Су тасқыны тағы сарсаңға түсірмек
Су тасқыны тағы сарсаңға түсірмек
1,010
оқылды
Елімізде әр маусым сайын бір мәселе шығады. Жазда мал азығын қамдап үлгермей, күзде көмір тап­пай, қыста жылу жетпей әбігер бола­тын өңірлер бар. Енді көктем келмей тұрып-ақ баяғы бір ескірмейтін проб­ле­маға тап келдік. Елдегі бірнеше өңір­дегі жүздеген ауылды су басуы мүмкін. Жауаптылар бәріне дайын екенін айтып заржақ болып отыр. Дегенмен олардың айтып келмейтін апаттың алдын алуға дәрмені жете ме?

Мыңдаған тұрғын үркіп отыр

Таяуда Ақмола облысының аумағын­дағы 125 елді мекенді су басу қаупі төніп тұрғаны хабарланды. Бұл жерде 13 мыңға жуық адам тұрады. 80 көлі бар Көкше жерінде су айдынына құятын өзен көп. Барлығы қар еріген кезде қатер төндіреді. Облыстағы су тасу қаупі ең зор аймақтардың бірі – Атбасар қаласы. Қатер төндіріп тұр­ған сол баяғы Жабай өзені. Жергілікті би­лік биыл қар аз болғанына қарамастан, тасқынға тоқтау қоюға көшіпті. Жылда бұл мақсатта 40 миллион теңге бөлетін аудан биыл 62 миллион теңге қаржы шығында­мақ. Оның 45 миллионы тек қар шығаруға жұмсалмақ екен. Әкімдік облыс бойынша 12 жарым мың тонна инертті материал, 60 мың дана қап, 273 тонна жанар-жағармай әзір­ленгенін айтады. Әзірге шенділер аудан­дардағы қарды шығарумен әуре. Жалпы, Атбасар қаласының тұрғын­дарын қауіпсіз аймаққа көшіру бұрыннан айтылып келеді. Әйтпесе, жыл сайын көк­темде жұрттан маза кетіп, жергілікті билік миллиондап қаржы шашқанына етіміз үйренді. Қазір Атбасардан бөлек Ақмола­ның Астрахань, Аршалы, Целиноград ауданы да қауіп төніп тұр. Ал бұл жағдайға қатысты «Қазгидромет» өкілдері әлі бей­жай отырған сыңайлы. «Су тасқыны бола ма, жоқ па, ол жайлы айту әлі ерте. Себебі осы ай мен келесі айда әлі де қар жауады. Сондықтан қазіргі болжам нақты емес. Дәлірек болжам наурыз айында шығады. Әзірге бір білеріміз, биыл көктемнің алғашқы айы суықтау болады», – деп мәлімдеді «Қазгидромет». Биыл көктем келмей тұрып жергілікті би­ліктің қимылдай бастағанынан қорқа­тын болдық. Өйткені ылғи осы елді мекен­нің билігі «дайынбыз» деп жар салса, су алып кете беретінін білеміз. 5 жыл бұрын Атбасардағы жүздеген үйді су басты, тұр­ғындар уақытша өзге жерге көшірілді. Қызығы сол, су тасқынынан бірнеше апта бұрын билік дәл қазіргідей төтенше жағ­дайға дайын екені туралы хабарлап, қала ар­қылы ағып жатқан Жабай өзеніндегі бөгеттің берік, қауіп-қатердің жоғын мә­лімдеген. Бірақ 200 миллион теңгенің құры­лысы тасқынға шыдамады. Бір жыл­дан кейін Атбасар ауданының әкімі болған Андрей Никишов «бөгет салу кезінде ақша жымқырды» деген айыппен 10 жылға сотталды. Зардап шеккендерге өтемақы төлеуге, жаңа үйлер салуға билік бюджеттен жүздеген миллион теңге бөлді. Дегенмен Атбасардың тап осы мәселесі әлі шешілген жоқ. 2009, 2014 пен 2017 жылдары қалада ірі су тасқыны болды. Бәрінде де билік дайын болмаған. Сайып келгенде, халық бәрібір зардап шегеді, ал ақша қайда жұм­салады? Шамасы, су тасқынының алдын алуда қыруар қаржы болса да, нәтиже болмауы жемқорлыққа қатысты бір шикіліктің шетін аңғартса керек. су басу Осы күні шығыс та тасқынға қарсы қамданып жатыр. Қыста қар аз түскен, қар жабыны 15 см ғана. Ал «Қазгидромет» мамандарының дерегіне сенсек, жердің тоңы 58 см, кейбір жерлерде 120 см жеткен. Әйтеуір не керек, жергілікті билік «жағдай бақылауда» деп қысқа қайырып отыр. Елорда маңында да төтенше жағдай қызметкерлері елді мекендерді аралап, халыққа қауіпсіздік жайын айтып әлек. Бірақ су тасқыны жиын өткізіп, түсіндіру­мен шешілетін мәселе емес.

