Мегаполис мектептерінде орын тапшы
Мегаполис мектептерінде орын тапшы
397
оқылды
«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деген жаттанды болған тіркесті Алматының мектептеріне қатыс­ты айтса артық болмас еді. Қазір Алматы қаласында 207 мемлекеттік мектепте 279 858 оқушы білім алып жатыр. Өткен 2020-2021 жыл­ы оқу басталғанда метептердегі орын тапшылығы 33 812 бол­ған. Яғни, қала мектептерінде осыншама бала артық жүктемемен оқып жатыр деген сөз. Осыдан келіп бір сыныпта 40-45 оқушы білім алуға мәжбүр. Жауапты шенділер тарапынан мәселені түбегейлі шешу үшін түрлі қарекеттер жасалып жатқанымен, бұл мәселе жылдар өткен сайын күрделеніп бара жатқаны рас. Оның түрлі себебі бар.

Бір себеп – бала туу көрсеткішінің жоғары болуы

Бірінші себеп әрине қаланың урбани­зация­лық жағдайына тікелей қатысты. Жергілікті шенеуніктердің айтуынша, негізгі себеп мегаполисте бала туу көрсет­кіші­нің жоғары болуы және белсенді көші-қон процестері мәселенің түбегейлі шешілуіне кері әсер етіп отырса керек. Қалалық Білім басқармасының мәліметін­ше, мектептердегі орын санының тапшы­лығы негізінен жаңадан ашылған Алатау, Наурызбай аудандарында бар. Сонымен қатар бұл мәселе Түрксіб ауданында да өзекті болып отыр. Себебі түсінікті. Бұл аудандарды құру барысында қалаға іргелес жатқан бұрын облыс аумағына кіретін бірнеше ауыл қосылды. Сондай-ақ қалаға көшіп келушілердің көп бөлігі осы аудандарда қоныс тепкен. Оның үс­тіне тұрғын үй тапшылығын шешу мақса­тында түрлі мемлекеттік бағдарламамен салынған бірнеше көпқабатты тұрғын үйлер де осы аудандарда салынды. Сондықтан тұрғын­дар санының тығыздығына сай өзге де қажеттіліктермен бірге мектеп тапшы­лығы байқалып отыр.

Жоспардағы 5 мектеп неге салынбай қалды?

Аталған мәселе тұрғындардың қала атқа мінерлерінің төбесін көре сала алғашқы қоятын сауалы болғаны да үйреншікті жайтқа айналды. Әкім-қаралар уәде беруден, тұрғындар талап етуден шаршамай келеді. 2020 жылды қорытындылау мақсатында халықпен кездескен сол кездегі қала әкімі Бақытжан Сағынтаев осы мәселені шешу мақсатында 2021 жылы мегаполисте 8 жаңа білім ошағы бой көтеретінін айтып сендірген болатын. Экс-әкімнің сөзінше бұл мектептер «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылу керек болған. Оған қоса қаладағы 17 мектептің жанынан жапсарлас оқу ғимараттарының құрылысы жүргілізуі тиіс-тін. Жоспар жүзеге асқан жағдайда 23 мың оқушы сыятыны айтылған. Бұл жоба өз кезегінде қала мектептеріндегі орын тапшылығын 73 пайызға азайтады деп сендірген еді. Алайда былтырғы есеп бойынша мегаполисте бар болғаны 5 100 орындық 3 жаңа мектеп пен 17 жапсарлас оқу ғимаратының құрылысы ғана аяқталып үлгерді. Осыған байланысты қалалық Білім басқармасы 2021 жылдың аяғында 13 мыңнан астам оқушыға орын тапшылығы азайды деп есеп беріп отыр. Солай болған күнде де дәл бүгінде қала мектептерінде әлі 20 812 балаға орын жетпейді деген сөз. Айтқандай осы үш мектептің екеуі әлі оқушы қабылдай қойған жоқ. Себебі құрылысы біткенімен, қалалық Құрылыс басқармасы кейбір құжаттың тексеруден толық өтпеуіне байланысты нысанды ашуға рұқсат бермеген. Өткен жылдың соңғы күндерінде экс-қалабасы осы жаңадан салынған №205, 206 мектептерге барып, білім ордасы оқу жылының ІІІ-тоқсанынан бастап бала қабылдауға дайын деген болатын. Бірақ ІІІ тоқсан басталғалы да бірнеше күн болды. Жаңа мектеп шәкірт қабылдауға асығар емес. Ал жоспарланған сегіз мектептің қалған 5-еуі неге салынбай қалғанының нақты жауабын тиісті орындардан алу мүмкін болмады.

