. Елімізден ха­лық неге сон­ша қаша бастады дейсіз ғой... Туған жерінде білімі мен тәжірибесін кәдеге жаратқысы келеді, бірақ Қазақ­стан­да ондай мүмкіндік бар ма? «Мәсе­ле – жалақының аздығында, кәсіби тұр­ғыдан өсіретін, білім-тәжірибе бере­тін жұмыс орындарының жоқтығында» деп отыр Ванкуверде Arista Networks IT компаниясында жұмыс істейтін 33 жас­тағы Ғани Тасполатов. «Кету себебім – алған білімімді қол­дану. Екіншіден, жұмыс көп. Нәтижеге жұмыс істесең, ешбір аға-көкесіз кө­терілуге болады. Үшінші, табыс, әрине. Үлкен компанияда жұмыс істеген ұнай­ды, адамзаттың игілігіне өз үлесімді қос­қым келеді. Үйді, ата-анамызды сағынамыз. Өзім 30 елде бол­дым, ешқайсысы мінсіз емес. Бірақ Қа­зақстанда 6 жыл IT саласында жұмыс істедім. Бірқатар жоба болды, бірақ күн­нен-күнге шыңдай түсетін бірде-бір жұ­мыс болмады. Көп жерде бизнес, оңай пай­да. Алыпсатумен ғана айналыса­ды», – дейді ол. Шымкент қаласының тумасы Ғани 2008-2012 жылдары «Болашақ» бағ­дарламасымен АҚШ-та 4 жыл білім алған. Оқуын бітірген соң Қазақстанға ке­ліп, жұмыс істепті. Бірақ шетелге барып оқыған студенттердің бәрі дерлік Қазақстанға қайта оралғысы келе бер­мейтінін ескерсек, Ғани да 2018 жылы жақсы өмір іздеп, отбасын алып, елден көшіп кеткен. «Қазақстанда қызметте тамыр-та­ныс­тық жүретіні жасырын емес. Ме­ніңше, халықтың Қазақстаннан көшіп кетуіне басқа елдегі өмірдің сапасы мен ол жақтағы жұмысының бағалануы себеп. Шетелде әлеуметтік қолдау жағы жақсы, өсуге болады, тұрақтылық бар. Шетелде сұранысқа ие болатын кей мамандардың Қазақстанда жұмыссыз қалып немесе аз жалақыға күнелтіп жүр­гені рас. 1 ұл, 1 қызым бар. Ұлым Ван­куверде 1-сыныпта оқиды. Қазақстанға қашан келетінімді айта алмаймын», – деді Ғ.Тасполатов. Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметі бойынша, елден біржолата кетіп жатқан әрбір үшінші адам этника­лық қазақтар екен. Эмигранттардың төрттен бірі – 15-тен 28 жасқа дейінгі азаматтар. Және елден кетіп жатқан­дар­дың 77 па­йызы жоғары білімді. Мәселен, шетел асқандардың 4 144-і техника, 2025-і экономика, 1 260-ы педагогика ма­мандығын оқығандар. Сонымен қатар 699 дәрігер басқа елде өмір сүруді таң­дапты. Тағы 4 000 әртүрлі мамандық иесі де нәпақасын шетелден табуды қалаған.

