Несие несібе емес
Несие несібе емес
© коллаж: Елдар Қаба
994
оқылды
Соңғы кезде сарапшылар қазақстандықтардың несиені мол алатынын, банктер бизнесті емес, жеке адамдарды несиелендіруге дағдыланып алғанын жиі айтып жүр. Қоғамда да бұл мә­селе ауық-ауық талқыға түседі. Тіпті, «азаматтардың тұтынушылық несиесін мемлекет өтеп беруі тиіс» деген «бастама» көтеріп, хайп жасайтындар да кездеседі. Алайда несиені сы­най­тын жұрт оны алуға неге құмар? 2021 жылы ел азаматтарының алған несиесі 1,5 есе артып, тұтынушылық қарызы 6 трлн теңгеге жетті. Бү­гінде борышкерлердің 19 пайызы несиесін 90 күн­нен бері төлей алмай жүр. Біздің халық көбіне қандай мақ­саттарға несие алады? Көбінің тілегі несиенің ке­шірілуі ме?

Халықтың жартысына жуығы қарыздар

Елімізде 22 банк бар. Барлығының кредиттік қор­жыны 17,8 трлн теңге. Бұл – қарыз ақша. Заңды тұл­ғалар 7,5, ал жеке адамдар 10,3 трлн теңге берешек. Тұ­тынушылық несие кәсіпкерлік несиеден асып кет­кен. Бірінші несие бюросының мәліметінше, Қа­зақ­стан­дағы экономикалық белсенді адамдардың саны – 9,23 млн. Олардың ішінде 1,7 млн адам мүлде несие алма­ған. Олар – 18-22 жас аралығындағы жастар мен 45 жас­тан асқан егде адамдар. Ал еліміздің қалған 7,5 млн азаматының банктер мен басқа да қаржы ұйым­дарын­да несиесі бар. Жоғарыдағы статистика Қазақ­стан халқының жартысына жуығы қарыздар деген сөз.

Кімдер алады?

Жоғарыда қарыз алғандардың 19 пайызында не­сие­ні төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен дедік. Со­ның ішінде, әсіресе 300 мың теңгеге дейін берілетін он­лайн шағын несиенің үлесі жоғары. Ол тұтынушылық кре­дит алғандардың жартысынан астамында бар. Зерттеулерге сүйенсек, көбіне шағын несиеге 26-30 жас­тағы қазақстандықтар жүгінеді екен. 2019 жылы осы жастағы қазақстандықтардың (әйелдер мен ерлер) пайы­­зы қарыз алушылардың жалпы санының 25,6 пайы­­зын құрады. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 24,6 пайыз­ға төмен түскен. 60 жастан ас­қан кісілер көрсет­кіші 2019 жылы 3,7% болса, 2021 жылы 2 пайызға азай­­ған. Cонымен қатар соңғы екі жыл­да шағын не­сиені тұтынушылар тобы 18-20 жас аралығындағы аза­­мат­тармен толығыпты. 2021 жылы не­сие рәсімдеген жастардың үлесі 2019 жылмен салыстырғанда 8,6 пайыз­ға өсті. 2021 жылы қарыз алушы ерлердің саны 9 пайызға артып, 56,2 пайызға жеткен. Ал әйелдер саны 2019 жылғы 53 пайыздан 2021 жылы 44 пайызға дейін төмендеп отыр. Бұл ретте ерлер аудиториясының 5 пайыздан астамы өткен жылы қосылған.

Білімі бар ма?

Шағын несиелерді көбіне жо­ғары білімді азаматтар алады. Де­ген­мен 2019 жылы олардың үлесі 48,7 пайыз болса, 2021 жылы 44,6 пайызға тө­мендеп отыр. Бірақ сонда да олар көш алда. Екінші орында кәсіптік бі­­­­лімі бар азаматтар, олардың саны 2021 жылы артқан. Атап айтқанда 28,9 пайыздан 30,4 пайызға өсті. Ғы­лыми дәрежесі бар қазақстандықтар онлайн микронесие қызметіне сирек жүгінетін көрінеді. Олардың үлесі не­бәрі 0,7 пайыз.

Қайда тұрады? Жалақысы қанша?

Тұтынушылық кредиттер бойын­ша қарыз алушылардың негізгі үлесі елі­міздің ірі қалалары – Алматыда (24,1 пайыз), Нұр-Сұлтанда (9 пайыз) және Шымкентте (7 пайыз) шо­ғырланған. Шағын несиеге жү­гін­гендердің басым бөлігі айына 120-200 мың теңге жалақы алатын аза­мат­тар. 2019 жылы олардың саны 38,1 пайыз болса, 2021 жылы 35,5 пайыз­ға төмен түскен. Ал ай сайынғы жа­лақысы 400 мың теңгеден жоғары аза­маттар шағын несиелерді ең аз ала­тындардың қатарында.

