Қару нарығындағы Қытай
Қару нарығындағы Қытай
A military vehicle carrying a WZ-8 supersonic reconnaissance drone travels past Tiananmen Square during the military parade marking the 70th founding anniversary of People's Republic of China, on its National Day in Beijing, China October 1, 2019. REUTERS/Thomas Peter
562
оқылды
2018 жылы әлем елдерінің әскери шығыны 1,8 триллион долларға жетті. Әдеттегідей, армияға қаржы жұмсауда АҚШ алдына жан салмайды. Трамп билікке келгелі бері сарбаздарға бөлінетін ақша артып кетті. Сондай-ақ қару саудасы да азаяр емес. 2017 жылы дүниежүзіндегі ірі 100 компания 400 млрд доллардың қаруын саудалапты. Сонша оқ-дәрі сатылған соң ол бір жерде атылуы да керек. Стокгольм бейбітшілік мәселе­лерін зерттеу институты (SIPRI) әдетте мемлекеттердің қорғаныс саласына бөлетін қаржысы, қару-жарақ саудасындағы ақша айна­лымы, ең ірі әскери компа­ниялардың тізімі секілді ақпаратты жариялап отырады. Жақында осы ұйым 2017 жылы әлемде сатылған қаруларға сараптама жүргізіп, басты саудагерлерді анықтады. Әлі де танк, ұшақ, зымыран сатуда АҚШ ешкімге дес берер емес, осы елдің компаниялары 226,6 млрд доллардың қаруын сатқан. Екін­ші орынға алғаш рет Қытай көтеріліп отыр. Олар Ресейді қару нарығынан ығыстырып жат­қан сыңайлы. Қытайлықтар 54,4 млрд доллардың оқ-дәрісін сау­далаған. Ал үшінші орынға түс­кен ресейліктердің қарудан түс­кен пайдасы 37,7 млрд доллар. Қытайдың әлеуеті. Жалпы, бұған дейін Қытайдың қару экс­порты жайлы мәлімет аз болған, сол себепті әлемдік нарықтағы шынайы жағдайды сипаттау қиын еді. Алайда институт мамандары соңғы есепте негізгі мәліметтер жа­риялады, дүниежүзіндегі 100 ірі қару сатушы компания­лар­дың ті­­зіміне сол елдің өкілдері кір­ді дейді. Сонымен, шығыстағы көр­­ші­міз қандай қару сатады? Бұл ел армияларға қажет ата­тын, ұшатын, жүзетін, жүретін көп­теген қару мен транспорт түрін өндіріп, оның экспорттық нұсқасын даярлайтын деңгейге жетті. Сыртқы қару саудасының негізгі үлесі авиация, артиллерия және бронетехникада екен. Бүгін­де Қытай қару экспортын 48 елге жеткізеді. Мысалы, тек Pterodacty-1 ұшқышсыз ұшатын аппараттары біраз елге сатылған. Бергі жағы Қазақстан мен Өзбекстан болса, арғы жағы Сауд Арабиясы, Мысыр, Алжир, Ирак, Нигерия. Бұдан басқа Қытай Азия мен Африканың көптеген еліне HQ-9 зениттік-зымыран кешенін, VT сериясындағы танкілерді, «AR-3» реактивті жүйесін, VP-1 және WZ-523 әскери көлік­терін (бронетранспортер), JF-17 «Тан­дер», J-10 жойғыш ұшақ­та­рын, лицензияланған Калаш­ни­ков автоматын, тіпті S-26 сүң­­гуір қа­йықтарын және басқа да қару түр­лерін экспорттайды. Бұл кеше ғана армиясы Ресейдің қа­руына тәуелді болған ел үшін айтар­лық­тай прогресс. Ал енді Қытайдың әскери-техни­калық әлеуеті қалай жыл­дам өсті және дүниежүзілік қару нарығы монополистерінің біріне айналуының себебі неде? Бірін­шіден, бұл елдің эко­но­микасы 1990 жылдармен салыстырғанда қазір өте қуатты. Олар саудадан түскен қаражатты армияға құюды 1990-жылдардың соңынан бас­тады. Яғни, экономикалық өсім армия мен әскери өндірісті жаң­­ғыртуға мүмкіндік берді. Екін­шіден, қытайлықтардың көшірме жасау қабілеті әлемге мәлім. Nile, Abibas, Dolce & Banana, Roxona, Funa деп әлемдік брендтерді құбылтып, көшірмесін қара базарға шығара салатыны белгілі. Бұл әдісті Қытай қару өндірісінде де қолданды. Әсіресе, талай ресейлік және америкалық танк, ұшақ, зениттік жүйенің тех­никалық мүмкіндіктері ұрланды. Мәселен, жоғарыда айтылған HQ-9 зениттік-зымыран кешені Ресейдің С-300 зениттік кешенінің жетілдірілген нұсқасы. Немесе «AR-3» реактивті жүйесін Ресейдің «Смерч» қаруының көшірмесі деуге болады. Ал DF-21D, DF-26D жағалауға арналған баллистикалық зымыран кешендері АҚШ-тың «Першинг-2» қаруының негізінде жасалған. JF санатындағы жойғыш ұшақтарының көптеген элементін ресейлік «Су», «МиГ»-тан, амери­калық F-35-тен де алған.  