Утильалым «дауы» автонесиеге ұласты
Утильалым «дауы» автонесиеге ұласты
370
оқылды
Таяуда Үкімет арзан несие­ге отандық автокөлік алуға тағы бір мүмкіндік беретінін ха­бар­­лады. Дегенмен жеңіл­ді­гі бар автонесие бағдарла­масына көптің көңілі толмай отыр. «Мар­касы сапасыз, құны қымбат» дегенді жиі естіп жүр­міз. Рас па? Бұған дейін мұн­дай бағ­дар­лама арқылы отан­дық көліктер жақсы сатылған еді. Шамасы, ел қазір утиль­алым мәселесі толық ше­шіл­мей тұрғанына өкпелі сияқты. Ал жауаптылар нақты шешім айтуға асықпай отыр.

Біріншіні ысырып, екіншіге ауыстық

Елімізде 2015 жылдан бастап «Нұрлы жол» экономикалық саясаты арқылы отан­дық көліктерді жеңілдетілген несие­мен беруге жол ашылды. Сұраныс болып, соның арқасында автоқұрастырушы за­уыттар қоймаларында толып қалған дайын көліктерін сатып, «аман қалғаны» жасы­рын емес. Көп ұзамай мұндай автонесие беру шараларын Үкімет 4 рет қайталады. Барлығында банктер де, көлік құрасты­рушылар да бөлінген қыруар қаржыны иге­ріп отырды. Кейін осы амал әдетке ай­налды. Мысалы, 2020 жылы елі­мізде құ­растырылған көліктерді жылдық үс­темесі 4 пайызбен 7 жылға дейін несиеге алуға болатыны, сол үшін 20 миллиард теңге бөлінетіні жарияланды. Сол жылы жазда Ұлттық банк отандық көлік аламын деушілерге арнап тағы жаңарған несиелеу бағдарламасын қабылдады. 100 миллиард теңге бес жыл ішінде екінші деңгейлі банктерге біртіндеп берілуі тиіс еді. Алайда кейін еш хабар болмай кетті. Былтыр тағы жеңілдетілген автонесиеге 150 миллиард теңге бөлінетіні, ақша алдағы бес жылда екінші деңгейлі банктерге аударылатыны айтылды. Индустрия министрлігі жоспар бойынша 2022 жылы – 30 миллиард, 2023 жылы – 35, 2024 жылы – 40, 2025 жылы 45 миллиард теңге қарастыратынын мәлім­деген. Енді биыл жыл басындағы автокө­лікке қатысты утильалым дауынан кейін Үкімет жеңілдетілген автонесиеге 100 мил­лиард теңге бөлетінін хабарлады. Әдет­тегідей арзан несиеге тек отандық кө­ліктерді алуға мүмкіндік берілмек. Дегенмен ел бірінші кезекте автонесие емес, утильалымның төмендегенін күтіп отырған еді. Ал утилизация алымы төмен­д­ейді дегенге 1 айдан астам уақыт өтті. Әлі шешім қабылданған жоқ. Созылып бара жатқанына қарап, күмән көбейді. Авто­несие тақырыбы утильалымды «ұмыттыру» үшін қозғалғандай көріне ме дедік. Утиль­алым мәселесін қозғап жүрген сарапшы Нұраддин Садықов күн тәртібіндегі мә­селені шешіп алмай тұрып, автонесиені қозғау негізсіз екенін айтып отыр. – Жеңілдетілген автонесие тақырыбы утильалымға қатысты дауды жамап-жас­қап, көпшіліктің назарын аударту үшін ой­лап табылған деуге толық негіз бар. Бюд­жеттегі ақшаны халыққа пайыздық мөл­шерлемемен автокөлік етіп беру ақыл­ға сыймайды. Оған келісер едік, бірақ кө­ліктің бағасы қандай? Мысалы, Алма­тыда құрастырылған Hyundai автокөлігін алуға барсаңыз, автосалондар қосалқы бөлшек пен қызметтері үшін негізсіз ақы қосып, сатып алуға міндеттейді. Келісуге мәжбүр боласыз. Бір қызығы, Индустрия министрлігі талай жыл бойы отандық авто­өндіріске қолдау жасап келгенімен, бірде-бір рет көзбе-көз барып тексеріс жүр­гізбегенін әшкере қылдық. Енді дау шық­қанда жауаптылар бәрін бақылап отыр­ғандай сыңай көрсетіп, жарнамалап әлек, – деді Садықов. Расымен, отандық көліктердің бағасы аса тиімді емес. Теңге құнсыз болған соң арзан көлік іздеп, қазақстандықтар өзге елдердің нарығына ауып жүр. Мысалы, көрші Ресейден жақсы әрі жаңа хетчбэкті 1 миллионнан аса (шамамен 6 миллионға жуық) рубльге сатып алуға болады. Осы қаржыға әрі кетсе елімізде жасалған седан ғана аласыз. 