Солтүстіктен соққан санкция салқыны
Солтүстіктен соққан санкция салқыны
© коллаж: Әсел Балтақызы
443
оқылды
Украинаға шабуыл жа­са­­ған Ресей қазір құрсау­да. Батыс елдері 24-ақпан­нан бері Ресейге санкция­ларын бірінен кейін бірін жариялап жатыр. Санк­циялардың екінші па­кеті ресейлік банк нары­ғы­на, ме­млекеттік компания­лар­ға, қорғаныс секторына соқ­­қы болса, көршімен бір эко­но­микалық одақта кін­дігі байланған Қазақстан­ның  жағдайы не болмақ? Санкция бізге де жанама түр­де зиянын тигізе ме?

БЕЙТАРАП БОЛУ КЕРЕК ПЕ?

Ресейге алғаш болып қатаң санк­циялар енгізген АҚШ пен Ұлы­британия. Уашингтон мен Лон­­дон Еуроодақ сияқты Мәс­кеуге қар­сы бір емес, бірнеше шектеу ша­расын қабылдады. Ре­сейге санк­ция салғандардың қа­тарында Аус­тра­лия, Канада, Жа­пония да бар. Канберра Ресейдің 62 компаниясы мен ірі банктеріне және жеке аза­маттар мен олардың отбасыларына шектеу енгізсе, Оттава Ресейге та­уар тасымал­дай­тын барлық ка­на­далық компа­ния­лардың лицензия­ларының күшін жояды. Ал Жа­пония ресейлік банк­тердің капи­талын бұғаттап, виза беруді тоқ­тат­пақ. Көрші елге бағытталған санк­циялар Қазақстанға оңай тимей­тінін Ұлттық экономика ми­нистрі Әлібек Қуантыровтың өзі де мо­йындап отыр. Министрдің сөзін­ше, теңгенің айырбас бағамы рубль­ге қатысты тым күшейіп кет­се, бұл да 2014 жылғыдай кері әсер етеді. Бәрі қайтадан Ресейден әке­лінеді, экспортымыз зардап шегеді. Соғыс басталған 24 ақпаннан  бері теңге рубльмен бірге құнсыз­дан­ғанын білеміз. Ресей әскери операциясын бастаған алғашқы күні Қазақстан қор биржасында бір доллар 452 теңгеге бағаланды. Ва­люта айырбастау пункттерінде 470-472 теңгеден сатылды. Жағ­дайды тұрақтандыру үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13,5 пайыз­ға дейін көтерді. Сондай-ақ валю­талық интервенция жасау үшін 104 миллион доллар бөлінді. 2014 жылдың соңында мұнай бағасының арзандауы мен Батыс­тың санкциясы әсерінен Ресей рублі бұрын-соңды болмаған қар­қынмен құнсызданған. Соның сал­дарынан Ресейдегі рубльмен есептелген автокөліктер бағасы долларға шаққанда күрт арзандап, Қазақстаннан Ресейге көлік іздеп барушыларды көбейткен. 2015 жылы 1 қаңтарда күшіне енген ЕАЭО келісімі де Қазақстан аза­мат­тарының Ресеймен еркін сау­дасына жол ашқан. Ресейде рубль арзанда­ғалы және ЕАЭО келісімі іске қо­сылғалы Қазақстанда жа­салған көліктердің сатылуы 60 па­йызға кемігенін сол кезде Ұлт­тық кәсіп­керлер палатасы басқар­масының төрағасы болған Абылай Мырзах­метов те мәлімдеген еді. Бірақ бұл жолғы санкциялар­дың салдары