Әкімдіктің әрекеті азық-түлік бағасын бағындыра ма?
Әкімдіктің әрекеті азық-түлік бағасын бағындыра ма?
361
оқылды
Еліміздегі ең үлкен мегаполистегі баға саясаты бірінші орында тұр. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тауарлар құнының күн сайын құбылуы – тұрғындардың көкейінде жүрген ең өзекті мәселенің бірі. Қаңтардың басындағы дүрбелеңнен соң енді есін жия бастаған қала басшылығы мегаполистегі азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында шама-шарқынша әрекет жасауда. Алайда 2 миллионға жуық халқы бар Алматы үшін бұл мәселені түбегейлі шешуге әкімдіктегі ат төбеліндей шенділердің шамасы келе ме? Жалпы, Алматы ел аман, жұрт тыныш кезден-ақ еліміздегі қымбатшылық қалалардың көшін бастап тұрғанын бәріміз білеміз. Сәйкесінше, сауда-өнеркәсіп саласында да жоғарғы айналымы бар шаһар – осы. Сарапшы экономистердің тілімен айтсақ, республика бойынша айналымдағы 5 тиынның 3 тиыны осы шаһардың ішінде айналып жатыр. Жиналатын салық көлемі де өзге аймақтардан едәуір жоғары. Қымбат­шылық қала атануының да бір себебі – осы. Сонымен, ең бірінші қажетті зат азық-түліктің бағасын ауыздықтау үшін Алматы атқамінерлері не істеп жатыр? Әкімдік берген мәлімет бойынша, қалада әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз шарықтауына қарсы біршама іс-шаралар атқарылып жатқан көрінеді. Мәселен, қаладағы Тұрақтандыру қорынан осы мәселені шешуге револьверлік несиелер аясында 11,7 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға ірі сауда дүкенінде 36,5 мың тонна көлеміндегі арзан бағадағы 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар өнім орналастырылған. Кейбір базарлар мен желілік супермаркеттерге арнайы әлеу­меттік сөрелер қойылған. Ол жердегі бағалар өзге орындарға қарағанда біршама арзан. Әкімдік бұл шара туралы айтқанына да біраз болды. Жақында әлеуметтік желіде бір әріптесіміз осындай әлеуметтік сөреден қарақұмық алғанда кездескен жағдайды жариялады. Оның сөзінше, белгілеп қойған баға мен сатушының есептеген бағасы екі есе қымбат болып шыққан. «Мен қарақұмықтың бағасы 390 теңге екенін көріп, сатушыға бір келі тартып беруін сұрадым. Ол маған тартылған қарақұмықты беріп тұрып, «Сізден 780 теңге», – деп айтты. Таңғалып, мына жерде 390 теңге деп тұр ғой десем, сатушы: «Ол әкімдіктен тексерушілер келген кезде көрсету үшін қойылған баға» деп жауап берді», – деп жазды жазба авторы. Сонда кім кімді алдап отыр? Әкімдік халықты ма, әлде «жеңілдетілген баға қоямын» деп әкімдіктен тым төмен пайыздық (0,01 пайыз) мөлшермен несие алып отырған кәсіпкер ме? Осындай келеңсіз әңгімелерге іспен жауап бергісі келген болуы керек, әкімдіктің Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Омаров бір топ БАҚ өкілдерін өзі бастап, бірнеше сауда орындарына баспасөз-тур өткізді. Ондағы мақсаты – әкімдіктің жасап жатқан іс-әрекеттерінің есебінен арзан бағада тұрған тауарларды көрсету. Алғаш бас сұққан жеміс-жидек, көкөніс сататын арнайы дүңгіршекте баға басқа жерге қарағанда едәуір арзан екенін көрдік. Шенеуніктің айтуынша, қала бойынша дәл осындай 28 дүңгіршек орналастырыл­ған. Әкімдік өкілі алдағы уақытта осындай дүңгіршектерді қала көшелерінде көбей­туді жоспарлап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар екі ірі желілік супермаркеттер мен жеті азық-түлік базарларынан ар­найы орындар ашылған. Бұларға қажет­ті тауарлар тікелей өндірушіден әкімдік­пен шаруа қожалығы арасындағы өзара келісімшарт негізінде жеткізіліп тұрады. Сонымен, ол жерден не