«Пәтершілердің» арманы орындала ма?
«Пәтершілердің» арманы орындала ма?
352
оқылды
Мемлекет жалдамалы пәтерде тұратын­дарды жарылқап, пәтерақысының 50 па­йызын төлеп берейін деп отыр. Бағдарлама мамырда іске қосылса, тұрмысы төмен отбасылардың жағдайы оңала ма? Бізде қандай да бір әлеуметтік бағдарлама әзірленсе, қабылданбай жатып-ақ бағаның қымбаттауына түрткі болады. Біресе пәтер бағасы өседі, біресе жалдау құны шарық­тайды. Иә, нарықтық экономикада мұны реттеудің тетігін табу қиын. Бірақ мәселенің қандай бір шешімі бар ма? Қазақ­станд­ық­тардың жылдар бойы басыбайлы баспа­на­сына қол жеткізе алмауына не кедергі?  Вячеслав Вячеслав ЛАЗАРЕВ, Open Development компания- сының бас директоры:

ӨНДІРІС ӨРКЕНДЕМЕЙ, БӘРІ БЕКЕР

– Расымен мемлекет қа­ра­пайым халықтың өмірін жақ­сартуға бағытталған бағ­дар­ламалар жасап жатыр. Әсі­ресе, тұрмысы төмен са­нат­тағыларға қол ұшын соз­ғысы келеді. Бірақ соңында жағдай оңалудың орнына ушыға түседі. Әлеуметтік әл-ауқаты төмен санаттағыларға ипотеканың па­йыз­дық үстемақысын субсидиялағанда, түрлі механизмдер арқылы халықтың осал топ өкілдерін қолдағанда, жал­дамалы пәтерінің жарты ақысын төлеп бергенде ха­лықтың пәтерге деген сұранысын арттырып жібе­ре­ді. Өз кезегінде сұраныс әрқашан ұсынысты туды­ра­ды. Нарықта ұсыныс жетіспей, үйге сұраныс жоға­ры­ласа, онда пәтер бағасы қымбаттайды. Пәтер баға­сының қымбаттауы құрылыс материалдарына қатысты. Менің ойымша, халықтың белгілі бөлігіне ғана қол ұшын созғанша, отандық өндірісті қалыптастырудан бастаса дұрыс болар еді. Бәсекеге қабілетті өндірісті қа­лыптастыру керек. Өйткені бізде өкінішке қарай құрылыс материалдарының 20-30 пайызы ғана еліміз­ден шығады. 70 пайызы шетелден жеткізіледі, бүгінде Ресей, Қытай, Еуропаға қол жайып отырмыз. Екін­шіден, тұрғын үй құрылысы саласында қалып­тасқан моно­полияны реттеудің тетігін қалыптастыруымыз керек. Арман Арман БЕЙСЕМБАЕВ, қаржы сарапшысы:

МЕМЛЕКЕТ КӨМЕКТЕСКІСІ КЕЛЕДІ, БІРАҚ...

– Бұл – нарыққа қоңырау. Жылжымайтын мүлікті жалға беру нарығы бар. Нарыққа 50 млрд қаржы құйылатынын бәрі көріп отыр. Біреу бағаны көтерсе, оған қарап екіншісі де пәтерақының бағасын қым­баттатады. Бірақ бағаны көтеруге негіз жоқ. Зей­нет­ақы жинағының артылған мөлшерін алуға рұқсат берген кезде де осындай жағдай болды. Бағдарлама бас­талмай жатып, пәтер бағасы өсті. Бастапқы және қайталама тұр­ғын үйлердің бағасы көтерілді. Қайталама тұрғын үй бағасынан кейін пәтердің жалдау құны да 2-3 есе қым­баттады. Бірақ оған жалдамалы пәтер бағасының қатысы қанша? Нарыққа қомақты қаражат құйылды, «көрпені» әркім өзіне қарай тартады. Ол қаржыдан бәрі де дәмелі. Мұны реттеудің тетігі жоқ. Және болмауы да керек. Өкінішке қарай мемлекет пәтер бағасының, жалдау құнының өсіміне айтарлықтай үлес қосып отыр. Бір қолымен бағаны бақылауда ұстағысы келеді, екінші қолымен нарыққа қомақты қаржы құйып, бағаны одан сайын аспандатып жатыр. Әрине, қазір Үкімет халықты тыныштандырғысы келеді. Бірақ мәселе қаржының жетіспеушілігінде емес, экономика жолға қойылу үшін институттар дұрыс жұмыс істеу керек. Сонда бәлкім әлеуметтік бағдарламаларды іске қосудың қажеті де болмай қалады. «Аш балаға балық берме, қармақ бер» деген ұстанымда болу керек. Халыққа керегі жұмыс пен жалақы. Жалақы болуы үшін елімізде шағын және орта бизнес дамуы керек. Айдархан Айдархан ҚҰСАЙЫНОВ, экономист:

