Тері тулаққа айналған заман
Тері тулаққа айналған заман
© коллаж: Әсел Балтақызы
750
оқылды
Елімізде өңделмеген тері көлемі тым көп. Малмен күнелткен жұрт «теріні ешкім алмайды» деп аяққа таптап, қоқысқа тастап жатыр. Сөйте тұра кәсіпорындардың жүктемесі тым аз. Фермерлер болса, сыртқа сатылатын терінің әр тоннасына 200 еуро төлеп, шикізатты шетелге аттандырады. Бізден арзан бағада алған Қырғыз Республикасы мен Қытай өңделмеген теріні тауарға айналдырып, құнын қымбаттатып, өзімізге сатып жатыр. Сонда ұтқан кім, ұтылған кім?

ҚЫЗЫҒЫН КӨРШІ ЕЛ КӨРЕДІ

Жеңіл өнеркәсіпте ең жиі қол­данылатыны сиырдың терісі де­сек, бір сиырдан алынған тері шамамен 20 келіге дейін тартады. Сол бір сиырдың терісінен 20 жұп аяқкиім тігіп шығаруға болады. 20 жұп аяқкиімнің бағасы кемінде 15-20 мың теңгеден. Сонда бір сиырдың терісінен 300-400 мың теңгенің өнімін өндіре аласыз. Бір ірі қара малдың терісінен 7 жұп ерлер туфлиін, 5 жұп қысқа қо­ныш­ты ерлер етігін, 3 жұп ұзын қо­нышты ерлер бәтеңкесін, 2 жұп ұзын қонышты ерлер етігін жа­сауға болады. Бұрын бір мал сойса, иесі те­рісін сатып қана 10 мың теңге та­батын, қазір 4-5 мың теңге кө­реді. Бұл ауылдағы тұрғынның тері қабылдау пунктіне барып-келу шығынын да ақтамайды. Сон­дықтан қоқыс қылып босқа тастап жатыр. Тіпті, оның көзін жою үшін шығындалатын болды. Игілігін шетелдіктер көріп отыр. Неге олай? Себебі 2016, 2017 және 2019 жылдары былғары кәсіп­орын­дарын қолдау үшін теріні экс­порттауға тыйым салынды. Бұл қадам тиісті нәтиже берген жоқ. Бүгінде кәсіпорындардың жүктемесі қуаттылықтың үштен біріне де жетпейді. Олардың саны да азайды. Терінің көптігінен оның бағасы өзіндік құнның дең­гейіне дейін төмендеп кетті. Өңір­лердің көбінде тері жинау тоқта­тылды. Себебі мұндай іспен ай­на­лысу тиімсіз болды. Шаруалардың айтуынша, қабылдау пункттері көбінесе жабық тұрады. Қабыл­даған күннің өзінде келісі 40-50 теңгеден. Нарықтың сұранысы тым төмен болғандықтан, баға арзан. Жұмыс істеп тұрған тері зауыттары елдегі шикізаттың сапасы нашар деген уәж айтады. Сондықтан олар теріні сырттан импорттағанды құптайды. Бұл жергілікті өнімге деген сұранысты азайтып отыр. Елімізде жыл сайын шикі те­рінің 10-20 пайызы ғана сатылады. Ал 3 млн-ға жуық мал терісі өң­дел­меген күйі далаға тасталады. Осының бәрін кәдеге жаратқанда шаруалар шамамен 14 млрд теңге табыс табар еді. Қазақстандық терінің негізгі сатып алушылары Қытай, Үндіс­тан, Италия, Түркия, Украина және Испания сияқты елдер. Мал шаруашылығында қайта өңдеу саласын әбден жолға қойып ал­ған. Қазір әлемдік нарықтағы тері шикізаты импортының 25 пайызы Түркияға тиесілі. Бұл елде бір күнде 3 мыңға жуық тері өндірі­леді. Ал жылына 2 млрд АҚШ дол­ларының тері бұйымдарын сыртқа экспорттайды. Яғни, мил­лиардтап табыс тауып отырған Түркия, Қытай, Қырғыз елдеріне болмашы тиын-тебенге тері са­тып, шикізатпен қамтамасыз етіп, дайын өнімімен әлемдік нарыққа шығуына көмектесіп отырмыз. Қазақстан шикізатпен ғана шек­теле ме?

САНАУЛЫ ЗАУЫТ ЖАБЫЛА МА?

