Наурызда Орталық Азияның тағы бір елінде президент сайлауы өтеді. Осы жолы кезек Түрікменстанға келді. 11 ақпан күні Түрікменстан президенті Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов өзінің жоғары лауазымды қызметін қалдырып, жастарға жол беретінін мәлімдеді. Сөйтіп, Түрікменстанның орталық сайлау комиссиясы 12 наурызда кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялады.
Аркадаг неге асықты?
Сырт көзге Түрікменстан басшысы үшін асығыс шешім қабылдайтындай себеп жоқ сияқты көрінетіні рас. Өйткені елді 2006 жылдан бері басқарып келе жатқан Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов 2017 жылғы сайлауда 7 жылға сайланған. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес елде президент болудан үміткер ретінде сайлауға түсетін азаматтардың жоғары жасы 70 болуы тиіс әрі президент қызметінің мерзімі 7 жылға ұзартылған еді. Яғни, Ғ.Бердімұхамедовтің тағы бір рет сайлануына мүмкіндігі болды. Өйткені ол биыл 65 жасқа толады. Саясаткерлер үшін бұл жас қарттықтың басы санала қоймайды. Одан бөлек, әлі 2 жыл ел тізгінін ұстауға құқықтық тұрғыда мүмкіндігі бар болатын. Алайда Аркадаг күтпеген шешім қабылдады. Әрине, Түрікменстан басшысы өзінің жоғары биліктен бас тартуға бекінгенін бұқараға өзгеше сипатта түсіндіргені рас. Түрікменстан парламенті жоғарғы палатасы –халық мәслихатында сөйлеген сөзінде Ғ.Бердімұхамедов екі жыл бұрын «пайғамбар жасына жеткенін» айтқан еді. Ислам әлемі үшін 63 жас «пайғамбар жасы» саналады. Дегенмен біздің пайымдауымызша, Бердімұхамедов пайғамбарға құрмет көрсеткен Қожа Ахмет Ясауидің жолына түскелі отырған жоқ, қылуетке кіріп алуды да мұрат тұтпайтын сияқты. Керісінше, парламенттің жоғары палатасының төрағасы қызметін өзінде қалдыратын сыңайлы. «Халық мәслихатының төрағасы ретінде өзімнің өмірлік және саяси тәжірибемді осы салаға бағыттағым келеді» деген Бердімұхамедов билік транзитіне өзі бас-көз болуды қалайтынын байқатты. Алайда Аркадаг Түрікменстан басшысы ретінде өз қолына шоғырланған өзге де лауазымдар жайлы тіс жарған жоқ. Негізі, Түрікменстанда биліктің ауысатыны жайлы әңгімелер 2020 жылы айтыла бастаған-ды. Сол жылы елде конституциялық реформа өтіп, екі палаталы парламент пайда болған еді. Милли генеш деп аталатын парламенттің жоғарғы палатасы – халық мәслихаты, төменгісі мәжіліс болып аталған. Жаңа Конституция бойынша экс-президентке өмір бойы халық мәслихатына мүше болу кепілдігі қарастырылған болатын. Яғни, Бердімұхамедов президенттіктен кетсе де, билік тармақтарының бірінде қалады деген сөз. Алайда Аркадагтың не себепті аяқ астынан шешім қабылдағанын ешкім білмейді. Әзірге тек болжамдар айтылып жатыр.Әлиевтердің жолын таңдаған сыңайлы
Жалпы, посткеңестік елдердегі билік транзитінде бірізділік жоқ. Кейбір мемлекеттерде билік демократиялық жолмен ауысса, енді бірінде тағайындауға ұқсап кеткені бар. Тіпті, мемлекет басқаруда әулеттің рөлі артып келе жатқан елдер де бар. Кейде мұндай қадамдар өзін ақтайтындай көрінетіні рас. Мәселен, өткен ғасырдың 90-жылдардың басында бір ғана Әзербайжанның өзінде ел президенті болған немесе президент міндетін атқарған бірнеше тұлға шықты. Дәлірек айтқанда, 1991 жылдың 6 ақпанынан 1993 жылдың 24 маусымына дейін 4 президент немесе президенттің міндетін атқарушы болды. Тек билікке Гейдар Әлиев билікке келген соң ғана Бакудегі саяси күштерді ауыздықтау, тұрақты ішкі және сыртқы саясат жүргізу мүмкін болған еді. Кейін Гейдардың орнына оның баласы Ильхам Әлиев президент болды. Ал Тәжікстанда Эмомали Рахмон өз орнына үлкен ұлы Рустам Рахмонды даярлап жүргені айтылады. Шамасы Аркадаг осы екі елдің үлгісіне жүгінгенді жөн көрген сияқты. Өйткені биліктен кеткен соң немесе өмірден өткеннен кейін ел басқаруға келген өзге тұлға өзінен бұрынғылардың іс-әрекетіне ревизия жасауы мүмкін. Бердімұхамедовтің өзі де солай жасаған. Әрине, қатты кеткен жоқ, алайда Сапармұрат Ниязовтың құрметі кеміп, кейбір ескерткіштері тұғырынан алынғаны рас. «Рухнама» дейтін кітабы да оқытылмайтын болған. Біздің пайымдауымызша, Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов осындай жағдайдан қауіптенетін сыңайлы. Содан да болар, «жастарға жолымды беремін» деу арқылы баласы Сердарды билікке алып келуі ықтимал. Оның алғышарттары қазірдің өзінде байқалып тұр. Сердар президенттіктен үміткер ретінде атын ұсынып та қойды.Әкенің ресми орынбасары еді