2020 жылы Өскеменде орна­ласқан «Азия Авто» зауытында құрасты­рылған Kia Cerato New седанының бағасы 9,5 миллион теңге тұрған еді, қазір 11 миллионнан асты. Баға тиімді деп айтуға келе ме? Біздің ойымызша, жоқ. Себебі сол баяғы, автоөндіріс деген аты болмаса, мұнда да шетелге тәуелдіміз. Отандық ма­шина жасау саласы импортқа бағынышты. «Атамекен» ұлттық палатасының мәлі­метінше, автомобиль жасаушылар 1,8 мил­лиард АҚШ долларының құрал-жабдықтарын шетелден тасып әкеліп, елде құрастырады. Шикізатқа да мұқтаж. Се­бебі құйма өндірісі, ұсталық өндіріс, ыс­тық қалыптау сияқты автоөндіріске қа­жет­тінің бәрі дамымай, кенжелеп қалған. Ма­мандар шағын металлургиялық зауыт тұрғызу үшін 100-150 миллион доллар қа­жет екенін айтады. Ал металл құю зауы­ты­ның құрылысы кем дегенде 40 миллион долларға бағаланады. Машина жаса­у­шы­лардың металға сұранысы жылына 2 мил­лион тонна. 200 мың тонна құйма тапшы. Отандық көлік құрастырушылар металл мен дайын құйма бұйымдарын Ресей мен Қытайдан алдыртпай, қайтсін? Міне, бірінші кемшілік – осы. [caption id="attachment_184951" align="alignleft" width="1200"]утильалым © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Екіншіден, отандық көлік құрасты­ру­шы зауыттар біраздан бері бюджет есебінен күн көруге «үйреніп» алды. Тіпті, лоббис­тері мемлекеттік органдарға да ықпал етті. Мәселен, шетелде шығарылған автомо­биль­дерді сатып алуға тыйым салынғаны – соның айғағы. Екі жыл бұрын Үкімет 2 жылдық мораторийге қаулы шығарды. Сол екі жылдық тыйым мемлекеттік қызмет­ші­лерге арналған қызметтік көлікті де шетелден алдырмауға септесті. Демек, кә­сіпорындар бәсекеге қабілетті емес, осын­дай қолдаулардың арқасында ісін дөң­гелетіп отыр. Оның үстіне, бұл көлік­тердің біреуі де түп тамыры өзімізде шық­қан маркалар емес, біреуі – Жапония, енді бірі Оңтүстік Корея мен ресейлік нұсқалар. Әйтсе де, автонесиеге қатысты көптің көзқарасы бірдей емес. Біреу қолдайды, біреу наразы. Автосарапшы Олжас Оқас­тың отандық көліктерді автонесиеге беру­ге қатысты пікірі басқа арнада. Оның ай­туын­ша, бұл халық үшін тиімді болмақ екен. – Егер автонесиенің пайызы расымен төмен болса, әрине ол халыққа тиімді бол­мақ. Бізде инфляция деңгейінің өзі 8 па­йыз­ды құрап отыр. Қазақстандықтар жаңа көлік алып, оны бірнеше жылда төлеп тас­таса, бізге утилизациялық зауыт та ке­рек емес болар еді. Көрші елдер сол көлік­терді сәл арзан бағамен алып кетеді. Ал біз қайтадан жаңа көлік сатып ала аламыз. Мұндай саясатты қазір Біріккен Араб Әмірліктері ұстанып отыр, – дейді ол. Автонесие беруде халықтың қалтасын қағатын қитұрқы әрекеттер жетерлік. Банк пен сақтандыру компанияларының же­ңілдетілген кредитті беру тәртібін ше­ге­леп, анықтап бермесе болмайды. Өйт­ке­ні 4 пайыздық несие болғанымен, сақ­тан­дыру шарты әртүрлі. Кейбір банктер кре­дитті 7 жылға рәсімдеген жағдайда лез­­де 7 жылдық сақтандыру сомасын төле­теді. Сөйтіп, көлік алуға ниетті азамат тағы 1-3 миллион теңге аралығында шығынданады.