Қыруар ақша қайда жұмсалып жатыр?

Тасқынның алдын алудың өзі бюджетке салмақ. Елімізде бұл мақсатта аз қаражат бөлінбейді. Министрлік те, әкімдіктер де қазынаға «қол салады». 2017-2020 жылдар аралығында су тасқынының алдын алу үшін 42 миллиард теңге жұмсалды. Кейін бұл мақсатта бөлінетін қаржы аяқасты 4 есеге жуық өсті. 2020-2023 жылдарға 160 миллиард теңге жоспарланды (!). Аз қара­жат емес. Елді мекендерді су тасқынынан қорғауға 2023 жылға дейінгі жаңа Жол картасы бекітілген. Жаңағы айтқан 160 миллиардтың 131,6-сы республикалық бюджеттен, 28,6-сы жергілікті бюджеттен қаралады. Ал алдындағы 42 миллиард теңге қайда жұмсалды? Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан мәлімет бойынша, 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін республикадағы 315 елді мекенде су басу қаупінің алдын алған. Өңірлердің әкімдік­терімен бірлесіп, өзендердің неғұрлым қауіпті учаскелерінде инженерлік-қорғау жұмыстары жүргізілген. 11 мың шақырым­нан астам каналдар мен арық жүйелері, автомобиль және теміржолдарда орналас­қан 11 мыңнан астам су өткізу құбыры тазартылған екен. Бұдан басқа, осындай тізе беруге болатын цифрлар бар. Әйткенмен, бір мәселені айтайық. Су тасқынының алдын алуға бөлінетін қар­жының өзі даулы дүние. Кезінде осыған байланысты су қаупі зор Шығыс Қа­зақ­стан облысының әкімі Даниал Ахметов қарсы пікір айтқан болатын. Оның айтуынша, бірқатар ведомство «2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» Жол картасына қол қойған, бірақ Жол картасы бойынша ештеңе жасал­маған. Сол себепті Ахметовке бағдар­ламаны жүзеге асыруға «жергілікті бюд­жеттен қосымша қаражат бөлу керек» деген тұсы ұнамапты. «Жаб­дықтар жоқ. Биыл тағы да әкімдік 500 мил­­лион теңге бөлді. Онда неге бұл бағдар­ла­маларды іске асырып отырмыз? Кім үшін? Әкімдік бұл бағдарламаға қол қоймады. Құжаттарды ашып қараңыздар! Барлығы жергілікті бюджеттен төленетін болса, онда біз бағ­дарламаны министр­ліксіз өзіміз құра­мыз», – деген ол. Бұл бір жағы ғана, жылда су тасқыны­нан зардап шегетін елді мекен тұрғындары шенеуніктерді апаттың алдын алудан гөрі, «салдарымен күресуге» көбірек қаражат бөлу жағы қызықтырады деп санайды.

Су қоймалары мәселені шеше ме?

