Мәслихат депутаттары қандай мәселе көтерді?
Мәслихат депутаттары қандай мәселе көтерді?
629
оқылды
Жұмыс сапарымен Шығыс Қазақ­станға келген Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фрак­циясының мүшелері Әмірхан Рахымжанов, Зарина Камасова мен Игорь Панченко облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесіп, ой-пікірлерін тыңдады. Әмірхан Рахымжанов сапар барысында Ұлан ауданының бірнеше ауылдарын ара­лап, мемлекеттік бағдарламалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын көріп, тұр­ғындармен кездескенін, жеке қабылдау өт­кізгенін айтты. «Екі әріптесіміз Ерлан Саиров пен Ирина Унжакова ауылдарда жүр. Үш депутат бүгін өздеріңізбен кездесуге арнайы келіп отырмыз. Ұлан ауданының Сағыр, Бестерек, Қасым Қайсенов ауыл­дарында болғанда аңғарғаным, халықты толғандыратын мәселелер аз емес. Оның ішінде жер, жайылым, ауызсу секілді мә­селелер өте өзекті. Ұлан ауданының ор­та­лығы  Қасым Қайсенов кентінің тұрғындары ауылға үлкен емхана керек екенін жеткізді. Бұған 2 жарым миллиард теңгедей қаражат қажет. Канализациялық жүйелерді жаң­ғыртуға 300 миллион теңгедей ақша керек екен. Соңғы мәселе облыстық мәслихатта шешіледі деп ойлаймыз. «Ал емхана салу мәселесін Парламентте көтереміз, қолымыз­дан келгенше көмектесеміз» деп халыққа уәде беріп кеттік», – дейді депутат. Кездесуде облыстық және қалалық мәслихат депутаттары сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты. «Жетім балалар тұрғын үйге кезекке тұрғанда 29 жасқа жеткенде автоматты түрде кезектен шығарылып қа­лады. Кезекке тұру үшін тіркеуде болуы керек екен. Олар қайда тіркелуі керек? Және оларға берілетін үй кейін жекешелендіруге жатпайды екен. «Тұрғын үй» туралы заң­намаға өзгерістер енгізсеңіздер, осы жәйт­терді ескерсеңіздер екен», – деді Өскемен қалалық мәслихатының хатшысы Александр Светаш. Сонымен қатар ол қаладағы көпқабатты үйлердегі лифтілердің көбінің ескіргенін, пайдалану мерзімдері әлдеқашан өтіп кеткенін, мұны жасатуға тұрғындардың шамасы келмейтінін айтып: «Бұл мәселені қазір қолға алмаса, қайғылы жағдайлардың болуы да мүмкін. Осы тарапта сіздерден көмек күтеміз», – деді. Облыстық Жастар ресурстық орталы­ғының директоры, Өскемен қалалық мәс­лихатының депутаты Арайлым Есімбекова «Дипломмен – ауылға» бағдарламасындағы кейбір шикіліктер жас мамандардың ауылға орнығуына кедергі болып жатқанын жеткізді. «Осы бағдарламамен аудандарда үй алу өте қиын. Себебі бағдарлама талапта­рына сай келетін үйлер жоқ. Біз шекаралық аймақта орналасқан Катонқарағай ауда­нындағы Ақсу ауылын зерттеп көрдік. Бұл ауылға бірнеше жас маман келген. Бірақ әлі күнге дейін үй ала алмай отыр. Өйткені қаржы беретін банк­тің талаптарына сай келмейді. Амал­сыздан жалған құжаттар жасап, ауылдағы ата-анасының үйін сатып алады. Бес жылдан кейін қалаға қайта ора­лып, жұмыссыз жас­тар­дың қатарын то­лық­тырады. Осы мәсе­ле­лерді заңдық тұрғыда қарау керек деп ойлай­мын» деген ол өңірдегі коммуналдық мем­ле­кеттік мекеме қызмет­керлерінің жалақы­сы­ның төмен екенін, «Достық үйі», «Рухани жаңғыру орталығы» секілді мекемелерде айлық  80 мыңнан аспайтынын алға тартты.

Шығыс Қазақстан облысы