Ауаның жайы алаңдатып тұр
Ауаның жайы алаңдатып тұр
© коллаж: Елдар Қаба
604
оқылды
Таяуда Алматы тұрғындары митингке шығып, қаладағы ауаның ластанып, экологиялық ахуал­­дың ушығып бара жатқанын айтты. Экобелсенділердің талабын жөнсіз дей алмаймыз. Былтырдың өзінде осы қалада 107 мың тонна зиянды зат ауаға тараған. Ал жылу электр ор­талықтары 90 жылға жуық уақыттан бері көмір жағып келеді. Көліктің көптігі тағы бар. Демек, экологиялық ахуал алаңдататын жөні бар. Мамандар жағдайдың біз ойлағаннан да ауыр еке­нін жеткізді. Себебі елде лас ауаның кесірінен түрлі дертке шалдыққандар көбейе түсуі мүмкін.

Көрші елдердің бәрін артқа қалдырдық

Ел аумағында өнеркәсіп артып, жылу энергия орталықтары газға көшпей, авто­көліктер көбейген сайын ауа қабатына қо­сылатын улы газдар да еселенді. Статис­тикалық деректерге көз жүгіртсек, Қазақ­стан бойынша жыл сайын түрлі стацио­нарлық көздерден 2,5 млн тонна, ал көлік түтінінен 1 млн тонна улы газ атмосфераға таралады. Біріккен Ұлттар Ұйымы сарап­шыларының 2018 жылы жасаған монито­рингіне сенсек, халқымыздың 30 пайызы немесе 5 миллионнан астам қазақстандық атмосфералық ауасы ластанған аймақта өмір сүріп жатыр. Оның үстіне, 2 млн қазақ­стандық шамадан тыс ластанған жерлердің аранында тұр. Сол жылы Қазақстанның 13 өңірінде ауаның өте лас екені анықталды. Қазақстан осыдан бір­неше жыл бұрын «Париж» халықаралық ке­лісіміне қол қойғанын білеміз. Енді елі­міз 2030 жылға дейін ауаға бөлінетін улы газдың мөлшерін 1990 жылдағыдай азай­туы тиіс. Яғни, парниктік газдар, со­ның ішінде көмірқышқыл газын мүмкін­дігінше шектеп, ауадағы мөлшерін кем дегенде 55 пайызға түсіруі тиіс. Бірақ бұл мақсаттың орындалатынына сенім аз. 2017 жылы эко-белсенді Павел Алек­сан­дровтың бастамасымен елімізде ауа­ның ластану деңгейін анықтап отыратын Аirkaz.org жобасы іске қосылды. Бұл жоба қазір де жұмыс істейді. Біз аталған сайттың Қазақстандағы қалаларда ауаның ластану деңгейіне жасаған зерттеуін шолдық. PM-2.5 көрсеткіші (ауа құрамындағы қауіпті бөлшектер) бойынша елімізде ең ахуалы нашар қалалар көшін Нұр-Сұлтан бастап тұр. PM-2.5 көрсеткіші бойынша 377-ге жеткен. Екінші Өскемен қаласы – 250. Ал біз сөз еткен Алматы қаласы 197 межесінде. Жалпы, PM-2.5 көрсеткіші бойынша 150-ден асқан аймақ қауіпті саналады. 400-ден асқан болса, экологтер мұны апатқа балайды. Жаңағы біз айтқан 3 қаланың көрсеткішіне қарап, қауіпті болжай бе­ріңіз. Бұл – түскі уақыттағы көрсеткіштер. Кешкі 21.00-ден кейін ластану деңгейі тіптен көбейеді. 2020 жылдың көктемінде, яғни панде­мия кезінде Алматы қаласында көлік көші азайып, қала тынышталып қалған бола­тын. Сол кезде көпшілікті таңырқатқан бір оқиға болды. Дүниежүзілік ауа ластану деңгейін көрсететін iqair.com сайтында Алматы қаласы «жасыл деңгейге» шықты. Ауа тазарғанының айғағы болатын. Демек, қаладағы автокөліктердің өзі қанша зиян тигізіп тұрғанын ойлаңыз. Ал қазір осы сайтта Алматы қаласы «қызыл деңгейде» тұр, PM-2.5 көрсеткіші бойынша 167 ме­жесінде, «ауасы лас» деп жазылған. Нұр-Сұлтан қаласының ахуалы тіптен нашар. 214 көрсеткіште, «ауасы өте лас» деп бағаланған. Осы тұста көрші елдердің қа­лаларын да шолған едік. Iqair.com сай­тын­да Ресей астанасы Мәскеудің көрсеткіші 41-де, «сәл ластанған» деп тұр. Көршіміз Қырғыз Республикасының астанасы Біш­кек қаласы – 89 «орташа», Өзбекстанның бас қаласы Ташкент – 105 «ортадан сәл жо­ғары» деңгейінде екен. Яғни, біздегі қалалардың жағдайы тым нашар, ауа әбден ластанған. Шамасы, бұл көрсеткіш жауап­тылардың экологияға аса бір көңіл бөлмей отырғанын аңғартса керек.