Былтыр Мағзұм Мырзағалиев Эколо­гия, геология және табиғи ресурстар ми­нистрі болып тұрған шағында күтпеген бір жоспарын жариялады. Елдегі 9 облыста жы­лына жалпы көлемі 3,6 миллиард текше метр су жинайтын 39 жаңа су қоймасын салуды ойластырғанын айтты. Бұл жос­пар­ды іске асыруға 115 миллиард теңге қажет екен. Осылай министрлік «су қоймаларын салу 70 елді мекендегі су тасқыны қаупін азайтады», – деді. Трансшекаралық өзен­дердегі су көлеміне тәуелділікті тағы азайт­пақ ниеті бар. Мысалы, Қырғыз Респуб­ликасына тәуелділікті – 30 пайызға, Өз­бекстанмен – 25 пайызға, Ресеймен 15 пайызға азайту жоспарланды. Сол кезде экологтер ведомствоның бұл жоспары жөнсіз екенін талай айтты. Неге? Себебі су қоймалары қауіпті еселемесе, алдын алмайтын тәрізді. Бұған дәлел – ел та­рихында Қызылағаш, Көкпекті, Атбасар, Оразақ су қоймасының жарылғаны. Зарда­бын қандай болғанын жұрт біледі. Су қой­маларын салып алып, оның қауіпсіздігіне жауап бере алмасақ, не қайыр? Әріге бар­май-ақ қояйық, 2020 жылы Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, көрші елдің 22 елді мекенін су басқаны есте. Оның зардабы Қазақстанды да айналып өтпей, Түркістан облысының Мақтаарал ауданын­дағы бес ауылды су басты. Сондықтан эко­логтердің «су қоймалары көктемде қар ерігенде аймақтарды су басу қаупін арт­тырады, мемлекеттік қазынадағы қаражат­ты босқа шашатын жоба» деген пікірімен келіспеске шара жоқ. Мұны біз тілдескен академик, «География және су қауіпсіздігі» ғылыми-зерттеу институтының директоры Ахметқал Медеу де растап отыр. су тасқыны – Еліміздің тарихында бірнеше су қоймасы жарылды. Таңсық дүние емес. Өз тәжірибемнен аңғарғаным, қоймалардың жарылуына гидротехникалық тұрақтылық жағын ескермеу себеп. Кез келген су қой­масына платина соғылады. Көбі осы платинаны соғумен іс бітеді деп ойлайды. Ал бұл жерде екінші мәселе, платинаға ар­найы датчиктер орнатылуы тиіс. Датчик су қоймасының жағдайын анықтап, осал, қауіп бар жерін операторға хабарлап отырады. Жарылған су қоймаларының бәрінде датчик жоқ, яғни қауіпті ешкім алдын ала болжамаған. Топырақ та бетон­далуы керек. Су қоймасы жарылуының әртүрлі себебі бар. Негізгісі үшеу: су пла­тинадан (қоршаудан) асып кетеді, пла­ти­наны толығымен бұзып-жарып, жұлып кетеді немесе кез келген саңылаудан «лақ ете қалады». Кезінде Сардоба су қойма­сы­ның платинасы бұзылып тұрған сәтте су дәл жаңағы айтқанымдай «лақ ете қалған». Бәрі масштабты процестерге байланысты. Жағдайды бақылауда ұстаған күннің өзінде апат болуы мүмкін. Сондықтан қаупі зор, – дейді маман.

ТҮЙІН:

Демек, су қоймалары қор жинап, өзге елдерге тәуелділікті сәл азайтатыны бол­маса, су тасқынының алдын алады де­генге сену қиын. Оның үстіне, жауапкер­шілікті талап ететін істе мамандардың біліктігіне күмән бар. Әйтеуір, төтенше жағдай қызметкерлері жылдағыдай «тасқынның алдын аламыз» деп әлек. Қауіпті ескеріп, іске кіріскені құптарлық. Тек жөнді болса дейміз. Әйтпесе, алдын ала «дайынбыз» деп заржақ болып, кейін елді әбігерге салған оқиғалар бізде жетерлік.