Алаяққа арандап қалмаңыз!
Алаяққа арандап қалмаңыз!
271
оқылды
Алаяқтар қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай платформасын пайдаланып, қазақстандықтар атына несие рәсімдеуге көшкен. Тек демалыс күндерінің өзін­де «Атамекен» ҰКП байланыс орталығына осындай шағыммен 250 адам жүгінсе, дүйсенбі, 7 ақ­пан­да осы тектес тағы 186 қо­ңырау түскен. Мәселен, өтініштердің бірінде Шымкент тұрғыны атаmekenim.kz сайтында көмекке өтініш беріп, барлық мәліметтерді толтырғаннан кейін экранда несиенің сәтті өңделгені туралы ақпарат пайда болғанын, содан кейін оған одан әрі ақшалай несие рәсімдеу туралы ұсыныспен бейнеқоңырау түскенін айтқан. Дәл осындай оқиға Өскеменде де болды. Онда қала тұрғынына электронды үкіметтің жалған порталы атынан SMS хабарлама жіберіліп, одан кейін ақшалай көмек түрінде 1 166 000 теңге алу үшін жолданған SMS кодын атауды сұраған алаяқ хабарласқан. Осыған дейін Қордың әлеу­мет­тік желідегі мессенджерлеріне «Қазақстан халқына» қоры атынан телефон соққан алаяқтар төлеуге уәде еткен 42 500 теңге кө­леміндегі әлеуметтік жәрдем­ақыға қатысты сұрақтар келіп түскен болатын. «Қор мессенджерлер арқылы бейне немесе аудио қоңыраулар жасамайды. Жалғыз байланыс құ­ралы – qazaqstanhalqyna.kz сайты және atamekenim.kz қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай платформасы. Біз азаматтардың қауесеттерге сенбеуін және алаяқ ұйымдардың арандатуына берілмеуді сұрай­мыз. Тек ресми ақпаратқа сеніңіз­дер», – дейді «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі Әлібек Әбділов.