Жазықсыз тұтылып, жазықты құтыла ма?
Жазықсыз тұтылып, жазықты құтыла ма?
581
оқылды
Ішкі істер министрлігі «Қаңтар трагедия­сына» қатысты 1822 қылмыстық іс қозғалға­нын хабарлады. Бұл азаматтарды жаппай қуда­лауға ұласып кетпей ме? Ал темір торға уақыт­ша қамалған азаматтар өздеріне күш­тік құ­рылым тарапынан заңға қайшы іс-әрекеттер жасалғанын айтып, шағымданып жатыр. «Полицейлер қысым көрсетіп, түрлі айыптарды мойындатқысы келеді» дейді. Жазықсыздарға жала жа­былып, қылмыскерлер құтылмай ма? Серік Серік БАЙСЕЙІТҰЛЫ, ҚР Заңгерлер одағы республикалық  қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

БАЙБАЛАМ САЛМАЙ, ШЫДАУ КЕРЕК

– Қазіргі заң бойынша бейбіт ереуілге шығу үшін міндетті түрде ескерту керек. Оның ұйым­дастыру­шылары, тәртіптің сақталуын қадаға­лай­тын адамдар болуы керек. Ескерткеннен кейін ереуіл өтетін орын­ды да көрсетуі тиіс. Мұның еш­қайсысын сақта­маған. Яғни, заң бұзылғанын көріп отырмыз. Маң­ғыстауда бейбіт түрде өтті дегенмен, заң бұзылды. Бұл ереуілге қатысқан барлық азаматтардың әрекет­терінде заңбұзушылық бар дегенді білдіреді. Бірақ әрқайсысы істеген әрекетіне қарай жауап беруі тиіс. Егер шеруге жай келіп, бүлікке ұласқан тұста үйіне кетіп қалса, әрине тек ескерту алуы мүм­кін. Ал енді бейбіт шеруге, бұ­за­қылыққа қатысып, полицейлерге күш көрсеткен болса, ғимараттарды өртеуге, кәсіпкерлік нысан­дарды тонауға қатысы бар болса, онда басқа мәселе. Президент тапсырмасы бойынша әрбір азамат жеке тексерілуі тиіс. Түскен арыздарға қарай азамат­тар тексеріліп жатыр. Біразы босатылды, бірша­масының жазасы жеңілдетілді. Ешкімді ұстамай, тергеп-тексермей, өз шешімін табады деп жүруге болмайды. Мемлекеттің тұрақтылығына қауіп төндірді. Егемен­дігімізден айы­рылып қалуымыз мүмкін еді. Сондықтан әркім қолымен жасағанын мойнымен көтеруі тиіс. Егер қылмысқа қатысы болмаса, босатылады. «Ішкі істер органдары жазықсыз жандарды азаптады» дегенге қатысты қазір прокуратура тексеріп жатыр. Сондықтан байбалам салудың қажеті жоқ. Екі жыл тыныш жатып, дайындалған. Соларға жастар еріп кетті. Бірі – ақшаға алданып қалды. Есірткі қолданып, арақ ішіп, есін жоғалтқан­дар жай ғана жолда кетіп бара жатқан қаншама адамды атып тастады. Не себептен болғаны түгел тек­серілуі керек. Ол үшін қоғамға, шеруге қатысқан­дарға шыдам керек. Жа­зықсыз екені дәлелденуі тиіс. Президент тапсырмасы бойынша ауыр қылмыс жасағандардың жазасы да ауыр болады. Жанпейіс1 Жанпейіс НАЗАРҒАЛИ, заңгер:

