Қазынаның қаржысын шашып жатқан кім?
Қазынаның қаржысын шашып жатқан кім?
© коллаж: Елдар Қаба
352
оқылды
Екі жыл бұрын Президент мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға автокөлік сатып алуға үш жылға тыйым салған болатын. Бірақ соған қарамастан, шенеуніктер жыл сайын темір тұлпарларын ауыстырып мінуден тартынар емес. Биыл қымбат люкс машиналардан бөлек тікұшаққа тапсырыс бергендер де бар. Қаржы министрлігі Президент тапсырмасынан кейін 2023 жылға дейін ел бюджетін оңтайландыру және қаржыны тиімді жұмсау мақ­сатында шенеуніктерге жеңіл, ар­найы және жедел-іздестіру көлік­терін, кеңсе жиһазын сатып алуға мораторий жариялады. Соның ар­қасында республикалық бюджеттен үнемделген қаржы індетпен күрес­ке, тұрмысы төмен азаматтар мен шағын бизнесті қолдауға жұмсалды. Әлі қатерлі індеттің беті қайта қойған жоқ, керісінше үшінші, төртінші толқыны тарап, вирустың жаңа нұсқасы шығып, тіпті үдеп ба­ра жатқанға ұқсайды. Қалай де­ген­мен де, сақтықты ұмытуға әлі ерте. Соған қарамастан шайқап тө­гіп, үрлеп ішіп үйренген шенді-шекпен баяғы «мал шашпақ» әде­тіне басқан. Оларды тіпті «қаңтар қасіреті» де ештеңеге үйретпеген сияқты. Олай деуімізге, мемлекеттік сатып алулар сайтында бір мезгілде бірнеше мем­лекеттік органның жаңа автокө­ліктерді жалға алатыны туралы ха­барландырулары түрткі болды.

Шенеуніктер шетелдік көлікке құмар

Былайғы жұрттың айлығы шай­лығына жетпей, бала-шағасын қа­лай бағамын деп уайым жеп жүрсе, әкімқаралар қымбат көлік мінемін деп әуре. Бір айтарлығы, бұл жерде шенеуніктер ешқандай тәртіп бұ­зып отырған жоқ, оны айналып өт­кен. Заң бойынша көлік сатып алу­ға болмағанымен, оны жалға алу­ға тыйым салынбаған. Шенеу­ніктер осы ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланған. Оның өзінде де Қазақстанда құрастырылған көлік болса бір сірә, шенеуніктің бәріне құны 9-10 мил­лион теңге тұратын шетелдік авто керек. Мәселен, қаңтар айының соңында Павлодар облысы әкімінің аппараты 89 миллион теңгеге тен­дер жариялады. Ол ақшаға бір жыл­ға 11 машинаны жалға алады. Авто­лардың бәрі «премиум» класты, қауіпсіздік жастықшасымен және климатты бақылау жүйесімен жаб­дықталған. Мұндай машинаға мін­ген бір шенеуніктің бір жылғы жү­рісі облыстық бюджет үшін 8 мил­лион теңгеден айналған. Ал Шығыс Қазақстан облысы жердегі маши­наны былай қойып, 27,5 миллион тең­геге бір емес, екі тікұшаққа тап­­сырыс берген. Оның бірі 20 жо­лау­шы мен экипаждың 3 мүшесіне ар­налған болса, екіншісі – 5 адам­дық. Әуекөліктері жергілікті поли­ция­ның жұмысы үшін керек болыпты. Түркістан облысы әкімінің Іс басқармасы 50 қызметтік көлік үшін бір жылға 21,4 млн теңгеге гараж жалдайтын болған. Алматы әкімдігі де сән мен салтанаттан кет әрі емес. Әкімдікке қарасты Жер қа­тынастары басқармасы 12 мил­лион теңгеге машинамен бірге жүр­гізушіні қоса жалдапты. Бұл көліктердің наурыз айынан бастап пайдалануға берілетінін ескерсек, сонда бір автоның қызметтік құны үшін жергілікті бюджеттен ай са­йын 1,2 миллион теңге жұмсалады. Олар­дың Қала құрылысы бақылау бас­қармасындағы әріптестері де шет­ел­дік көліктерді ұнататынын көр­дік. Басқармаға шенеуніктердің жайлы жүріп-тұруы үшін қазынадан 13 миллион теңге бөлінген. Әкімдіктерден ұлттық компа­ниялар да қалысар емес. «ҚазАвто­Жол» бір жылға 21,6 млн теңгеге жүргізушісімен бірге 4 жеңіл авто­мобиль жалдайтын болды. Әр ав­тоға бюджеттен 5,4 миллион теңге төленеді. Мемлекеттік менеджерлер «темір тұлпарларын» сәуір айынан бастап «ерттеп мінеді». Осындайда егер жалға алу құны қымбат болса, ол көліктерді біржолата сатып алып, автопаркін толықтырса, ком­пания үшін де, республикалық бюджет үшін де анағұрлым пайдалы болар еді ғой деген ой келеді. «Тарта жесең тай қалады, қоя жесең қой қалады» демекші, қазір­гідей пандемия жағдайында, сон­дай-ақ ел өңірлерінің 82 пайызы дотациялық бола тұра, әкімдер мен түрлі мемлекеттік органдардың қа­зы­наның қаржысын орынсыз ша­шуы түсініксіз. Сонымен қатар бар­­лық өңірлер республикалық бюд­жеттен трансферт алады. Тіпті, бар­лық салықтың 26,3 пайызын бе­ретін Алматы қаласының өзі респуб­ликалық бюджетке аузын ашып отыр.

Құны миллиондар тұратын еурогүл...