Сердар Бердімұхамедов – Аркадагтың жалғыз ұлы. Жасы 40-та. Түрікменстан заңы бойынша, жасы 40-қа толмаған азамат президент бола алмайды. Ал Сердар былтыр күзде қамал алар жасқа жеткен. Сол себепті көптеген сарапшы Сердарды Аркадагтың бірден-бір мұрагері санайды. Ол 2011 жылы дипломат қыметінде СІМ-нің департаментін басқарды, одан соң сыртқы істер вице-министрі, парламент депутаты, Ахал уәлаятының әкімі қызметтерін атқарды. 2020 жылы өнеркәсіп министрлігін басқарды. 2021 жылы премьер-министрдің орынбасары, жоғары бақылау палатасының төрағасы болды. Түрікменстанда үкіметті Аркадгтың өзі басқаратындықтан, Сердар іс жүзінде әкесіне орынбасар болған еді. Оның үстіне, Қауіпсіздік кеңесіне мүше болғаны тағы бар. Түрікменстанның мұнай-газ кешенін бақылау да Сердардың міндеті. Қысқасы, Аркадагтың жалғыз ұлы әкесінің шынайы орынбасары болайын деп тұр. Оған Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов отставкаға кететіні туралы мәлімдеме жасаған Халық мәслихатының жиынында Сердардың 2022-2052 жылдарға арналған мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын таныстыру да дәлел болады. Тек Сердарды көптеген маман өте қатал азамат деп бағалайды. Оның қаталдығы түрікмендер үшін қолайлы бола қоймайтын сияқты.«Бестіктегі» өзгерістің соңы
Түрікменстан президентінің аяқасты шешім қабылдауы Орталық Азия елдеріндегі президент сайлаулары циклінің тағы бір кезеңінің аяқталғанын байқатады. Орталық Азиядағы «бестікте» 2019 жылы Қазақстанда, 2020 жылы Тәжікстанда, 2021 жылы Өзбекстан мен Қырғыз елінде президент сайлауы өткен болатын. Енді осы циклді Түрікменстан түйіндегелі тұр. Алайда Ашхабадтың сайлау өткізуге шешім қабылдауы көрші мемлекеттердегі оқиғаларға байланысты сияқты. Өйткені аймақ жалпы алғанда тұрақты емес. Ауғанстан билігіне былтыр «Талибан» қозғалысы келді. Радикал ұстанымындағы қозғалыстардан кез келген сәтте қауіп төнуі мүмкін. Қаңтарда Қазақстанда да төтенше оқиғалар болды. Тәжікстан мен Қырғыз елі арасындағы жер дауы соңғы екі жылда дүркін-дүркін қайталанып тұр. Оған өңір халқы табысының төмендеуі, болашақта су, қуат мәселесінің шиеленісу қаупі де қосымша ықпал етуі ықтимал. Тіпті, мұндай сын-қатерлерді айтпағанның өзінде Аркадаг Қазақстанда жүргізілген саяси реформалардың түрікменстандық үлгісін жасауға тырысқан болуы мүмкін. Тек әзербайжандық үлгімен синтез жасағанға ұқсайды. Қазақстанда 2017 жылы конституциялық реформа жасалса, түрікмендер оны 2020 жылы жүзеге асырды. Қазақстанда жоғарғы билік алғашқы президенттің көзі тірісінде жүзеге асса, Түрікменстанда да солай болайын деп тұр. Тек билік ел басшысының саяси серіктеріне емес, әкеден балаға өтуі ықтимал. Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, саясаттанушы: – Түрікменстан президентінің аяқасты сайлау жариялауы, әрине кездейсоқтық емес. Менің ойымша, ол елдің ішкі және сыртқы жағдайына тікелей байланысты. Елдің ішкі жағдайы соңғы жылдары нашарлап кетті, ресми вирус жоқ десе де, карантин шектеулері бар. Халықтың табысы түсті, тіпті қарапайым азық-түліктің өзі тапшы. Ал сыртқы саясатта көршілес елдегі толқулар болып жатыр. Мысалы, Ауғанстан билігіне тәлібтер келді. Сондықтан Аркадаг ақырындап ресми билік тізгінін өзгеге беруді жөн көрген сияқты. Әрине, ол толық саясаттан кетпейді. 12 наурызда сайлауға оның ұлы Сердар түседі, сайлау деген атауы ғана, бұл – тағайындау. Сондықтан билік тізгіні Бердімұхамедов әулетінен кетпейді.