Көмір түтініне «көміліп» жүрміз

Алматыдағы жылу электр орталықта­рын газға көшіру жайы көптен бері айты­лып жүр. Бірақ жедел іске асар түрі жоқ. Жауаптылар асықпай ма әлде қаржы жағы қолбайлау ма, бізге беймәлім. Әйткенмен осы жоспар жүзеге асса қаланың эколо­гиясы біршама оңалар еді. Экология ми­нистрлігі бұны ескермей отырған жоқ. Талай талқы болған. 2020 жылы Экология минстрлігі Алматыдағы ТЭЦ-2 мен ТЭЦ-3 жылу орталығы қаланың экологиясын құр­тып біткенін сынға алды. Көп ұзаған жоқ, ізін ала жауапты мекеме өкілдері тез ара­да «көгілдір отынға көшетінін» жа­рия­лап, ақталғандай болған. Егер жұмыс жос­парға сай жүргізілсе, 2024 жылы ТЭЦ-2, ал 2024-25 жылдары ТЭЦ-3 жылу орта­лы­ғы толықтай газға көшірілетіні хабар­ланды. Ал оған дейін кейбір мамандар ТЭЦ-2-ні газға ауыстыру мүмкін емесін, өйткені қа­ла сейсмикалық аумақта ор­наласқанын айтқан. Экология министр­лі­гінің дерегіне сенсек, жыл сайын ТЭЦ-2-ден 33 мың, ТЭЦ-3-тен 12 мың тонна зиян­ды зат ауаға тарайды. Былтыр қарашада Энергетика ми­нистрі болған Мағзұм Мырзағалиев 2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласының бірінші және екінші Жылу электр орталық­тарын газға ауыстыру жобасы аяқтала­тынын айтты. Ал Алматы қаласындағы 3 жылу электр ор­талығын газға ауыстыру жо­басы 2026 жылға дейін бітетінін хабар­лаған. Қош, бірақ бұнымен ауамыз тазарып кете қоя ма? Эко­белсенділер көгілдір отын­ға кө­шу проб­леманы толықтай шешеді де­ген­ге дәме­ленуге болмайтынын айтып отыр.

Көгілдір отынға көшу мәселені шешпейді

Қазір ең негізгі мәселе – жылу электр стансалары бөлетін зиянды қалдық болып тұр. Кәсіпорындар мен автотрафик жағы да ­бар. Алматыда қатты тұрмыстық қал­дық­тарды кәдеге жарату жайы да оңал­мады. Тарихи проблемаға айналғаны анық. Ал «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы» республикалық қоғамдық бір­лес­тігінің Алматыдағы филиал басшысы Әсел Ділдәбекова қазіргі қарқынмен эко­жүйе өзгермейтінін жеткізді. Қызығы сол, экобелсенді «газға көшу әзірге тиімсіз» деп ойлайды. Дегенмен дәлел-дәйегі де жоқ емес. – Біріншіден, көгілдір отынға көшсек, бәрі шешіледі деу жансақ пікір. Одан да улы заттар тарайды. Жылу электр станса­сын салу үшін шамамен 5 жыл уақыт кете­ді, 2 млрд АҚШ доллары керек. Ал 5 жыл­дың ішінде халық лас ауаны жұтып, он­ко­логиялық, жүрек-қан тамыр ауруларына шалдыға береді. 2 млрд долларды бір ғана станса құрылысына құрту жөнсіз, бізде бұдан да басқа әлеуметтік мәселелер сансыз. Оның үстіне, Алматыда станса салынатын жердегі 2 мың ағашты кесу ойластырылған екен. Екіншіден, елімізде газ тапшы. Дефицит барын «Қазтрансгаз» өкілдері мойындаған. Әр жылу электр стансасы жылына кем дегенде 1,2 млрд текше метр көгілдір отын тұтынады. Бұ­ның қажеті жоқ, тым үлкен көлем. Үшін­шіден, қаңтарда Алматының Экология департаменті халыққа 2020 жылы қабыл­данған құжатты таныстырып, экология бойынша «Жол картасының» есебін тың­дат­ты. Сонда жеке секторларды біртіндеп көгілдір отынға ауыстыру айтылған. Бұл да мәселені шешпейтіні анық. Төр­тін­шіден, «Париж» келісіміне сай, біз жылу электр стансаларын жел, күн электр стан­саларына ауыстыруымыз керек еді. Улы заттарды азайту жөніндегі талапты орын­дап үлгермейтін сыңайымыз бар, – дейді экобелсенді. Енді не істемек керек? Ділдәбекованың айтуынша, елдегі Д.В.Сокольский атын­дағы Жанармай, Катализ және Электро­химия институты шығарған жаңа техноло­гия бар екен. Нейтрализатор ауаға шыққан түтінді сүзгіден өткізіп, 98 пайызын та­зарта алады. «Көгілдір отынға ауыспай-ақ осыны қолданса жарайды» дейді ол. Қазір отандық ғалымдар мен экобелсенділер технологияны билік өкілдерінің алдында сынақтан өткізіп, нәтижесін көрсетуге әзір отыр. Демек, дәлелдеуге даяр. Ол үшін Алматы әкімдігі мен Үкіметке хат жіберген. Әзірге жауап жоқ. Әйтпесе экобелсенділер шығынды үнемдеп, тиімді жолды нұсқауға септігі тиерін айтып отыр.

ТҮЙІН:

Не десек те, биыл жылу электр орта­лық­тары көгілдір отынға ауысып үлгермейтіні анық. Яғни, ауамыз биыл тазармайды. Газға көшудің қыруар шығын екеніне көзіміз әуелден жеткен. Енді осы мәселелерден арыла алмай жүріп, эко­жүйе­ні бүлдіріп алдық. Билік алдағы уа­қытта экобелсенді­лердің ұсынысын қарас­тыра жатар. Ал бізді бір сауал мазалайды: «Париж» келісімін орындауға шамамыз жете ме? Қазіргі қар­қын­мен біз ауадағы зиян­ды қалдық мөлшерін азайта алма­сымыз анық. Бұл мемлекеттің абыройына да нұқсан келтірмей қоймайды.