СҰРАҒАНЫН БЕРУДІ ҚОЮ КЕРЕК

– Пәтер бағасы, жалдау құны төмендегенін қалайсыз ба? Онда мемлекет бағаның өсіміне тікелей түрткі болатын әлеуметтік бағдарламаларға ақша құюды тоқтату керек. Сонда ғана жылжымайтын мүлік бағасы түседі. Мәселен, бізде қазіргі бағаға пәтер сатып ала алмай жүрген 20 мың адам бар делік, мемлекет сондай бағада халықтың баспаналы болуы үшін бағдарлама қабылдап, қаржы бөлді. Онда баға төмендей ме? Жоқ. Тағы да қымбаттайды. Келесі кезеңде не болады? Тағы 20 мың адам «бұл бағада үй ала алмаймыз» деп шығады. Мемлекет олардың үйлі болуы үшін тағы да әлеуметтік бағдарламаны іске қосып, қаржы бөледі. Баға арзандай ма? Жоқ. Тағы да пәтер бағасы қымбаттайды. Егер баста «20 мың адамға ақша бөлінбейді» дегенде, олар біз үй сатып ала алмаймыз деп шырылдайды. Сату­шылар бұл бағада үйлер сатылмайды дейді, нәтижесінде баспана бағасы төмендейді. Сонда сол 20 мың адамның үйге қолы жетеді. Келесі 20 мың адам да бұл бағада үй сатып ала алмаймыз дейді, мемлекет ол үшін қаржы бөлмейді. Сонда сатушылар тағы бағаны төмендетеді. Тағы бір мысал, балаңыз «кәмпит жей­мін» дейді. Жыламасын деп, кәмпитті қолына ұстата­сыз. Балаңызда семіздік пайда болады. Келесіде екі кәмпит сұрайды, жыламасын деп тағы екі кәмпит бере аласыз. Бірақ диатез пайда болады. Сосын ол үш кәм­пит сұрайды. Мәселені шешудің жалғыз жолы – кәм­пит бермеу. Иә, ол жылайды. Мінез көрсетеді. Есесіне екі кәмпит сұрамайтын болады. Диатез, семіздік бол­майды. Міне, бүгінде жылжымайтын мүлік нарығында осындай көрініс. Негізінде, мұның бәрін 2003 жылы тоқтату керек еді. Өйткені сол кезде Президент «ха­лық­қа той жасағанша, ипотекаға үй ал» деді. Ал қазақ халқында бастапқы 5 жыл ата-енемен тұрады. Сол кезден бастап жұрт мемлекеттік бағдарламамен қарызға үй алуға тырысып бақты. Қазір бәрі соның жетегінде жүр. Дәулет Дәулет МҰҚАЕВ, экономист, қоғам белсендісі:

ЖАЛҒЫЗБАСТЫ ОТБАСЫЛАР НЕГЕ ТЫС ҚАЛДЫ?

– Түрлі бағдарламалар қабылданған сайын бағаның қымбаттау себебі сұраныстың артуынан. Нарықтық эконо­мика болғандықтан оны рет­теудің нақты тетігін айту қиын. Иә, 70 мың отбасының жалдамалы пәтер­ақысының жартысын мемлекет төлейтін бағдарлама іске қосылған күні жалдамалы пәтер бағасы қым­баттауы мүмкін. Пәтерлерін жалға берушілер жалға алушылармен келісімшартқа отыруы керек. Қазір көбінде келісімшарт жоқ. Пәтер иесі келісімшартқа отырғаннан кейін заңды түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бірыңғай жиынтық төлем төлеу керек. Бұлар кәсіпкерге қосымша шығын бол­ған­дықтан оны пәтерақының бағасына қоса есептеп, жалдау құнын көтеруі мүмкін. Яғни, бағдарлама қымбатшылықты тудырады. Екінші, айына 40-50 мың теңге пәтер жалдап отырғандар пәтер иесімен келісіп, пәтерақыны 100 мың теңге етіп көрсетіп, Үкіметтен көбірек ақша алып қалуға тырысуы мүмкін. Бай мен кедейдің арасы алшақтап жатқандықтан мұндай бағдарлама керек. Бірақ өкінішке қарай жан-жақты ойластырыла бермейді. Бұл бағдарламаға көпбалалы отбасыларды қосқаны дұрыс емес деп есептеймін. Оның орнына толық емес, отбасыларды қосу керек еді. Өйткені жалғызбасты аналарға, жалғызбасты әкелерге отба­сын асырау үшін екі есе жұмыс істеуге тура келеді. Сонда балаға кім қарайды? Осы тұста олардың пәтер­а­қысының жартысын мемлекет төлеп отырса, едәуір көмек болар еді.