Алматыдағы «Алтын орда» базары жабыла ма?
Алматыдағы «Алтын орда» базары жабыла ма?
773
оқылды

Соңғы күндерде 2012 жылдың шілдесінен бері жұмыс істеп тұрған Алма­тыдағы «Алтын орда» базары жұмысын тоқтатады екен деген ақпарат пайда болды. Алматы облыстық әкімдігі берген мәлімет бойынша, ол жерде қазір 4 540 адам сауда нүктелерін жалға алып, нәпақасын тауып отыр. Одан бөлек, тағы жүздеген кісі ірі сауда орнының әртүрлі тетігінде жұмыс істеп жүр. Яғни, қауесет шындыққа айналса шамамен 5 000-дай адам жұмыссыздар санын толықтыруы мүмкін. «Алтын орда» базары жабылады екен деген қауесеттің астарында 2021 жылдың қараша айында Алматы облысының маман­дандырылған ауданаралық экономикалық соты отырысында қабылданған шешім жатыр. Сол отырыста Қарасай ауданы бо­йынша Мемлекеттік кірістер басқарма­сының талап-арызы қаралған. Олар соттан Данияр Әлпиев басқаратын «Рынок Алтын орда» ЖШС-ны мәжбүрлеп таратуды сұраған. Сот құжатында көрсетілгендей, аталған ЖШС ұзақ уақыт бойы салық заңнамасы бойынша өз міндеттемелерін орындамаған. Сот салық органдарының талап-арызын қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Ал аталған компания өкілдері сот отырысына келмеген. Шешім 2022 жылғы 24 қаңтарда заңды күшіне енді. Бір қызығы, мемлекеттік баждың құны республикалық бюджет есебінен жабылатын болған. Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, «Рынок Алтын орда» ЖШС осы күнге дейін мемлекетке бір теңге де салық төлемеген. «Алтын орда» базары – еліміздегі ең ірі базардың бірі. Жалпы ауданы 180 мың шаршы метрді алып жатыр. Базар бұл күнде Алматы, Алматы облысындағы және еліміз­дің басқа аймақтарындағы ірі дүкендерге, супермаркеттерге, шағын базарларға ет, жаңа піскен жемістер мен көкөністерді жеткізуді ұйымдастыратын ірі сауда желі­лері­мен тығыз жұмыс істейді. Бүгінде базар­ға шамамен күніне 8 мыңға жуық адам келіп кетеді. Осыдан біраз жыл бұрын Алматыға кіреберістегі және одан шығатын жолдардағы ұдайы кептеліс салдарынан билік базар маңында жолайрықтар мен көпірлер салуға мәжбүр болды. Аталған құрылысқа 12 миллиард теңгеге жуық қаржы кеткені айтылған болатын. Сонымен, қаншама мың адамды жұ­мыспен, Алматы сияқты ең ірі мегаполис пен маңайындағы іргелес аудандардың халқын азық-түлік, жеміспен қамтамасыз етіп отырған «Алтын орда» базары жабыла ма? Көпшіліктің көкейіндегі негізгі сұрақ – осы. Нақтысын білмек болып біз базар орналасқан Алматы облысы Қарасай аудандық Мемлекеттік кірістер басқар­масы­на хабарласқан едік. Салық органы мамандарының айтуынша, сот шешімімен тарқатылған «Рынок Алтын орда» ЖШС-ның әйгілі базарға еш қатысы жоқ екен. Жауапты мекеме өкілі таратылған компания бір кездері әйгілі базарға иелік еткенін де жоққа шығармады. Аталған сауда орны кейін басқа компаниялардың иелігіне өтіп кеткен. «Барлығы жұмыс істеп тұрған «Алтын орда» базары деп ойлайды. Бірақ бұл жай ғана атау сәйкестігі. Ол базарлардың иелері мүлде басқа компания. 93-бап бойынша біздер сотқа мәжбүрлі тарату туралы өтініш бердік. Тиісті шешім шықты. Ал базарға келер болсақ, оған KURYLYS LTD ЖШС және Altyn Orda Qaz Trade Ltd ЖШС иелік етеді. Бүгін сот шешімімен тарқатылып отырған «Рынок Алтын орда» ЖШС аталған базарға 2000 жылдардың басында иелік еткені рас. Қазіргі иелік етіп отырған компаниялар үш жылдан аса уақыт жұмыс істеп келеді», – деді Қарасай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Анарбек Сейітов. Осылайша, соңғы екі-үш күннен бері біраз адамды алаң көңіл қылған «Алтын орда» базарының төңірегіндегі түрлі әңгімеге нүкте қойылды. Қалай болғанда да аталған базар мегаполис тұрғындарының басым көпшілігі үшін өзіндік маңызы бар сауда орны екені рас.

Алматы