Ипотека моноқалалардың мәселесін шешпейді
Ипотека моноқалалардың мәселесін шешпейді
© коллаж: Әсел Балтақызы
311
оқылды
Қазақстанның қай өңірінде де Кеңес кезінде құрылған шағын жұмысшы қалашықтары кездеседі. Олардың тағдыры әртүрлі болғанымен, бәріне ортақ ұқсастық бар: шағын шаһарлар бір немесе екі жүйеқұраушы кәсіпорынның арқасында өмір сүріп жатыр. Халқының дені жергілікті өндіріс ошақтарында жұмыс істеп, күнделікті нәпақасын айырып жүр. Бірақ жылдан-жылға моноқалалардың тұрмысы тұралап барады...

Тұрмысы тұралаған шағын шаһарлар

Ел аумағында 89 қала болса, соның 27-сі (30 пайыз) моноқалалар санатына кіреді. Мұндай елді ме­кен­дерде шешімін таппай жатқан түйткілдер көп. Әлеуметтік-эконо­микалық және экологиялық мәсе­лелер шаш етектен. Инженерлік инфрақұрылымы естен танды­рар­лық: Арқалық, Балқаш, Шахтинск, Теміртау сияқты қалаларда су және кәріз құбырларының 90 пайызы тозған. Кейбір қалалардың жылу және электр тораптары – 55 па­йыз­ға, енді бірінде 85 пайызға ескірген. Автомобиль жолдарының 40 пайы­зы жарамсыз. Жаңаөзен, Арқалық және басқа да шағын қалаларда шикізаттың таусылуына байланысты әлеуметтік жағдай шиелінісе түскен. Сондай-ақ әлем экономикасын көміртек­сіз­дендіруге байланысты құрамын­да көміртек көп отандық компа­ния­лардың өнімдерін экспорттау қиындайтын түрі бар. Бұл проб­лема моноқалалардағы жүйе­құ­раушы кәсіпорындарға тікелей қатысты. Өнеркәсіптің өндірістік про­цес­теріне цифрлық техноло­гия­ны ен­гізу және автоматтандыру талабына сәйкес, алдағы уақытта шағын ша­һарлардағы жұмыссыздық мәсе­лесі тіпті ұлғайтып, тұрғын­дардың табысы төмендей түседі деген қауіп үлкен. Соңғы 20 жылда моноқала­лар­дағы халық саны екі есеге – 3-тен 1,5 млн адамға дейін кеміді. Ол мем­лекет халқының 8 пайызын құ­райды. Әйтсе де, экономикалық қиыншылықтарға байланысты тұр­ғындардың еңбекке жарамды бөлігі әлі де тоқтаусыз көшіп жатыр. Сон­дықтан шалғайдағы қалашықтарда жастардың қатары азайып, кәрі-құртаңның үлесі арта түскен. Егер республика бойынша егде адамдар­дың орташа көрсеткіші 7,8 пайыз болса, моноқалаларда ол 11 пайыз­дан асқан. Кейінгі екі жыл ішінде жергілікті кәсіпорындарда жұмыс істейтіндердің саны 5 пайызға азайған. Дегенмен моноқалалардың ел экономикасын дамытуға едәуір үлес қосып отырғанын жоққа шы­ғара алмаймыз. Жұмысшы қала­шық­тарында республикадағы өнді­рістік өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығы өндіріледі. Мұнай-газ, металлургия, химия өнеркәсібі және энергетика саласындағы белді кәсіпорындар осы шалғай өңірлер­де шоғырланған. Әйтсе де, әлі күнге дейін моно­қалаларды өркендетуге қатысты нақ­ты ұстаным мен ортақ пікір жоқ, олардың болашағы бұлыңғыр. Сал­дарынан жұрт жаппай үй-жай­ларын тастап, облыс орталықтары мен ірі қалаларға қоныс аударып жатыр. Мұндай жағдайда көшкен жұрттың соңында иесіз қалған ны­сандар мен коммуналдық торап­­тардың шы­ғынын бюджеттің есе­бінен өтеуге және ұстап тұруға тура келеді. Ұлттық экономиканың вице-министрі Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, былтыр ел қалаларының 400 шақырымнан астам ішкі автожолдары мен инженерлік торабын жөндеуге республикалық бюджеттен 17 млрд теңге бөлініпті. «27 моноқалада жалпы саны 10 мың адамды жұмыспен қамтитын 60 ірі инвестициялық жобалар жү­зеге асырылып жатыр. Кейінгі 3 жыл­да моноқалалардағы кәсіпкер­лерге берілетін гранттар – 3,5 есе (63 млн-нан 218 млн теңгеге дейін), субсидиялау –1,6 есе (8,3 млрд-тан 13,5 млрд теңгеге дейін), микро­несиелеу –1,7 есе (2,6 млрд-тан 4,5 млрд теңгеге дейін) өсті. Сондай-ақ Арқалықтың, Жезқазғанның және Жаңаөзеннің көлік тұйығында ор­наласқан проблемасын шешу үшін теміржол желісі тартылды», – деді вице-министр. Сондай-ақ шалғайдағы моно­қа­лаларды еліміздің басқа өңір­лерімен байланыстыратын көлік қатынасын қамтамасыз ету жайы қарастырылып отыр. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша, 2023 жылдың со­ңына дейін Нұр-Сұлтан – Алматы жолы жаңаланып салынуы тиіс. Ол Балқаш қаласының экономикалық әлеуетін айтарлықтай өсіре түс­пекші. Ал 2024 жылы Жезқазған – Қызылорда автожолы аяқталмақ­шы. Сол арқылы Жезқазған – Сәт­паев қалаларының сауда-көлік бай­ланысын күшейтіп, жүк тасы­малын арттыруға ықпал ету жоспар­ланып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жыл соңында Үкі­метке барлық моноқалалардың экономикалық-әлеуметтік жағдайы бойынша сараптама әзірлеуді тапсырған болатын. Сараптамалық талдау 2022 жылдың 1 наурызына дейін дайын болып, содан соң ол қоғамның талқылауына түсуге тиіс.

