Z-тің астарында не жатыр?
Z-тің астарында не жатыр?
579
оқылды
Соңғы уақытта елімізде кей автомобильдердің шанағынан Z белгісі бар жапсыр­маларды көріп жүрміз. Бұл әрекет қоғамда қызу талқыланып жатыр. Себебі Z белгісін Ресей әскерін қолдау амалымен байланыстырып жүрген жұрт көп. Яғни, өзге елге қа­тысты дүниені насихаттау жолы ретінде саналады. Ал оларға қатысты құзырлы орган­дар қандай шара қолданбақ? Мұндай әрекеттер ұлтаралық араздықты тудыруы мүмкін бе?

Тыйым саларға себеп бар ма?

Рас, осы күні Украинадағы ар­найы операцияға қатысып жатқан ресейлік әскери техникаларда осын­дай белгі бар. Әуелде тек әс­кери техникаларды өзгелерден айы­ру мақсатында пайда болған белгі еді. Ресейдің де, Украинаның әскери техникалары тым ұқсас, бел­гі соқпаса, бір-бірінен айыру қиын. Басқа да болжамдар жетерлік. Мәселен, кейбір ресейліктер Z белгісінің түп-төркіні «за победу» деген сөзде жатқанын келтірген. Тағы бір бөлігі Украина президенті Владимир Зеленскийге қарата айтылғанын алға тартады. Яғни, Z - «Зеленискийді жеңеміз» дегенді білдіруі мүмкін. Не де болса, осы белгі кейін ре­сей­лік сарбаздарды қолдау нышаны ретінде мән алып кетті. Біздегілер де соны қол­дағысы келді ме, кө­лі­гіне Z белгісін жабыстырып алған­дар көбейді. 1 наурызда Алма­тының Полиция департаменті осын­дай көліктерді тауып, иеле­ріне сұрау салғанын жария етті. Бастысы, не мақсатпен белгі соқ­қанын анықтау. Сараптау заңна­маға сәйкес келе ме? Ал 3 наурыз­дан бастап белгі соққан көлік иелеріне айыппұл салына бастады. Мысалы, Нұр-Сұлтанда артқы әйнегіне Z белгісі қойылған көлік жүргізушісіне 590-баптың 5-бө­лігіне сәйкес («Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу») негі­зінде әкімшілік хаттама толтыры­лып, 15 315 теңге айыппұл салын­ды. Авто­кө­ліктің артқы әйнегіндегі жазу алынып тасталған. Ал тәртіп сақшылары көлік жүргізушісімен про­филактикалық әңгіме жүр­гізілгенін айтты. Бұндай жағдайлар басқа өңірлерде де кездесіп жатыр. Полицияның іске белсене кіріс­кеніне қарағанда, жүргізушілер Z белгісіне бекерге құмартпаған тә­різді. Расында да, астары болғаны анық. Ішкі істер министрлігінің өкілі Қуаныш Игіман да по­ли­ция­ның тексерісті бастағанын растап отыр. – Қазір Z белгісін автокөлігіне жабыстыр­ған­дарды жолда тоқта­тып жатыр. Белгіні алдыртып тас­тап, полицейлер ескерту айтып, се­бебін аза­мат­тарға түсіндіреді. Яғни, болмайды, – дейді ол. Дегенмен біздің көкейде бір сауал туындады. Елімізде автокө­лікке жабыстыруға болмайтын, заң жүзінде тыйым салынған қандай да бір белгілер мен таңбалардың тізімі жоқ. Тіпті, «Жарнама» тура­лы заң­ның 14-бабында «сыртқы көр­некі жарнаманы көлік құралда­рына жапсырғаны үшін ешқандай рұқсат пен төлем қажет емес» деп анық жазылған. Сол себепті по­ли­цейлер «Көлік құралдарын пайда­ла­ну ережелерін бұзу» деген се­бепті көлденең тар­тып, тыйымға көшкендей. Әйткенмен, Z белгісі пропа­ганданың құралына айналып бара жатқандай. Про­вокацияға ұласса да таң қалмаймыз. Осыны ескеріп, полицейлердің бұл әреке­тін жөнсіз дегіміз келмейді. Қазіргі уақытта Z белгісіне қатысты түрлі бол­жам айтатындар бар. Біреулер еш мәні жоқ дүниеге баласа, кейбір жандар саяси астар барын алға тар­тады. Яғни, осы әрекет арқылы өзге елдің идео­ло­гиясын насихаттау қаупі барын жеткізеді. Деген­мен сан тарапқа бө­лінген ойдың тоғысар тұсы жоқ­­тай. Саясаттанушы Дос Көшім Z белгісін поли­цейлер автокөліктен алдыртып тастағанымен, оны нақ­ты заңға сүйеніп іске асыра алмай отырғанына қапалы. – Жыл сайын 9 мамырда Жеңіс күніне орай сал­танатты шерулер өтеді. Сол уақытта елімізде Кеңес Одағы кезіндегі қызыл ленталарды тағып алатындар бар. Көлігіне де, киіміне де жабыстырып шығады. Кей адамдар сонысымен пиғылын көр­сетіп, іштей мәз болады. Z бел­гісі де осыған ұқ­сас дүние. Поли­цейлер алдыртып тастап жатыр, құп­тар­лық амал. Әйткенмен, қан­дай заңға сүйеніп отыр? Елімізде тыйым салынған террористік ұйым­дардың тізімі бар. Ал белгілі бір жазуға, белгіге қатысты нақты тізім жоқ. Сондықтан Парламент фашистік немесе қоғамға жат деп тапқан белгілердің тізімін бекітсін. Нақты себебін айтсын. Онсыз по­лицейлер көлікті тоқтатып, жүр­гізуші нақты себе­бін, белгіге неге тыйым салынғанын сұраса, қай заңды айтады? Біреу KZ деп жа­быстырып алса, Z те сондай жазу деп қарсыласса, үндей алмайсыз, – дейді саясаттанушы. [caption id="attachment_186658" align="alignleft" width="1200"]Z белгісі © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Расымен де, біз жоғарыда айт­тық, жазу, белгі мен таңба түскен жапсырмалардың нақты қай түрін автокөліктерге жабыстыруға бол­майтыны жайлы заң жоқ. Полиция өзге заңдарды көлденең тартып, айыппұл салғанымен, келесі та­рап­тың айтар уәжі шығары анық. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселе күн тәртібіне шыққаны дұрыс.