width= Үшіншіден, Қытай «баға – шешуші фактор» принципінен еш бас тартпаған. Сондықтан өзінің көптеген ұшақ, танктерін екі есе арзан бағамен сатады. Яғни, тауар техникалық жағынан Ресей және АҚШ өнімдеріне жақындайды, бірақ бағасы өте арзан. Бұл дамушы елдер үшін өте тиімді. Сондықтан да Қытай өзінің қару-жарақ клиент­терін Азия мен Африкадан табуы тегін емес. Мәселен, 2008 жылы Түркия Германиядан 6 сүңгуір қайықты 4 млрд долларға сатып алды. Ал Қытай Тайландқа техникалық тұрғыда жол беретін екі S-26 сүңгуір қайығын 100 млн долларға сатпақ және үшіншісін тегін береді. Базардағы маусымдық жеңілдік секілді. Бірақ бұл Қытай­дың саясаты және ол өз нәтижесін беріп келеді. Төртіншіден, Қытай қару сатқанда АҚШ не Еуропа елдері секілді адам құқықтарын сақтау, соғыста қолданбау, көршіні атқы­ла­мау қажет деген талап қой­май­ды. Бастысы – тауар өтсе бол­ғаны. Мәселен, Америка Пәкістанға өзінің F-16 жойғыш ұшағын сатқанда олар Үндістанға қарсы қолданылмасын деген шарт қойған. Ал Қытай ондай мәселемен клиенттердің басын қатырмайды. Мәселен, өзі лицензиямен өндіре­тін Калашников автоматы (тип-56) тарихта жиырмадан аса түрлі соғысқа қатысқан. Ал ұшақсыз ұшатын аппараты Ливияда жүріп жатқан азамат соғысында қолда­ныла­ды. Бесіншіден, Қытай өз өнімде­рін клиенттің жағдайына тез бейім­дейді. Мәселен, Африка ел­де­ріне арнап салмағы жеңіл танк­тер шығарған. Өйткені АҚШ, Ресей, Еуропа елдерінің қымбат әрі өте ауыр танктері Афри­ка құм­дарына тез батып қалуы мүм­кін. Сәйкесінше, афри­ка­лық­тар жеңілдеу әрі арзандау танкті таңдары сөзсіз. Стокгольм бейбітшілік мәсе­ле­лерін зерттеу институты ұсынған есеп бойынша, Қытай фирмалары алғаш рет әлемдегі қару өндіруші 100 ірі компанияның тізіміне еніп отыр. Айталық, олар AVIC, CETC, NORINCO және CSGC. Шын мәнінде, олардың саны – 10. Тек қы­­тайлық компаниялардың қар­жы­­лық есептеріне қол жеткізу өте қиын. Әлемдік қару базары. Егер сөз болған әлемнің оқ-дәрі өндіретін үз­дік жүздігіне көз жүгіртсек, оның 46-сы АҚШ компаниялары екен және олар жаһандық қару нарығының 59 пайызына ие. Яғни, бұл елді нағыз монополист деу­ге болады. Мәселен, Lockheed Martin – 43,9 млрд, Boeing – 26,9 млрд, Northrop Grumman – 22,4 млрд, Raytheon – 22 млрд доллар тап­қан. Ал қытайлық AVIC – 20 млрд, NORINCO 17,2 млрд дол­­лар­дың қаруын сатса, ресейлік Алмаз Антей - 8,6 млрд, Біріккен әуеқұрылыс корпорациясы – 6,5 млрд, Біріккен кемеқұру кор­по­рациясы 5 млрд доллар пайда тап­қан. Қазір әлемдік қару нары­ғын­дағы ресейліктердің үлесі көп емес, 8 пайыздың айналасы. Сонымен, білекті мен әлсіз деген қатынас адам түсінігінен жо­ғал­майынша, өзгеден қауіп деген қор­қыныш та ешқайда кетпейді. Сол себепті қорғаныс мақсатында қару өндіру, сату, сатып алу, қол­дану да қарқынды жүре береді. Егер 2000-жылдардың басында әлем­дік қару өндірісінің құны 200-300 млрд доллар болса, бүгін ол 400 млрд-қа жеткен. Яғни, бұл – үлкен бизнес, индустрия және ол кеңейіп барады. Ең өкініш­тісі, осыншама қару қолда­нылып, атылуы үшін кей кездері қолдан әскери жанжалдар да жасалып тұратыны бар. Ал «өлім әкелетін тауар» қос тарапқа да бірдей саты­ла береді. Тек әскери бизнес жүрсе болғаны...   Нұрмұхамед БАЙҒАРА