Қаралы қаңтар: Қызылордадағы жаппай тәртіпсіздіктердің хронологиясы шықты (видео)
Қаралы қаңтар: Қызылордадағы жаппай тәртіпсіздіктердің хронологиясы шықты (видео)
527
оқылды

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсылық акциясы бірер күнде Қазақстанның бірнеше өңірінде жалғасты. Қызылордада 4 қаңтарда басталған митинг ертесіне жаппай тәртіпсіздікке ұласты.

Ресми дерек бойынша, 5 қаңтардан бастап 718 адам полиция органдарына жеткізілген. Әкімшілік істер бойынша 154 адамға шара қолданылып, 53 қылмыстық іс бойынша 99 адам қамауға алынған. Осы оқиғалар кезінде қалада 25 адам қаза тапқан. Оның біреуі – әскери борышын өтеп жүрген сарбаз. Сол күні жаппай тәртіпсіздік кезінде екі адам облыс орталығында орналасқан ломбардтан 300 миллион теңгеге бағаланған алтын бұйымдарды ұрланған. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 4-бөлігінің 3-тармағымен қылмыстық іс тіркелді. Іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ретінде Қызылорда қаласының 2 тұрғыны қолға түскен. Ведомство мәліметінше, күдіктілер уақытша ұстау абақтысында, іс тергелуде. Қызылордаға жаппай тәртіпсіздік салдарынан 6 миллиард теңгеден астам залал келген. Оның ішінде оргтехникаларды ұрлап кету, ғимараттарды бұзу, автокөліктерді өртеу процесіне дейін барған бұзақылар. Арнайы құрылған комиссияның мәліметінше, бұл тек  8 мемлекеттік нысанның шығыны. Ал кәсіпкерлік саласы 26 нысанға шамамен 400 миллион теңге зардап шеккен. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, осы келеңсіздікке байланысты ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 15-тармағымен іс қозғалды. Яғни, жаппай тәртіпсіздік барысында адам өлтіру және 380-бабы 2-бөлігінің 5-тармағымен басқа адамдардың өміріне қауіп төндіріп, әскери қызметшіні қазаға ұшырату бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп, тексеру әрекеттері жүргізілуде. https://youtu.be/ic3dltOiGK0