елімізге 2014 жыл­ғымен салыстырғанда әлдеқайда ауыр болуы мүмкін. Себебін тү­сіндірген экономист Марат Қаир­ленов тең­генің құнсыздану жағ­дайында қол­дан келер шара жоқ деп отыр. «Біз Ресейге экспорттап кел­сек, енді оған сұраныс болмайды. Қо­сымша доллар, еуромен төлем жүр­гізуге шектеу бар. Сондықтан жағ­дай ушығады. Келесі жылы өмір сүру деңгейі төмендейді. Инф­ля­ция болады. Мұнай саудасы дол­лар арқылы іске асады. Олар сауда жасай алмайды. Мәселен, оларға шикізат берсең, олар доллармен төлем жібереді. Ал сен ол ақшаны пайдалана алмайсың. Валюта бағамын өзгерту қолымыз­дан келе қоймайды. 1 рубль 6 теңге болса, оны 3 теңгеге дейін түсірсе, тауар ар­зандайды. Бірақ елімізде жұ­мыс­сыздық белең алады», – дейді ол. Иә, бірінші кезекте елдің валю­талық және мұнай нарығы соққыға жығылады. Сонымен қатар біздің мұнай Каспий құбыры арқылы са­тылатынын ұмытпау керек. Егер санкциялар энергетикалық эмбар­г­оға әсер етсе, яғни Ресейден мұ­най мен газды сатып алуға тыйым са­лынса, бұл бізге де әсер етеді. Санкция салдарынан Ре­сей бұл тауарларын енді бұрынғы бағамен бере алмауы мүмкін. Ва­люта тап­шы­лығына ұрынатын­дық­тан, ол сыртқа шығаратын тауар­ларына бағаны көтереді. Бұл бізді одан әрі кедейлендіре түспесе, ба­йытпай­тыны анық. Екінші жағы­нан, экс­порттайтын тауарларымыз да Ре­сей арқылы өтіп жатыр. Олар­дың транзиттік бағасының күрт өс­пей­тініне еш кепілдік жоқ. Елі­міз­дің экономикасы мен Ресей экономи­касы тығыз байланыста болған­дық­тан, санкция салдарын алдын алу мүмкін емес деген тә­уел­сіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев та ойымызбен келісіп отыр. «Бізде тек қана бейтараптықты сақтау қажет. Солай бізге санкция салынбауын алдын ала аламыз. Біз Ресейден импорттауды азайтуымыз қажет. Біз олардан көбіне азық-түлік пен өңдеу өнеркәсібіне қажет тауарларды импорттап аламыз. Қа­зір дүкен сөрелеріндегі әр екін­ші тауар Ресейден әкелінген», – дейді А.Чеботарев. Енді не істемек керек? Эко­но­мист Марат Қаирленовтің сөзін­ше, жалғыз әрі тиімді шешімі – Еуразиялық экономикалық одақ­тан шығу. «Елімізге ешқандай да пайда әкелмеген, қайта орынсыз шығын­дар­ға батырған Еуразиялық эконо­ми­калық одақтан шығуға талпыну керек. Бірақ әзірге бізді шығара қой­майды. Қазір Ресей санкция­ның астында қалып отыр. Тың тех­но­ло­гия­лар өндіруі екіталай. Олар 90-жылдардағы мәселелерге тап бо­луы мүмкін. Одан шыға қоюы­мыз да оңай болмайды. Осылай жал­ғасса, инфляция ха­лықтың әлеу­мет­ттік жағдайына қат­ты әсер ете­ді», – деді ол.

SWIFT САЛДАРЫ ҚАНДАЙ?

