Испания, Исландия, Финляндия мен Біріккен Араб Әмірліктері қысқартылған жұмыс аптасына көшті. Жақында бұл тізімге Бельгия да қосылды. Зерттеу нәтижелері бойынша, мұндай өзгерістен қызметкерлердің жұмыс сапасы артпаса, кемімеген. Осылайша, адам капиталын бірінші орынға қоятын Еуропа елдерінің тәжірибесі көп жұмыс істеуден гөрі тиімді еңбек етудің жөн екенін көрсетті. Төрт күндік жұмыстың тиімділігі қандай? Қазақстан қысқартылған жұмыс аптасына өтуі мүмкін бе? «Төрт күн жұмыс істейді екен» деген жаңалықты естігенде елең етпеген жан болған жоқ. Жүйелі түрде, кезең-кезеңімен бұл межеге ұмтылып келе жатқан елдердің тәжірибесіне қызығып қарайтындар баршылық. Төрт күндік жұмыс дегеніміз – аптасына 32 сағат жұмыс істеу. Бұл бүгін ғана басталған құбылыс емес, Халықаралық еңбек ұйымының ұсынысымен осыдан он шақты жыл бұрын жаппай етек алған болатын. Тарихқа көз салсақ, бұл режим өткен ғасырда пайда болған. Англиялық Roundpay Metal Finishers компаниясы 1965 жылы аптасына төрт күндік жұмыс режимін енгізген. Аптадағы жұмыс күнін қысқарту арқылы компания басшылығы әлеуметтік және коммуналдық шығынды азайтпақ болыпты. Бірақ аптасына 40 сағат жұмыс сақталған, яғни жұмадағы уақыт қалған күндерге бөлінген. Компания сол кездегі есебінде бұл тәжірибе сәтті болғанын жазған. Кейін мұндай бастаманы көптеген ірі компаниялар да қолданып көріпті.
Күйзеліспен күрес
Соңғы он жылда төрт күн жұмыс істеуге ауысқандар не ауысуға тырысқандар көп болды. Әсіресе, пандемия басталғалы дәстүрлі форматта жұмыс істеудің кемшіліктері байқалды. Осы жағдайға байланысты Жаңа Зеландия, Жапония мен Ұлыбритания елдері төрт күндік жұмыс аптасына көшудің жолдарын қарастыра бастады. Олардың бұл мәселеге деген қызығушылығын оятқан Microsoft компаниясының Жапониядағы филиалының зерттеу нәтижесі. Аталған компания 4 күндік жұмыс аптасына көшкеннен кейін қызметкерлердің өндірістік қуаты 40 пайызға артып, электр мен жылуға кеткен қаражат үнемделген. Қағаз да аз жұмсалған. Жұмысшылар бұрынғыдан 25 пайызға аз сұраныпты. 2018 жылы Жаңа Зеландиядағы Perpetual Guardian компаниясы да тәжірибе жасап көрді. Компанияның 240 қызметкері аптасына төрт күн 30 сағат жұмыс істеуге көшкен. Нәтижесінде, жұмыс уақыты азайған қызметкерлер пайда көп түсіре бастаған. Яғни, жұмысшылар белсенді бола түскен. Жұмыс барысындағы кездесулер де азайған, себебі қызметкер барлық міндетін орындау үшін уақытты үнемдеуге көшкен. Сонымен қатар қызметкерлердің күйзеліске түсуі 45-тен 38 пайызға азайған. Ал жұмыс пен жеке өмір арасындағы үйлесім 54-тен 78 пайызға артқан. Осы тәжірибені бағалағаннан кейін компания толығымен төрт күндік жұмыс аптасына ауысқан. Бірақ барлық қызметкердің жалақысы сақталған. Өндіріс деңгейі көтеріліп, табыс қысқармаған, есесіне компания энергия, коммуналдық шығынын азайтыпты. Кейбір елдерде 32 сағаттық жұмыс жүйесіне көшкеннен кейін жұмысшылардың өндіріс, тұрмысқа деген ынтасы күшейіп, жанұясына көңіл бөлетін уақыты артып, ағайын-туыстарымен қарым-қатынасы жақсара түскен. Бұл өз кезегінде рухани қысым мен күйзелісті азайтып, жұмысшылардың жүйке ауруына шалдығуын төмендеткен. Шыны керек, қызметкерлер үнемі жетістікке жетемін деп уақыт өткен сайын қажиды, стреске түседі. Дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаевтың айтуынша, келешек – төрт күндік жұмыс аптасында. Өйткені бұл режим азаматтардың денсаулығына назар аударуына, кәсіби тұрғыда дамуына, жұмыс тиімділігінің артуына оң ықпал етеді. Бұдан бөлек, бос уақыты артқан жұмысшылар спортпен шұғылдануына мүмкіндік алады. Дәрігерлер ұзақ жұмыс күнінің салдарынан әлемде жыл сайын 700 мың адамның түрлі ауруға ұшырайтынын дәлелдеді. Ал 4 күн жұмыс істеп, 3 күн демалатын Исландия, Жапония халқының өмір сүру жасы ұзақ. – Адам демалған кезде, біріншіден, миын тынықтырады. Істеріне байыппен қарап, ақылға салады. Осының нәтижесінде, тыныққан жұмысшы инновацияға ұмтылып, жаңашылдықтарды жүзеге асыруға тырысар еді. Бұл өз кезегінде адамның өмір жасын ұзарта түседі, – дейді дәрігер. Әрине, 4 күндік жұмыс аптасына көшсек, жалақы азайып, 3 күн қосымша жұмыс істеуге тура келеді де, тұрмыстың қысымы одан ары ауырлап кетеді деп қарайтындар да аз емес. Бұл жағдай көрші Ресейде жасалған тәжірибеден байқалды. Ресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының мәліметінше, Ресей халқының 48 пайызы бес күндік жұмыс күні қала бергенін қалайды екен. Себебі олар жұмыс аптасы қысқарса, жалақы азаяды деп ойлаған. Ал төрт күндік жұмыс күніне өту сауалнамасына қатысқандардың 29 пайызы қолдаса, 17 пайызы бәрібір деген сыңай танытқан. Тек Мәскеу мен Санкт-Петербург тұрғындары ғана төрт күндік жұмыс аптасына өтуді қуана қолдаған.Еңбек нарығы дайын ба?