Не үшін керек?

Көбіне қазақстандықтар онлайн не­сиені емделу үшін рәсімдейді, яғни 10,1 пайызы денсаулығын жақ­сарт­қысы келгеннен қарыз алады. Ке­лесі 6,5 пайызы азық-түлік, жол би­леттеріне жұмсайды. Шамамен 5 пайы­зы көлік жөндеу, кәсібінің та­сын өрге домалату үшін алады. Со­ны­мен қатар борышкерлердің 5,4 пайы­зы білім алу үшін шағын не­сие­ге тұрақты түрде жүгінетінін сарап­шы­лар растап отыр. Бірақ қазақ­стан­дық­тар үйін жөндеуге, саяхаттауға (0,6%) және ойын-сауыққа (0,2%) қарыз алуды құптай бермейді.

Банктердің құмарын қалай қайтарамыз?

Қаржылық институттар несиені бе­рерде қарыздық жүктеме коэф­фи­циен­тін қатаң сақтауы қажет. Яғни, тұ­­тынушылық кредит беру тәуекел­де­рін шектеу үшін банктердің қарыз алушының борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу міндеті бел­гіленген. Яғни, банктер қарыз беру ке­­­­зінде қарыз алушының мерзімі өт­кен төлемдер сомасын қоса ал­ған­да, барлық өтелмеген қарыздар бойын­ша барлық төлемдері оның ор­таша айлық кірісінің 50 пайызынан аспауға тиіс екенін ескеруі тиіс. Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агент­тігінің талабы осындай. Бұған дейін агенттік тұтыну­шы­лық кредит беру тәуекелдерін ба­қы­лау үшін шаралар қабылдаған бо­ла­тын. Барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша ақы төлеу мер­зі­мін 90 күнге кешіктіргеннен кейін тұрақсыздық айыбы мен комиссияны есептеуге тыйым салынды. Бұл ретте тө­лемге қабілетсіз тұлғаларға қарыз беру­дің алдын алу мақсатында табы­сы ең төменгі күнкөріс мөлшерінен аспайтын азаматтарға қарыз беруге тыйым салынған. Банктер жаппай тұ­тынушылық несие беруден тар­тынуы үшін банктердің осындай кре­диттер бойынша жеке капи­та­лының жеткіліктілігіне (150 пайыз­дан бастап 300 пайызға дейін) деген та­лаптар да екі есе ұлғайған. Сонымен қатар проблемалық бере­­шектің өсіміне жол бермес үшін 2021 жылдың 9 сәуірінен бастап қа­рыз алушыға кредиттік бюро жүйе­сін­де «оңалтылған» мәртебесінің та­ғайындалуын көздейтін оңалту те­тігі енгізілген еді. Қазір 1,9 млн аза­мат «оңалтылған» мәртебесіне ие. Осы орайда агенттік өкілдері аза­мат­тардың қарыздар бойынша борыш жүктемесінің өсімін шектеу үшін ке­пілді банктік қарыздар бойынша жыл­дық тиімді сыйақы мөлшер­ле­мелерінің шекті өлшемдері 16 пайыз­­­дық тармаққа дейін (56 пайыз­дан бастап 40 пайызға дейін) азай­тыл­ғанын айтады. Кепілсіз банктік қа­рыздар бойынша 56 пайыз дең­гейін­де сақталмақ. Сонымен бірге ипо­текалық тұрғын үй қарыздары бойын­ша 31 пайыздық тармаққа (56 пайыз­дан бастап 25 пайызға дейін) тө­мендетілген.

Қағаз жүзінде ғана

Бірақ талап қағаз жүзінде қалып отыр. Мәселен, қолға түсетін жалақы 100 мың теңге болса, несие рәсім­де­ген кезде ай сайынғы төлеміңіз 50 мың теңгеден аспауы керек. Тағы да қо­сымша қарыз алынса, оның да өте­мі жалақының жартысынан көп бол­мауы тиіс. Бірақ банктер мен мик­роқаржылық ұйымдар бұл талап­қа мән бермейді. Олар пайыздық кірі­сін ғана ойлайды. Қарыз берушіні пайдасы ғана қызықтырады, қал­ға­ны­на бас қатырып жатқан олар жоқ. Бұл ойымызды банк мәселелері бойын­ша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бия­каев та қуаттап отыр. «Қарыздық жүктеме коэф­фи­циен­тіне қарыз алуға өтініш беруші сай келмесе, банк оның несие тарихы жақ­­сы болса, несие бермеуі тиіс. Не­­­сиелер бұрыннан қолжетімді. Се­бе­бі банктер, микроқаржылық ұйым­­­­дар несие беруге құлықты. Тұ­тыну­шыларының ізін «аңдып» оты­ра­ды. Бірақ ойланбай несие берсе, кейін проблемалық несиелер де арта бере­ді. Егер олар сол талапты қатаң сақ­таса, несие беру көрсеткіші төмен бол­са да, қарызды қайтармай­тын­дар­дың саны аз болатын еді», – дейді сарапшы.