Екі қолға бір күрек керек

Моноқалалар проблемасы көп жылдар бойы көтеріліп келеді, бі­рақ одан тұрғындарының тұрмысы түзеліп, жағдайы жақсарып кете қойған жоқ. Жұмысшы қалашы­ғы­ның халқы жергілікті бірлі-жарым зауыттар мен кәсіпорындарда ауыр еңбекке жегіліп, күнкөрісі үшін содан тапқан азын-аулақ тиын-те­бенге қарап отыр. Расы сол, еліміз­дегі барша моноқалалардың өмір сүру сапасы аймақтардағы осы жүйеқұраушы кәсіпорындардың тірлігіне байланып қалған. Сон­дықтан осы өндірістердің жұмысы тоқтаса, тұтас қаланың тіршілігі тоқ­тады дей беріңіз. Жұрттың кө­ңілі осыған алаң. Болашағы бұлың­ғыр шағын қалалардан көшіп жат­қаны сондықтан. Үкімет, әрине қарап отырған жоқ, моноқалаларды дамытып, тұрғындарына жайлы өмір жасап беру үшін түрлі тың идеялар мен жаңа бағдарламалар ойлап табуда. Соның бірі – 20 жылға «жеңілдік­пен» ипотекалық несие беру жайын қарастырып отыр. Яғни, «Отбасы банк» арқылы моноқалалардың тұрғындары үшін арнайы ипотека шарттары пысықталып жатыр. Оның бастапқы жарнасы – 10 па­йыз, сыйақы мөлшерлемесі – 5 па­йыз­ға, несиелеу мерзімі 20 жылға дейін. Бірақ сарапшылар бұдан қа­рапайым тұрғындар емес, тек банк­тер пайда табатынын айтады. «Шенеуніктер әлгіндей жеңіл­детілген ипотека беру арқылы адам­дарды моноқалаларға жіпсіз байлап қойып, жергілікті кәсіпорындарға мардымсыз жалақыға жұмысқа жек­пек. Мәселен, Жамбыл облы­сын­дағы Жаңатас қаласында орта­ша жалақы – 45-50 мың теңге. Ар­қалық қаласындағы жалақы ең күш­­­тегенде 55 мың теңгеге әзер же­­теді. Басқа шағын жұмысшы қа­лашықтарының бәріндегі жағдай – осы. Сөйтіп, адамдарды 20 жылға ипотека алуға мәжбүрлеп, арзан жұ­мыс күшін ұстап тұрғысы ке­леді», – дейді экономист Марат Абдрахманов. Бұл жағдайда шенеуніктер бір оқпен екі қоян атып алмақшы: адам­­дардың көшіп кетуі саябыр­си­ды және кәсіпорындар жұмыс кү­шінсіз қалмайды. Енді осыны есеп­теп кө­рейік: жалақысы 50 мың теңгенің шамасында болатын жұмысшы Шахтинскіден 5 миллион теңгенің үйін алғысы келсе, оның алғашқы жарнасы үшін 500 мың теңге салып, сосын ай сайын банк­ке 30 мың теңге несие төлеп тұруы тиіс. Яғни, 20 жыл бойы жала­қы­сы­ның жарты­сынан астамын банк­ке беріп тұруға міндетті. Ал 5 пайыз сыйақы үшін ипо­тека алушы о бас­та алған сома­ның үстінен қо­сым­ша тағы 2,6 млн теңге төлейтін болады. Бұл – ипо­те­калық несиенің жартысынан аса­тын ақша. Осындай «жеңілдетіл­ген» ипотеканы ойлап тапқан шенеуніктер жұмысшының 20 жыл бойы қалай өмір сүріп, отба­сын қалай асырай алады деген сұрақ­қа мүлдем басын ауыртпаған сияқты. Шенеуніктердің шағын шаһар­ларды жандандыру үшін экология­лық таза кәсіпорынды іске қосу, жаңа жұмыс орындарын ашу, жол жөндеу, сумен қамтамасыз ету, мек­теп-балабақша салу сияқты шара­ларды емес, жеңілдетілген ипотека беру бағдарламасын қолға алуының өзі қызық әрі түсініксіз. Бұл бағдар­ламаның моноқалалардың эконо­микасын дамытуға елеулі ықпал етеді деудің өзі қисынсыз. Сарапшылардың айтуынша, моноқалалардағы тұрмысты түзеу үшін жергілікті кәсіпорындардың айналасынан сервистік экономика қалыптастыру қажет. Адам зауытта жұмыс істеп, одан жалақысын ала­ды. Оны дүкеннен азық-түлік, дәрі­ханадан дәрі-дәрмек алуға жұм­сай­ды, шаштаразға барып шаш қи­ды­рып, кафелер мен сауда үйлерінде сауық құрады. Яғни, оның зауыттан алған жалақысы экономикалық айналымға түседі, одан шағын және орта бизнес дамиды. Шалғайдағы ағайын үшін ең бастысы екі қолға бір күрек керек.