«Тегеран ядролық қару жасауға құштар емес, атом энергетикасын тек бейбіт мақсатта қолданады» дейді Иранның рухани көшбасшысы Аятолла Али Хаменеи.
«Біз ядролық қару жасауға құштар емеспіз, атом энергетикасын тек бейбіт мақсатта қолданамыз… Ерте ме, кеш пе, бізге бейбіт атом энергетикасы бәрібір қажет болады және оған осы бастан қамдана бермесек, 20 жылдан кейін өте кеш қаламыз»,– деп Tasnim агенттігі Хаменеидің сөзінен үзінді келтіреді.
Иран өзінің атом энергетикасын тіпті сонау ХХ ғасырдың соңында-ақ дамытуды бастап кеткен. Сонымен бірге елдің оңтүстігінде Бушерде Мәскеу мен Тегеран АЭС құрылысының бірлескен жобасын қолға алған. Махмуд Ахмадинежадтың президенттігі кезінде (2005-2013 жылдар) Иран өзінің ядролық бағдарламасын қарқынды дамыту қамына кірісті. Батыс оны Тегеранның ядролық қару жасау әрекеті деп түсініп, осыған байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мен Батыстың тағы бірқатар мемлекеті Иранның экономикалық және қаржылық секторларына санкция жариялады. Соның салдарынан мемлекет дағдарысқа ұшырады.
2013 жылы президент Хасан Роухани Иранның ядролық бағдарламасын шектеу арқылы санкцияны алып тастау жөнінде Батыспен келіссөздер жүргізе бастады. Сөйтіп, Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша Бірлескен жан-жақты қамтылған әрекет жоспары (БЖӘЖ) бойынша 2015 жылы Ұлыбританиямен, Германиямен, Қытаймен, Ресеймен, АҚШ-пен және Франциямен келісімге келді.
Алайда 2018 жылы сол кездегі АҚШ президенті Дональд Трамп Уашингтонның БЖӘЖ-дан шығуы туралы шешім қабылдап, Тегеранға салынған бұрынғы санкцияның бәрін қалпына келтірді. Иран оған жауап ретінде ядролық зерттеулердің, центрифугалардың және уранды байыту деңгейінің шектеулері бойынша келісім аясындағы міндеттемелерден біртіндеп бас тартатынын мәлімдеді.
Қазір Венада БЖӘЖ-ны қайта жаңғырту және АҚШ-тың Ираннан санкцияларын алу бойынша келіссөздер қайта жалғасып жатыр. 27 желтоқсан күні оның сегізінші раунды басталды. Оған дейін өткен жетінші раундта, желтоқсан айында Еуропа жағы келісімге Иранның позициясын да енгізіп, тараптар келісімнің екі жобасы бойынша мәмілеге келген болатын. Иран СІМ басшысының орынбасары Али Багери Кянидің айтуынша, тараптар Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша келісімге қол жеткізуге өте жақын тұр.