Еуроодақ, АҚШ пен Канада Ре­сейді SWIFT төлем жасау халық­ара­лық жүйесінен айыруға келісті. Оны әлемнің барлық дерлік мем­лекетінен 11 мыңнан аса ұйым қол­данады. Әрине, балама жүйелер бар. Дегенмен SWIFT шетелдік ва­лютамен аударым жасаудың негізгі жолы саналады. «Россвифт» дерегі бойынша, 2020 жылы жүйе арқылы 9 миллиардтан аса хабар­лама өткен. Соның 143 миллионы – Ресейдің үлесіне тиесілі. 2021 жылдың 1 қаң­тарындағы жағдай бойынша, SWIFT-ке көрші елдің 48 қаласын­дағы 291 банк қосылған. SWIFT ешқандай елдің үкіме­тіне бағынбайды және оны санк­ция құралына айналдыруға қарсы. Әйт­се де, компания Еуроодаққа мүше – Бельгия мемлекетінде тіркеліп, сон­да орналасқандықтан, Еуроодақ шы­ғарған ортақ шешімге бағынуға, яғни санкцияға ұшыра­ған елдің банк­терін жүйеден алас­татуға мәжбүр. Ресей SWIFT жүйесінен толық ажыратылса, санкция тізіміне ен­ген ресейлік банк салымшылары шетелдерге ақша аударымдар жа­сай алмайды. Халықаралық төлем­дер де тоқтайды. Visa және Master карт қолданушыларына шектеу болмауы тиіс еді. Десе де, Маster карт қара тізімдегі банк карта­ла­рының шет­ел­дердегі қаржы опе­рациялары тоқтатылатынын мә­лімдеді. Ресей төңірегінде ғана қолдануға болады. Бұл шектеулер Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымын кідіртіп тастауы ықтимал. Себебі Ресей – Қазақ­стан­ның ең ірі эко­номикалық се­ріктесі. Қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 20 миллиард дол­лардан асады. Егер Ресей ха­лық­аралық төлемдер жасай алмаса, көрші елден импорт көлемі азайып кетуі мүмкін. Дегенмен қазір кесіп айтуға әлі ерте. Себебі бұрын-соңды бол­ма­ған оқиғалар болып жатыр, әлем бұ­рын-соңды мұндай тәуе­келдерге тап болған емес. SWIFT-тен ажы­ра­ту енгізілген санк­ция­лардың аз­ғана бөлігі. Біз көршілер ретінде белгілі бір пайда көреміз. Бірақ бұл пайда біздің эконо­ми­камызға қа­уіп төндіретін шы­ғын­дармен са­лыс­тыр­ғанда мардым­сыз бо­лады. Тең­ге­нің күрт де­вальвациясы. Тә­уекел­дің жоға­ры болғаны сон­шалық, ұзақ жыл­дар ішінде алғаш рет та­ңертеңгі валюталық сауда-саттық уақыты 15.00-ге ауысты­рыл­ды. Теңге айтарлықтай құнсыз­дануы мүмкін деген болжамдар бар. Эко­номист Ерлан Ибрагим да ойы­мыз­ды қуаттап отыр. «Ұлттық банк алдында теңгенің долларға шаққандағы бағамын тең­дестіру және ресейлік рубль бо­йынша теңгерімсіздікті бол­дыр­мау міндеті тұр. Шекараларды жа­бу мүмкін емес, Еліміздің ЕАЭО-дан оңай шығуы екіталай. Қазір бар­лығы Ұлттық банктің іс-әрекетіне байланысты. Теңгенің дол­ларға шақ­қандағы бағамы қан­дай дең­гейде қалыптасады және рубльдің долларға шаққандағы нарықтық бағамын негізге ала отырып, Ресей рубліне кросс бағам құру қажет. Ал еліміз бейтараптық танытып, қақ­тығыстан аулақ бол­ғаны абзал. Ресейге қарсы ашық сая­сат жүргізу елімізге өте қауіпті. Сонымен қатар Батысқа қарсы сая­сат жүргізу де аса қауіпті. Бей­тарап­тық қажет. Батыс өте кір­пияз. Бізге аса сақ болған жөн», – дейді ол. Қорытындысында, біздің де жағдайымыз мәз емес. Өйткені Қа­зақстанның экономикалық се­ріктесі саналатын Ресейдегі ахуал бірден теңге бағамына да әсер етті. Бұл санкциялардың астында қал­ған Ресеймен біздің экономика­мыз біте қайнасып жатқанын көр­сетеді. Сол санкциялардың елі­мізге әсерін болдырмай, дәл қа­зір Үкімет экономикалық қор­ғаныс шараларын қабылдамаса, онда Қазақстанның ішкі нары­ғын­дағы тауар бағалары да қатты өседі. Ал онсызда жұрт жалақымыз жет­пей жатыр дегенде тауар құны қым­­баттаса, онда әлеуметтік жағ­дай да нашарлауы мүмкін.