Қолданыстағы еңбек заңнамасы бойынша, егер жұмыс беруші қарсы болмаса, аптасына төрт күн жұмыс істеу мүмкіндігі біздің елімізде де бар. – Қазір заңнама бойынша төрт күн жұмыс істейміз деген мекемелер мен қызметкерлерге ешқандай кедергі жоқ. Қызметкер жұмыс берушімен арнайы келісімшарт жасау арқылы толық емес жұмыс аптасына ауыса алады. Еңбек кодексінде бұл мәселе жан-жақты қаралған. Ал жұмыс берушінің жалақыны өзгертуге мүмкіндігі бар. Сондықтан бұл жағдай қызметтің өнімділігіне тиімді болса да, материалдық жағынан шығын әкелуі әбден мүмкін, – дейді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ департаменті директоры Ерасыл Жұманбаев. Иә, 32 сағаттық жұмыс режимі мектептер мен емханалардың қызмет жүйесіне кері әсер етуі де мүмкін. Бірақ ғылым мен техника бүгінгідей дамыса, болашақта көптеген елдер 4 күндік жұмыс аптасына көшетіні анық. Сондықтан еліміз де бұл әдісті қазірден бастап сынақтан өткізгені абзал. ҚР Еңбек кодексінің 77-бабына сәйкес, жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауы керек. Алайда, елімізде кодекстегі осы норма жиі бұзылады. Өйткені көптеген жұмыс берушілер қызеткерлердің көз алдында жұмыс істеп, ұзағырақ жүргенін қалайды. Мемлекеттік мекемелер мен кейбір кәсіпорындардың қызметкерлері жұмыс уақыты бітсе де түнімен қалып жұмыс істейді. Демалыс күндері де жұмысқа шығатындар бар. Ал қызметкерлер демалып, отбасына көңіл бөлгісі келеді. Мұның соңы екі тараптың түсініспеушілігіне, еңбек кикілжіңіне әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан 4 күндік жұмыс аптасына көшу осы мәселені ұтымды шешуге үлкен септігін тигізер еді. Алайда әлеуметтанушы Шыңғыс Төрездің пікірінше төрт күндік жұмыс тәжірибесін дәл қазір елімізге әкелу тиімсіз. Дамыған елдердегі еңбек өнімділігін Қазақстанмен салыстыруға келмейді. Себебі экономиканың даму қарқыны мен жұмыс күшіндегі айырмашылықтар жер мен көктей. – Егер барлық мекемелер жаппай қысқартылған жұмыс аптасына ауысса, әр мекеме еңбек өнімділігін арттыруды өздерінше қарастырар ма еді. Ал жеке кәсіпкерлік 4 күн істеп, мемлекеттік мекемелер 5 күн жұмыс істесе, жағдай оданда қиындай түсуі мүмкін. Сондықтан төрт күндік жұмыс тиімді болса да, Қазақстанға әлі ерте, – дейді DATAmetrics консалтинг компаниясының сарапшысы Шыңғыс Төрез. Қазір еліміздегі әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады. Отбасы институтының әлсіреуі бала тәрбиесіне де кері әсерін тигізуде. Тіпті, қаладағы қазақ пен ауылдағы ағайынның арасы алыстап кеткелі қашан? 3 күндік демалыс жердің шалғайлығына қарамастан туыстардың арасын жақындатар еді. Шыңғыс Төрездің айтуынша әр азамат өмірінің 30 пайызын ғана жұмысқа арнап, қалған 70 пайызын жеке дамуына бөлуі керек. Сонда еліміздегі адам капиталы да дамиды. Ал бұл дәрежеге жету үшін жұмыс процестерін реттеуіміз қажет. Әлем бұрын 6 күндік, кейін 5 күндік жұмыс аптасына көшкенін ескерсек, болашақта 4 күндік жұмыс аптасына көшудің де ауылы алыс емес. Қаптаған ақпарат ағыны мен жұмыстағы стресс адамдарды рухани күйзеліске түсіруде. Егер кез келген қызметкерге бір аптаның тірлігін төрт күнде істеп, демала бер десе, ол жұмыста істейтін артық тірлігін тияр еді. Осылайша, бес күннің жұмысы төрт күнде де бітеді. Сондықтан еліміздің ең бірінші байлығы адам капиталы екенін естен шығармағанымыз абзал.