Оқу орнына күрделі жөндеу жүргізіледі
Оқу орнына күрделі жөндеу жүргізіледі
419
оқылды
«Nur Otan» партиясының Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Теренченко және пар­тия­ның депутаттық фракциясының мүше­лері Д.Айтжанова, Г.Олжатай, М.Қымбатов, Г.Нұрханова қаладағы «Павлодар қызмет көрсету саласы колледжіне» барды. Бүгінде аталған оқу орнында 300-ге тарта болашақ маман иелері «Шаштараз өнері және сәндік косметика», «Тігін өндірісі және киім үлгілері» мамандықтары бойынша білім алады. Бірінші курста – 151, екінші курста 141 студент оқи­ды. Оның ішінде жетімдер мен мүгедектер бар. Колледж директоры Азамат Қашитов қазір техникаларды заман талабына сай жаңарту қажет екенін айтады. Демеушілердің арқа­сында тігін машиналары алынған. Білім оша­ғында студенттер арасында түрлі сайыстар өт­кізіледі. Осы бастаманы депутаттар да қол­дап, демеушілік көрсетуге ниет білдірді. Мұнда ағаш шеберханасы да бар. Алдағы уақытта осы бағытта маман дайындау жос­парланған екен. Тұрмысқа қажетті сапалы өнімдер дайындалмақшы. Оқу орны директорының айтуынша, 1976 жылы пайдалануға берілген ғимаратқа бүгінгі күнге дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізілмеген. Оқу-өндірістік шеберханаларының жағдайы нашар. «Төбеден су ағады, еден бетоннан, жел­дет­кіштер мен есік-терезелері, жылыту құрыл­ғы­лары істен шыққан. Спортзалдар мен мәжіліс залдарының едендерінің әбден тозығы жетіп, қолданысқа жарамай қалған. Егерде бос тұрған бөлмелерді жөндеп, іске қосатын болса, онда арнайы кабинеттер мен студенттер жататын орындар жасақтауға болар еді»,– дейді Азамат Өмірзақұлы. Қазір оқу ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін жалпы сомасы 685 млн 386 мың теңгенің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалған. Облыстық мәслихат депутаттары бұл құжаттарды өндіріске енгізу үшін мәслихат қарауына жіберуді ұсынды.