Мәселе алдағы жылдары шешіле ме?

Қалалық әкімдіктің берген мәліметін­ше, 2022 жылы 7 500 орындық 5 мектептің, оған қоса 970 орындық 4 мектептің негізгі ғимаратына қосымша жапсарлас салынған құрылысы аяқталуы тиіс. Сонымен қатар бюджет есебінен 1 100 орынға арналған 2 мектеп және 2 800 орынға арналған 7 мектепке жапсарлас нысандар салу жоспарланған. Оған қоса, Мемелекеттік және жекеменшік әріптестік аясында 4 800 орынға арналған 4 мектеп салынбақ. Түрлі меморандумдар аясында 10 990 орындық 11 мектеп және 2 325 орындық 6 қосымша құрылыс жүргізбек. Сонымен қоса 1 400 орындық мектепке айналдыру мақсатында 2 ғимаратты сатып алмақ. Жеке инвестициялар есебінен 3 400 орындық 10 мектептің де жобасы дайындалып отыр. Қала басшылары осыдан біраз жыл бұрын қаланың шет аймақтарын дамыту жөніндегі «Жаңа Алматы» кешенді бағдар­лама­сын дайындаған болатын. Сол бағдар­лама­ның негізгі бір тармағы қаланың барлық аумағында, мейлі ол орталық болсын, шеті болсын – сапалы әрі қолжетімді білім беруді қамтамасыз етуге бағытталған еді. Осы негізде мегаполистегі үш ауысым­дық мектептерді біржола жою алға қойылған. Дәл осы бағдарлама қабыл­данған жылы Алматыда үш ауысымда оқитын жалғыз мектеп бар болатын. Қала­ның Алатау ауданына қарасты «Рахат» шағынауданында орналасқан №196 білім ошағы осы күнге дейін сол баяғыша үш ауысымда оқытып келеді. Аталған мектептің орнына 1500 орындық жаңа мектепті салуға дайындық 2020 жылы басталған. Жоспарға сәйкес бұл мектептің де құрылсы жоғарыда айтқан 8 мектептің бірі ретінде 2021 жылы аяқталуы тиіс болатын. Өкінішке қарай, «Рахатта» тұратын балаларға арқа басы кең отырып рахаттана білім алатын күн әзір алыс сияқты. Қала тұрғындары мен түрлі мектеп ұжымдары атынан айтылған мыңдаған ұсыныс ескеріле отырып, білім беру нысан­дарының үдемелі құрылысының 2025 жылға дейінгі бағдарламасы әзірлен­ген болатын. Ол алдыңғы әкімнің тұсын­дағы әңгіме еді. Жаңа тағайындалған қала басшысы Ерболат Досаев мырза алдыңғы әкімнің бұл бағдарламасын жалғастыра кетсе игі болар еді. Тек жалғастырып қана қоймай, жаңаша қарқын беріп жандандыра түссе жөн болмақ. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, экс-әкім Сағынтаевтың тұсында жасалған бағдарлама өз жоспарынан өзі қалып кеткенін көріп отырсыздар. Айта-айта шаршаған ата-аналар мен оқу­шылардың арманын жаңа әкім біржақты етіп шешіп бере алар ма екен? Себебі осы күнге дейін сан әкім келсе де, шеше алмай кеткен бір мәселе мегаполис мектептеріндегі осы орын тапшылығы дер едік.

Алматы