Мемлекеттік сатып алу сайтын­да таңдай қақтыратын басқа да тап­сырыстар аз емес. Көпшілік ха­лық пәтер жалдап, тапқан табы­сын ас-суы мен дәрі-дәрмегіне жет­кізе алмай пұшайман күй кешіп жүрсе, Шымкент әкімдігі қазына­ның қаржысын шашудың соны тәсілін тапқан. Шенеуніктер семіп қалған талдарды кесуге, әктеуге және ағаштардың қарын сілкуге 2,1 млрд теңге жұмсауды жоспарлапты.  Әлбетте, шаһардың ішін көк же­лекке толтырып, оны күтіп-бап­тау­ға бөлінген ақшаны текке кеткендік деп санауға болмас. Алайда күн­гейдегі Шымқалада қар жатушы ма еді, қақаған қыстың нағыз орта­сы­ның өзінде бұл жақта қар көп болса, бір-екі күнде еріп кетеді. Сонда алты ай қыс болатын Арқа өңірінде қалай болады, егер алда-жалда Қа­рағандының әкімі «қар қағуға» ақша сұраса қайтпекпіз?! Бұл ақшаның қаншалықты көп екенін келесі мысалдан-ақ көруге болады: Шығыс Қазақстан облы­сында бір ауылға су құбырын тарту үшін бюджеттен 371 миллион теңге бөлінді. Ал Атырау облысында бір мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін 259 миллион теңге қарасты­рыл­ды. Алматыда 160 орындық ба­ла­бақша салуға бюжеттен 840 мил­лион теңге берілетін болды. Тура сонша ақшаға, 840 миллион теңгеге биыл Қызылжардағы бір колледжге жап-жаңа жатақхана салынбақшы. Сонда Шымкент ше­неуніктерінің ағаштың басындағы қарды қағып, тал кесуге 2 миллиард­тан астам сома жұмсауы қай қи­сынға сыяды?! «Өңірлер бойынша қалалық аумақтарды абаттандыруға, көшені жинап, күтіп, баптап ұстауға бөлін­ген ақшаның айырмашылығына қарап таңғаласың. Кейбіреулері бұл мақсатқа миллиондар жұм­сайды, ал енді біреулері мил­лиардтар ша­ша­ды. Бұл қаржының қайда кет­кенін егжей-тегжейлі тексеру ке­рек. Мем­лекеттің бар­лық қаржысы тиімді жұмсалуы тиіс»,– дейді Мә­жіліс депутаты Ирина Смирнова. Ақша жұмсаудың амалын аты­рау­лықтар да кем меңгермеген. Биыл Атырау қаласының Құрман­ғазы атындағы мәдениет үйіне гүл сатып алу үшін 15 миллион теңге бөлінген. Қаржының дені еурогүл шоғырына жұмсалмақшы. Оның әр дестесінде 7 тал гүл, декоративті шөп-шалам, басқа да көк өскін болады, мұның бәрі акваораумен қап­талады. Мәдениет үйі әрқай­сысы 7 мың теңге тұратын осындай 1 160  гүл шоғына тапсырыс берген. Нәтижесінде, ол атыраулықтардың қалтасын 8 миллион 120 мың тең­геге жұқарта түскен. Сондай-ақ әр­қайсысы 13 мың теңге болатын 375 гүл шоғын сатып алуға тағы 4,8 миллион теңге бөлген. Одан да үлкен әрі одан да қымбат 30 гүл шоғын алуға жергілікті бюджет­тен 570 мың теңге қарастырыл­ған. Бұл аз десеңіз, тірі гүлдерден жасалған 7 себет «Ықылас гүлі» үшін 700 мың теңге бөлген. Мем­лекеттік сатып алу сайтындағы хабарламаның тех­никалық си­паттамасында «әр се­бетте ұзын­дығы 80-100 см-ден кем келмейтін 100 райхан гүлінің бо­луы» керегі жазылған. Одан бөлек, жалпы сомасы 545 мың теңгеге рау­шан мен қызғалдақтарға тағы тапсы­рыс бар. Мұның бәріне қарап отырып, биыл Атырауда респуб­­ликалық, әйтпесе тіпті халық­ара­лық деңгейде бір үлкен салтанат өтетін шығар деп ойланып қалады екенсің.

Қазынаның қаржысы тиімді жұмсалуы тиіс

Қазына қаржысының бейбе­рекет жұмсалуына байланысты Президент талай рет сын айтқан. Осыған орай ол Үкіметке мемле­кет­тік сатып алулар мен квазимем­ле­кеттік сектордағы сатып алулардың бүкіл жүйесін қайта қарауды тап­сырған болатын. «Қазір сыбайлас жемқорлықты нақты жоюдың орнына, процесті бюрократияландыру жүріп жат­қа­нын көріп отырмыз. Тапсырысты орындаушыны таңдауға бірнеше ай кетеді, бірақ бәрібір сапа мен адал­дық жетіспейді. Қолданыста бар нормативтік сүзгілерге қарамастан, қандай тендер болсын, оны кім же­ңетіні көбіне белгілі болып тұрады. Мәселен, екі жылда «ҚазАвтоЖол» техникалық қадағалау қызметі 99 сатып алу конкурсын өткізген. Олар­дың тең жартысын үлестікке қатысы бар төрт компания жеңіп алған», – деп Қасым-Жомарт То­қаев сөзінің соңын зілмен аяқтаған еді. Үкіметке Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл және Қаржы мо­ниторингі органдарымен бірле­сіп, мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын реттеу тәсілдерін, соның ішінде осы сала­дағы мемлекеттік бақылау жүйесін түбегейлі өзгерту тапсырылды. Со­нымен қатар мемлекеттік-жеке­мен­шік әріптестік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ба­қылауды күшейту міндеттелді.