Несие алма деп қалай айтасың...

Банктер мен қаржы институт­тары­нан берілетін бөлшек несиенің өсі­мі – кез келген елдің экономикасы мен қаржы секторының даму көр­сет­кіші болып саналады. Күйбең тір­ші­лік­тің мәселесін несие алумен шешу әлем­дік тенденцияға айналып кет­ке­ніне де біршама уақыт болды. Осы тұр­ғыдан алғанда несие берме немесе не­сие алма деп айта алмаймыз. Өйт­кені табысы төмен адамдарға несие беруге тыйым салса, мұндай жағдай­да азаматтар банктен ломбардқа не мөл­шерлемесі жоғары онлайн не­сиелеуге ауыспай ма? Екінші, төлем қа­білеті төмен азаматтарға несие бе­ріл­меуі үшін мемлекеттен тарапы­нан заң қабылданса, ол нарықтық эко­номиканың талаптарына қайшы. «Бұл жерде Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агенттігі банктердің жөн-жосықсыз несие беруін тежеу ке­рек немесе заңсыз жұмыс істеуіне тос­қауыл қоюы керек. Себебі халық­қа азық-түлікті несиеге алма, несиеге те­лефон, көлік алма деп айта алмай­мыз. Агенттік екі жылдан бері жұ­мыс­­тар жүргізіліп жатыр деп, ста­тис­ти­касын көрсетеді. Бірақ белгілі бір банк­терді ғана тексере ме әлде үл­гермей ме?! Нәтижесін көріп отыр­ған жоқпыз. Егер түгелімен бірін қал­­дырмай тексеретін болса, бере­шек­тің көрсеткіші артпаушы еді», – дейді Н.Биякаев. Қаржылық сауатты болмаса да, кез келген адам қарыз алатын кезде қа­шан, қанша төлеу керек екенін біле­ді. Қазақ «көрпеңе қарай көсіл» деп тегін айтпаған ғой. Бүгінде халық арасында несие алып, оны төлемей қоюға болады деген түсініктің күн өт­кен сайын күшеюі отқа май құй­ған­­дай болып отыр. Бұл пікірді эко­но­мика ғылымдарының докторы Атамұрат Шаменов те растап отыр. «Тамақты қарызға ішеді, азық-тү­лікті де қарызға алады. Халық ке­дей­леніп барады. Әлеуметтік же­лі­лерде көшеге шығып, «халықтың не­сиесін кешірсін» деп ұрандатып жүр­гендердің видеолары желдей есіп жүр. Оны көргендер түбінде кешіре­тін шығар деп, төлей алмайтынына қарамай не­сие алады», – дейді А.Шаменов. Қорытындысында бір қолымен қарыз беріп, екінші қолымен оны есе­леп қайтарып жатқан банктер та­лап­қа сай жұмыс істесе, төлей ал­маса да, несие алатындардың саны тө­мендер еді. Екінші, халықтың азық-түлік тауарларына жұмсайтын шығындарының артуы 2015 жылғы девальвациядан кейін басталғанын білеміз. Халықтың тамаққа көп ақша жұмсауы жүйедегі қателіктен хабар береді. Яғни, халықтың жағдайының нашарлап бара жатқанын көрсетеді. АҚШ-та көлікті несиеге аламын де­сеңіз, 1 пайызбен береді. Бізде 20 пайыздың маңайында. Қазір Ұлттық компанияларға тексеру жұмыстары жүр­гізіліп жатқанын білеміз, ендігі кезек несие бергіш банктерде болса дей­міз. Себебі көптің қалауы несие­сінің кешірілгені емес, онсыз да қар­жыдан қиналып отырған қараша ха­лыққа 3-4 пайызбен берілсе, жағ­дай біршама басқаша болар еді. Қыс­қасы, халықтың әл-ауқатын, жа­ла­қы­сын арттыру, жұмыспен қамта­ма­сыз ету – жаңа Қазақстанның ал­дын­дағы кейінге қалдыруды күт­тір­мейтін мәселе.