көр­дік? Мәселен, картоп бағасы 119 теңге болса, сәбіз – 128 теңге. Екі келі ұнның бағасы 470 теңге деп бекітілген. Бұл орындардағы баға­лар өзге сөрелердегі бағалардан жоғарыда айтқанымыздай, едәуір арзан. Мұндағы тауар бағасының көтерілмеуін күнделікті мониторинг тобы қадағалап отырады. Бірақ бұл әрекет, яғни бағаны қолдан төмендету ісі қанша уақытқа дейін созылары белгісіз. Мониторинг топ демекші, жақында әкімдік арнайы жиын өткізіп, мегаполис­тегі тұрғын үй­лер­дің астындағы шағын азық-тү­лік дүкендеріндегі бағаның көте­рілмеуін қадағалау туралы тапсырма берген болатын. Жауапты орындардың берген мәліметінше, мегаполисте мұндай дүкендер саны 3 500-ден асады екен. Оның әрбіріне кіріп, тексеріс жүргізу мүмкін емес көрінеді. Сондықтан «халықты бізбен бірге жұмыс істеуге шақырып отырмыз», – дейді шенділер. «Қазір арнайы Gold орталықтың телефон нөмірін орнатқан. Яғни, кез келген тұр­ғын өз үйінің жанындағы шағын дүкен­дерде нан немесе басқа да арнайы Үкімет қаулысымен бекітілген 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауар түрлерінің шамадан тыс қымбаттағанын көрсе, бірден осы орта­лыққа хабарласуына болады. Біріншіден, бұл тұрғындардың өз әлеумет­тік жағдайын жақсартуға септігін тигізсе, екіншіден, біздің жұмы­сымыз­ды жеңіл­детеді», – дейді мамандар. Қалай болғанда да қымбатшылық қала тұрғындарының алқымынан алып тұрғаны рас. Оның түрлі себебі де бар. Осы сапар барысында біз жергілікті тұрғындар «Оптовка» атап кеткен қала­дағы көтерме саудамен айналысатын базарға бас сұқтық. Сол жерде тұрған бір сатушы кісі бізге мұң-зарын айтты. Оның айтуынша, соңғы күндері сауда мүлдем жүрмей қалған. Оның себебі базарға кіреберістегі жол бойында жабайы сауда жасаушылар қаптап кеткен. Солардың кесірінен базар ішіне адам кіруі сиреген. «Мына жолдың бойы түгел алыпсатарлар. Олар біз секілді тұрған орнына заңды жалдау ақысын төлемейді. Бар болғаны – учаскелік полицейге 2 000 теңге береді. Кешке дейін еркін тұрып, заңсыз саудасын жасайды. Ал осы тұрған шағын жеріме бір айлық жалдау ақысы ретінде 85 000 теңге төлеп отырмын. Өзге де күндік шығындарым бар. Содан барып, амал жоқ анда-санда кірген алушыға қымбат сатуыма тура келеді. Бұл мәселені базар басшы­лығына айтсақ, олар сырттағы жер теліміне әкімдік жауапты деп отыр», – дейді жеміс-жидек сатып отырған кәсіпкер. Сатушының сөзіне Алматы қаласы әкім­дігі Кәсіпкерлікке жауапты басқарма басшысының орынбасары Ерлан Омаров бұл шаруадан хабары бар екенін, түйткілді жақын арада шешу үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтып сендірді. Сонымен қатар Алматы ішінде әр жексенбі сайын ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін өткізу 22 қаңтардан бастап қайта жолға қойылған болатын. Шенділердің айтуынша, бұл жерде ет-сүт, көкөніс сияқты тауарлардың бағасы өзге орындарға қарағанда 20 пайызға арзан. Егер рас болса, бұл әрекет қымбатшылықты құрықтай алмаса да, халықтың әлеуметтік жағдайына белгілі бір деңгейде жақсы әсер қалдырары сөзсіз. Алматының алқымынан алып тұрған қымбатшылықты түбегейлі шешудің тағы қандай жолы бар? Әкімдіктің жоғарыдағы әрекеттері де уақытша екені түсінікті. Уақытша болмағанның өзінде қаладағы мұндай санаулы орындар 2 миллион тұтынушының қажетін өтей алмасы анық. Шамалы уақыттан кейін Үкімет бекіткен әлеуметтік маңызы бар тауар түрлерін көтермеуге арналған 60 күндік мерзімі де бітер. Ары қарай не болмақ? Бұл мәселе алдағы уақытта мегаполис басшыларының тұрақты түрде бас ауруына айналатын сыңайлы.

Алматы