Ішкі нарықта отандық былға­рыны аз мөлшерде аяқкиім өнім­дерін (негізінен әскери және арнайы аяқкиім үшін) және был­ғарыдан жасалған тауарларды (сөмкелер, белдіктер) өндірушілер сатып алады. Қалғаны экспорт­талатынын ескерсек, елімізден терінің шикізат қалпында арзан бағамен шетел асуына тағы бір себеп – өнімді өңдейтін қазақ­стан­дық кәсіпорындар санының аздығы. Бүгінде Қазақстанда был­ғары илеумен 1 орта кәсіпорын (Алматы былғары зауыты Almaty Tannery ЖШС) және 27 шағын бизнес кәсіпорны айналысады. Былғары илеу және өңдеу кә­сіпорны еліміздің 11 өңірінде ор­­наласқан. Осы саладағы кәсіп­орындардың көпшілігі Шымкент қаласында шоғырланған (7 кә­сіп­орын). Сондай-ақ өндірушілер Ал­маты, Қостанай, Жамбыл, Ақ­­төбе, Қызылорда, Павлодар, Сол­түстік Қазақстан, Шығыс Қа­зақ­стан облыстарында және рес­пуб­ликалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында да бар. 2021 жылдың бірінші жарты­жылдығында отандық иленген был­ғары мен ірі қара малдың те­рісінен жасалған былғары крас­тын сатудан түскен экспорттық түсім 2,4 млн долларды құраған. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезе­ңін­дегі көрсеткіштен 73,3 пайызға жо­ғары. Сондай-ақ ірі қара тері­сінен жасалған былғары өнді­рі­сінің көлемі 2021 жылдың қаңтар-маусым айларында 54 млн шаршы дециметрді құраған. 2020 жылмен салыстырғанда 15,2 пайызға ар­тып отыр. Өткен аптада тері өңдеу мәсе­лесін Мәжілістің жалпы отыры­сында көтерген депутат Юрий Жу­лин «Өңделмеген теріге арнал­ған экспорттық баж салығының күшін жойған дұрыс» деген еді. Бұл ұсыныс кәсіпкерлердің нара­зылығын тудырды. Олар экспорт­ты баж салығы алынып тасталса, шикізат шетелге еркін сатылып, еліміздегі тері зауыттары табыссыз қалады деген ойда. Әрі бұл мем­лекетке де пайда түсірмейді. Нә­ти­жесінде, шетелдерге арзанға сатылған шикізат елімізге қымбат тауар ретінде қайта келеді. Олар­дың былғарыдан жасаған өнім­дерін айналып келгенде аспандағы бағаға халық сатып алады. Кімнің қалтасы қағылады? «Тараз был­ғары зауыты» ЖШС директоры Олег Иванович фермерлер баж салығынан босатылса, еліміздегі санаулы зауыттар жабылып тына­тынын айтады. «Сұраныс төмен, нарықта ар­зан әрі сапасыз аяқкиім көп. Сон­дықтан біз барлық мүмкіндігімізді қолдана алмай отырмыз. Қазір былғары зауыты қағаз жүзінде бар, шындығында тоқтап тұр. Тек аяқкиім өндірісі жұмыс істейді. Бізге экспортқа бағдарланған емес, импортты алмастыру бағ­дар­ламалары қажет. Бізде қысқы аяқкиімді 17 мың теңгеге, ал жаз­ғы аяқкиімді 12 мың теңгеге са­тып алуға болады. Өзбекстан тері өндірісіне қатты көңіл бөледі. Кә­сіпкерлерді 5 жыл салықтан бо­сатқан. Ал бізде қолдау жоқ. Не­сиенің өзін жоғары пайызбен алғанбыз. Зауытты әрі қарай да­мы­ту үшін қаржы қажет, бірақ қазір несиені төлеумен жүрміз. Мемлекеттен субсидиялар қарас­тырылса дейміз», – дейді «Тараз былғары зауыты» ЖШС дирек­торы Олег Мускафиди.

ТЕК САПАЛЫСЫ ТАПШЫ

Өңделмеген тері қоқысқа тас­талып жатса да, тері өңдейтін фабрикаларда тері тапшы. Себебі неде десек, тері қабылдаушылар мал шаруашылығымен айналы­сатындар үй жағдайында мал сой­ғанда қажетті сапалы теріні ала алмайтынын айтады. Содан терінің 80 пайызы жарамай қа­лады екен. Терілерге дұрыс күтім жасалмайды, мал сойылғаннан кейін тесіліп, кесіліп кеткендері жиі кездесіп жатады. Сондықтан нарықта сапалы тері тапшы. Қазақ көбіне малды терісі үшін бақпайды. Етін алады. Ал терісі қосалқы мақсаттарға арналған. Сонымен қатар өңделмеген теріні экспортқа немесе өңдеуге жеткізу үшін малдың сәйкестендіру нө­мірі болуы керек. Басқаша айт­қанда, сиыр мен жылқыны бірың­ғай ветеринарлық базада тіркеу қажет. Бірақ ауылдарда сойылған малдың көпшілігінде мұндай нө­мірлер жоқ немесе деректер дұрыс енгізіл­меген, сондықтан теріні жи­науға болмайды, сөйтіп ма­ша­қаты көп болғандықтан, ауыл адам­дары басын қатырғысы кел­мей, қоқысқа тастағанды жөн көреді. Тағы бір себеп, әлі күнге тері сыпыратын қондырғының қолда­нылмай тұрғаны өндіріске қол­байлау. Қойдың терісін шаруалар көбіне пышақпен іреп алатын­дықтан терісі жарай бермейді. Өңделмеген терінің сапасы тез төмендейтінін ескерсек, оны ұзақ уақыт сақтай да алмайды. Қалаға барып өткізсе, ақысы жолақы­сынан артылмайды. Жақында тері қабылдайтын орталық ашамыз деген «Тараз былғары зауыты» директоры Олег Мускафиди тері өңдеу ісінде білікті маман мен білім беретін оқу орнын табу оңай емес деп, саладағы тағы бір түйт­кілді атап еді. Кеше тері илеп, был­ғарыдан тон тігіп, саптама етік киген қазақ бүгін былғарыны бағаламайтын халге жетіп отыр. Жалпы, тері мәселесі бүгін көте­рілген проблема емес. Бір кездері былғары кәсіпорындарын қолдау үшін теріні экспорттауға тыйым салу күткендей болмады. Салдары саланың тоқырауына әкеліп соқ­тырды. Енді қордаланған мәселені шешуде, тері өндірісін аяққа тұрғызу – «Жаңа Қазақстанның» міндеті.