Ел тағдыры – ерлерге аманат!

Ел тағдыры – ерлерге аманат!

– Бүгін «Nur Otan»-ның кезектен тыс ХХІІ съезінде партияның атауы өзгертілді. «Amanat» деген жаңа атау таңдалды. Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «партияның атауын өзгерту – ол қабыр­ғадағы жазуларды алмастыру емес, партия­ның ішкі жұмыс істеу механизмін, халық пен билік арасындағы қарым-қатынастағы өзгерістер. Халық алдында әділетті, қам­қоршыл, әр адамның ішкі қалауын аңғаруға пейілді болу керек. Билік алдында талап­шыл, конструктивті сын айтуға қабілетті, бұқара халықтың мұң-мұқтажын, талабын билік жүйесіне жеткізе алатын иммунитетке ие болуы керек. Аманат – қасиетті де қастерлі ұғым. Бабам қазақ күнделікті өмірде ақиқат сөзін қалай болса солай қолдана бермеген. Себебі бұл сөздің артында айтқан адамға да, айтылған адамға салмағы, жауапкершілігі, сұрауы бар екенін жақсы сезінген. Ең маңызды тағдырға әсер ететін сәтте ғана айтылған бұл сөз. Біз үшін ел мен жердің тұтастығы – аманат! Тәуелсіздікті сақтау – аманат! Тілімізді, дінімізді, дәстүр мен салтымызды бұзбай, таза ұстау – аманат! Жер тағдыры – елге аманат! Ел тағдыры – ел бастаған ерлерге аманат! Ақжаулықты ананың, ақсақалды бабаның, ақ жүректі баланың аманаты – қашанда биліктің мойнында. «Аманатқа қиянат жүрмейді» дейді атам қазақ. Ендеше халық аманатына адал болу – «Amanat» партиясының ең негізгі ұстанымы болуға тиіс деп ойлаймын.