АЛАҢҒА ШЫҚҚАННЫҢ БӘРІ ҚЫЛМЫСКЕР ЕМЕС

– Қамауда отырған дене жарақаттары бар адамдарға қажетті медициналық көмек көр­сетпеу, дәрі-дәрмекпен қам­та­масыз етпеу халық­ара­лық стандартқа сай азаптау боп са­налады. Иә, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев лаңкестік, кісі өлтіру, билік өкіл­деріне зорлық-зомбылық көрсету және бұзақылық бойынша қанша қыл­мыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қанша адам қамауда отыр, қан­шасының жарақаты бар, қандай жағдайда ұсталуда, оларға құ­­қықтық көмек көрсетіле ме? Міне, халықты алаң­дататын негізгі сұрақтар осы. Бірақ бұларға қ­а­тыс­ты құқық қорғау органдары тарапынан мар­дым­ды жауап болмай отыр. Тіпті, 4-7 қаңтар аралығында қайтыс болғандардың аты-жөндерін де жарияла­мады. Бұл қайтыс болғандар туралы ресми ақпаратқа күмән тудырады. Қолына қару алып, полиция мен әскерилерге оқ атқан, дүкендерді тонап, ұрлық жасаған қылмыс­керлер анықталып, тиісті жазасын алуы керек. Бірақ алаңға шыққандардың бәрін бірдей қылмыскер деп тану өрескел қателік. Қылмыскерлер мен бейбіт шеруге шыққан адамдарды ажырата білуіміз қажет. Жаппай қудалауға жол бермеу керек. Репрессивті әрекеттер ашынған халықтың қайта алаңға шығуына алып келуі бек мүмкін. Бейбіт ереуілге шыққаны үшін ғана тұтқындалып, біздің «шаш ал десе, бас алатын» полицейлер та­рапынан соққыға жығылып, азапталып жатқандар туралы көптеген нақты мәліметтер мен видеолар тарап жатыр. Осындай азаптаулардан кейін өліп кеткендер туралы да ақпараттар бар. Мұндайға жол берген полиция қызметкерлері мен бұйрық берген басшылары да жазадан құтылып кетпеуі тиіс. Ендігі кезекте билікке үміт артып отыра бермей, қоғам болып, заңсыздықтардың алдын алу, құ­қықтық көмек көрсету секілді жұмыстар жүргізілуі керек. «Қаңтар трагедиясының» мән-жайын анық­тау мақ­сатында адвокат Абзал Құспанның бас­шылығымен «Аманат» қоғамдық комиссиясы құ­рыл­ды. Аталған комиссия жазық­сыз ұсталғандарды босату, оларға заңдық көмек көрсету, қылмыстық іс­тердің әділетті тергелуін қадағалау бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ Алматы қаласында белгілі қоғам қайрат­керлері құрған тәуелсіз комиссия іске кірісті. Осы секілді барлық өңірлерде қоғамдық ко­миссиялар құруды қолға алу керек. Құрамында заңгерлер, құқық қорғаушылар, қоғам белсенділері болуы тиіс және жергілікті билікке тәуелді болмауы қажет.  Әлімжан Әлімжан ЖҰБАТҚАНОВ, адвокат:

КҮШ КӨРСЕТСЕ, АРЫЗ ЖАЗЫҢЫЗ

– Тергеу-тексеру жұмыс­тары Бас проку­ра­тураның қа­дағалауында. Ереуілге шық­қан­дардың барлығы жауап­­кершілікке тартылып кет­­пеуі керек. Кәсіпкерлік ны­­сандарды тона­ғандар да, ғи­мараттардың тас-талқанын шы­ғаруға қатысы барлар да қылмыстық жауапкер­шілікке тартылады. Себебі мұның бәрі бұза­қылық. Оның ішінде лаң­кестік бойынша, ұрлыққа қатысты, бұза­қылыққа қатысты қаншама іс қозғалды. Одан кейін прокуратура бірнеше өтініш хат беріп, жа­зықсыз қамалғандарды босатты. Негізсіз қозғалған істерді қысқартуға ұсы­ныс берді. Мұның арасында жазықсыз жауапқа тар­тылып жат­қандар болса, Ішкі істер министр­лі­гінде, Бас прокура­турада кезекші прокурордың телефон нөмірлері болады. Соған хабарласып, жала жабылғанын түсіндіріп, мән-жайды айту керек. Мұндайда міндетті түрде адвокат жалдау керек. Адвокатсыз да болады, бірақ істемеген істі мойнына іліп жіберуі мүмкін. Ұрып-соғу болады. Қазір шын мәнінде тексеру жұмыстары кезінде ұрып-соғу болып жатыр ма, жасамағанды «жасадым» деп айтқызу үшін электрошокермен қинап, күш көрсетіп жатыр ма, соның бәрі адвокаттардың қатысымен анықталуы тиіс. Қылмыс жасағанын дәлелдейтін айғақ, дәлелдер жеткілікті болуы керек. Егер дәлелдер жеткіліксіз болса, ұрып-соғып мойын­датқанымен қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін аздық етеді. Құқық қорғау органдары әділ жұмыс істеуі тиіс. Олардың мақсаты ұсталғанның бәрін темір торға қамау емес, нағыз лаңкестерді анықтап, жауапқа тарту екенін ұмытпауы керек. Ішкі істер орган­дарының қызметкерлерінің үстінен іс қозғалған жағдайлар бар. Егер тергеу кезінде ұрып-соғып, күш көрсеткен болса, туыстары, бауыр­лары, адвокаты арыз жазады. Дене жарақаты анықталса, қызмет бабын асыра пайдалану бабы бойынша Ішкі істер органдары қызметкері жауапкершілікке тар­тылады.