Танымал тұлғалардың көбінің тегін ауыстыруына беделі әсер етті, енді бірі қауіпсіздігін, болашағын ойлады. Қазақстанда саяси, тұрмыс жағдайына байланысты кімдер тегін ауыстырды?
Динара Шайжүнісова
Фото: Sputnik
«Болашақ» корпоративтік қорының қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова әлеуметтік желідегі тегін әкесінің есіміне ауыстырған. Оның Instagram парақшасында есімі бұрын Динара Шайжүнісова деп жазылса, қазір Динара Гаплан делінген.
Қазақстандық БАҚ-тар Динара Шайжүнісованың әлеуметтік желідегі тегін ауыстыруына елдегі ахуал себеп болуы мүмкін екенін жазды. Басылымның болжамынша, ол танымал әулетпен туыстық байланысын көрсеткісі келмеуі мүмкін немесе ол күйеуінен ажырасып, әкесінің тегін қайтарып алуы мүмкін. Әзірге ресми мәлімет жоқ.
Айта кетейік, Динара Шайжүнісованың қайын інісі – Дәлен Шайжүнісов 2018 жылы Дариға Назарбаеваның жалғыз қызы Венераға үйленген еді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы
Фото: Sn.kz
ҚР Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы 2008 жылы қазанда тегін Мұхамедиұлы етіп өзгерткен еді.
Ол бұл туралы «Время» газетіне берген сұхбатында айтқан.
"Бұрын бәрі "Рахат Әлиевтің туысы емессің бе, мансабыңның өсуіне соның әсері бар ма?" деп сұрайтын. 2007-2008 жылдардағы саяси оқиғалар тегімді өзгертуіме мәжбүр етті. Енді мен – Арыстанбек Мұхамедиұлымын", – деген ол.
Алайда, экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл пікірін «Время» басылымы бұрмалап бергенін айтып, шағымданған болатын. Ол тегін әкесінің атымен байланыстыруды жөн санап, әрі "ов" тіркесін алып тастауды көздеген. Сондай-ақ барша қазақстандықтарды осы бастаманы қолдауға шақырды.
Гога Ашкенази
Фото: Нostelcity.su
Қазақстанның тумасы, танымал кәсіпкер Гауһар Беркалиева 23 жасында америкалық кәсіпкер Стефана Ашкеназиге үйленген. Ол - L’Ermitage Hotel Group негізін қалаушы Северина Ашкеназидің ұлы. Үйленген соң Гаухар күйеуінің тегін алған. Бірақ 2007 ажырасып кетсе де, бұрынғы күйеуінің тегінде қалған.
Айта кетейік, Гога қазақстандықтарға кәсіпкер Тимур Кулибаевпен тығыз қарым-қатынасы арқылы таныс.
Баян Есентаева
Фото: Аzh.kz
Қазақстандық танымал продюсер Баян Мақсатқызы бұрынғы күйеуі Бақытбек Есентаевпен ажырасып, бизнесмен Тұрсынғали Алагөзовке тұрмысқа шыққан соң тегін ауыстырған еді.
Қазір продюсер көпшілікке Баян Алагөзова ретінде таныс.
«Адамдар мен жайлы жай ғана «Баян» деп сөйлемейді. Енді (тегімді) ауыстырғым келеді, себебі мен Есентаевтың әйелі емеспін. Баян Алагөзова болғым келеді. Ері мен әйелі бір болуы керек. Балалы болып жатсақ, шешесі Есентаева, әкесі Алагөзов болып жүргенімізді қаламаймын», – деген еді продюсер Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында.
Айта кетейік, Баян Мақсатқызы бұрынғы күйеуі Бақытбек Есентаевпен ажырасып, Бақытбек 9 жылға бас бостандығынан айырылған еді.