Утильалым құны өзгеріссіз қала ма?

Президенттің тапсырмасынан кейін ақыры жұрт аузында жүрген «ӨКМ Опе­ра­торы» утилизация алымы үшін ақша жи­нау құқығынан айырылғанын білеміз. Кейін бұл функцияны мемлекеттік ұйым – «Жасыл даму» АҚ атқаратын болды. Утиль­алым мөлшерін төмендету жайын тек­ке қозғамадық. Осының алдында Үкі­мет басшысы Әлихан Смайылов «Авто­көлік пен ауыл шаруашылығы техникасына салынатын утильалым мөлшерлемесін айтарлықтай азайту жағы қайта қаралып жатыр», – деген болатын. Ал «алымның жаңа мөлшері қанша болу керек?» деген талқылаулар көп өтті. Ұсыныстар айтылды. Дегенмен соңғы шешімді айтуға тиіс Индустрия министрлігі әлі үнсіз отыр. – «Жасыл даму» АҚ мемлекеттік ұйым болған соң министрлік шешімін бағып отыр. Экология министрлігі Индустрия министрлігі «не дейді» деп қарайды. Ал ол ведомство аузын ашпайды. Талай талқы­ладық, оңтайлы шешімдерді айттық, қо­ры­тындылап, ұсынып қойған едік, – дейді Нұраддин Садықов. Қоғам белсенділерінің ұсынысы бо­йынша, қазіргі утильалым мөлшері 90 па­йызға дейін төмендеуі қажет екен. Сон­да қазіргі утильалым мөлшері 500 мың-3,5 миллион теңге аралығында болса, 90 пайызын шегерсек, бар болғаны 50-350 мың теңгеге төмендейді. Бірақ бұл іске асар дүние екеніне күмән бар. Кейбір ма­мандар экономикалық жағын ұмыт қал­дырмау керегін айтады. Соның бірі – ав­то­сарапшы Олжас Оқас әзірге утиль­алым­ға қатысты нақты бірнәрсе айтуға асық­пайды. Себебі мемлекет мәселеге байла­нысты нақты позициясын анықтаған жоқ. – Мемлекет алым бойынша әлі шешім қабылдамағанын білеміз. Мұның эконо­микалық жағын да ескерген жөн. Түбегейлі жойып немесе тым азайту да керек емес шығар. Әзірге тек ұсыныстар айтылып жатыр. Сондықтан мәселеге нүкте қойы­латын күнді күтейік, – деп қысқа қайырды Оқас.

ТҮЙІН:

Сонымен, утильалымның не болары беймәлім. Әйтеуір, мемлекет қол­дауының арқасында отандық автоөнді­рушілер мен банктердің тағы «құдайы бермек». Сарап­шылар автонесиелен­ді­руден тек мемлекет пен қарапайым қазақ­стандықтар зардап шегуі мүмкін екенін талай айтқан. Шындығы сол, отандық өнім деп өзгенікін құрастырып бергенді абырой санап жүрміз.