КҮНІНЕ 54 МЫҢ ТЕҢГЕ, АПТАСЫНА 2 МЫҢ ДОЛЛАР

22 жастағы Самалбек Амандықов 2018 жылдан бері Оңтүстік Кореяда жұмыс істейді. Ол өзінің күніне 54 мың тең­ге табыс табатынын айтып, Қазақ­станда таңнан кешке дейін 6-10 мың теңгеге жұмыс істейтіндерге сабырлық тілейтінін жеткізді. «Бұл жақта мүмкіндік көп. Біздің елде де бар, әрине. Бірақ Кореяда талмай ең­бектенсең, ешкімнің көмегінсіз көтеріле­сің. Осы жақтан тәжірибе жинап, елімде қолданғым келеді. Болашақта Қазақ­станға барып, отбасын құру жоспарымда бар. Сосын әйеліммен бірге шетелге барып, тәжірибе жинасам деймін. Егер біздің елде халықтың жағдайы жақсарса, бұлай шетел аспас едік. Мұнда қазақтар көп, 16 жастағы мектеп оқушысынан бастап 50-ден асқан ағаларымыз да жүр. Балалар білім алудың орнына, жұмыс істеп жүр. Қазақстанда жұмысқа тұрайын десең, тәжірибең жоқ дейді. Тәжірибе жинаймын десең, жұмысқа алмайды. Амал жоқ, таныстарға жүгініп, жұмысқа тұрасың. Мұны жасырудың қажеті жоқ шығар. Жемқорлық бар жерде еш сала дамымайды», – дейді ол. Оңтүстік Кореяға баруды студент кезінен жоспарлапты. Шетелде жұмыс істеп, тұрмысын тіктеп алғысы келген екен. «Басында Тэджон деген қалада шыны зауытында 2 жыл жұмыс істедім. Айлығым 1 млн 500 мың теңге болды. Қазір Тегу қаласында жұмыс істеймін. Әзірше елге қайтайын, елге бару керек еді деген ой жоқ. Бірінші жағдайымды жасап алайын. Мұнда заңды жұмыс істеп жүрмегендіктен, медициналық сақтан­дыруымыз жоқ. Ауырсақ, жекеменшік клиникаларға барып қараламыз. Бірақ бұл жақта медицина қызметі қымбат. Егер мен Қазақстанда да осындай жұмыс істеп, Кореядағыдай ақша тауып жүрсем, кетпес едім», – дейді Самалбек. Азаматтардың көбі Ресей, Германия, Беларусь, Канада, АҚШ, Оңтүстік Корея елдеріне қоныс аударады екен. Бұл – тіркелген ресми дерек. Бұдан бөлек, ресми статистикадан тыс туристік немесе іскерлік визамен жұмыс істеу мақсатында шетел асып кеткендер бар. Мәселен, 25 жастағы Нұрғиса Назар Америкаға сту­денттік визамен барып, сол жақта жұмыс істеп жүріп, қалып қойған. 1,5 жылда логистика саласынан өз кәсібін ашып, бүгінде «Амазон» компаниясының тауар­ларын бір қоймадан екінші қоймаға жеткізіп берумен айналысып жүр. [caption id="attachment_180771" align="alignleft" width="1200"]жастар келден кету © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] «Алғашқы 1,5 жыл Флорида штаты Маями қаласында тұрдым. Соңғы екі жылдан бері Чикаго қаласындамын. Басында «Болашақ» бағдарламасына оқуға тапсыру үшін ағылшын тілін да­мытуым керек болды. Сол үшін Амери­каға келдім. Бірақ жұмыс істеп көрген соң оқуды кейінге қалдырдым. Мұнда құқық қорғау орындарына пара беруге тырыссаңыз, сол жерде олар талдырып тастайды. Әрі қарай басыңыз үлкен дауға қалады. Бізде жемқорлық ашық түрде жүреді ғой. Жұмыс барысында Абзал деген отандасыммен танысып, сонымен бірге логистика саласынан өз кәсібімізді аштық. Қазір қоластымызда 15 шақты тасымалдаушы бар. Аптасына 2 000 доллар табыс табамын», – деді ол. Нұрғиса 2 жыл бойы жалақысының жартысын ай сайын ата-анасына жіберіп отырған. Табысының 70 пайызын Қа­зақстанға арнап жатқан көрінеді. «Астанадан 33 миллионға 3 бөлмелі пәтер, көлік алдық. Ағамды үйлендірдім. Маған «Менде 2 миллион бар, тағы 1 миллион бере тұршы, көлік алайын» дейтіндер бар, оларға көлік алғанша, бизнеспен айналыс деп айтамын. Мен 2 миллион жинадым, сол ақша виза алуға кетті. Тәуекелге барсаң, нәтиже болады. Ал біздікілер тұрақтылыққа үйреніп алған. Зейнетке ерте шықсам дейді, ипо­текаға үй алып, бір жалақыға өмір сүр­генді тәуір көреді. Америкада кез келген кәсіп түрімен айналыссаң, тез дамиды. Мұнда халық кір жуғанша, тамақ істе­генше, ақша беріп, маманға істеткенді жөн көреді», – дейді Нұрғиса Назар.

ҚАШАН ЕКЕНІ БЕЛГІСІЗ...

Сонымен, олар неге шетелге кетті? Неге елге келмей жүр? Жалақысының мар­дымсыздығы, біліміне сай жұмыстың табылмауы, ең өзектісі – баспана мәсе­лесі отандастарымыздың «жайлы өмір» іздеп, шетел асуына «септігін» тигізіп отыр. Білімімді жетілдіремін дегендер білім, технология саласында қай елдің бәсі жоғары екенін біледі. Сапалы білім жақсы өмірге жолдама екенін бәрі сезеді. Ал одан өзгесі жоғарыда аталған проб­ле­маларға шыдамағаннан шетел асуға мәжбүр. Қара жұмыс істесе де, біршама жақсы жалақы алып, еркін өмір сүруге бейімделіп қалғандары да жетерлік. Тіпті, кейбірі білім алып не еңбектеніп жүрген елдерінде біржола қалудың қа­мында жүр. Екінші, олар өз білімін жоғары баға бере алатын нарықта саудалағысы келеді. Шетел асқандардың әңгімелерінен ұқ­қанымыз, олардың Қазақстанға қол бұлғауының себебі қаржылық мәселелер­ді шешу ғана емес. Олар саяси еркіндікті, өркениетті қоғамды қалайды. Яғни, тең­дік орнаған, әлеуметтік сатысы жақсы жұ­мыс істейтін меритократиялық қоғам­да өмір сүргісі келеді. Жағымпаздық, таныс-тамырлық, жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа төзгісі келмейді. Қорытындысында бір жерде ұзақ тұрақтаған адам сол жердің адамына айналады. Пікірлескен азаматтар 2-3 жылда сол жерге әбден үйреніп кеттік деп отыр. Олар «түбінде оралармыз, бірақ қашан екенін білмейміз» дейді. Қазақ­станға қайтып келгеннің өзінде үйренген жеріне аяғы тартып тұратыны анық. «Ел басына күн туса, ер етіктен су кешер» дейді халқымыз. Осындайда тек елімізде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған за­ман орнағанда емес, қиын-қыстау ке­зеңде «халқыммен біргемін» деген ше­телді бағындырған режиссер Айсұлтан Сеитовтің әлеуметтік желідегі жазбасы еске түседі. Себебі жырақта жүрген бала­сының «елге ораламын» деген бірауыз сөзінің өзі көңілі күпті халыққа медеу болғаны рас.