Провокация ұсақ дүниелерден басталған

Дәл осындай оқиға бірінші рет болып тұрған жоқ. 2014 жылы Қы­рым Ресей қолына өтіп, аймақта келеңсіз жағдай болды. Сол кезде Қырымда «сы­пайы адамдар» деп аталатын белгісіз формадағы сар­­баздар шықты. Олар әртүрлі мақ­саттағы нысан­дарды, әскери бө­лімдерді бақылауға алды. Ресейдің сарбаздары екені біз айтпасақ та белгілі. Сол жылы «сыпайы адам­дарға» арналып түрлі сарбаздың тұлғасы бейнеленген жапсырмалар қаптап, саты­лымға шықты. Қазақ­станда да осы жапсырманы көлігіне жапсырғандар көбейді. Бұл бір төбе, тіпті «сыпайы адамдар» бей­неленген киімдер сатылды. Бір қы­зығы, қоғам мұны аса бір қатты талқылаған жоқ. Соның әсерінен бе, әйтеуір елімізде жапсырма мен киімді таратқандардың біразы жазасыз қалды. Осылай саяси мар­кетинг қадамы мен пропа­гандаға жататын іске бөгет болмадық. Көп өтпей тақырып ұмытылып та кеткен болатын. Иә, мұндай провокацияға не­гізделген қолайсыз оқиғалар бізде көп болған. Әлеуметтік желіде ұлт­қа тіл тигізіп, «өзге елдерге қо­сылуды» үгіттегендер же­терлік. Бі­разы кешірім сұрап құтылды, кей­бірі сотталды. Мұндай қадамға өзге ұлт өкілдері жиі барады. Мә­се­лен, 2020 жылы қаңтарда Темір­тау қаласының тұрғыны Вячеслав Злотинский деген азамат әлеу­мет­тік желі арқылы Қазақстанның Ресейге автономия болып қосыл­ғанын қалайтынын айтқан еді. Тізбектеп жатпаймыз, тілге, ұлтқа, мем­лекетке қатысты жосықсыз айтқан сөздері сансыз. Көп ұзамай азамат видеоүндеу арқылы дүйім жұрт­тан кешірім сұрады. Сол жылы қарашада Қостанай өңірінің тұрғыны Кирилл Божко екі жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қыркүйек айында әлеуметтік же­ліде қазақ халқына, қазақ тіліне тіл тигізіп, «маймылға теңеді». Алға­шын­да азамат ел­ден кешірім сұрап құ­тылғысы келген еді. Бірақ құ­зыр­лы органдар «ұлтаралық жан­жал тудырғаны үшін» жазадан бо­сатпады. Кейін де «атың шық­паса, жер өртенің» кебіне түскен­дер азаймады. Былтыр 19 тамызда Алматы қаласының Әуезов аудан­дық соты блогер Ермек Тайшы­бековті «ақпарат құралдарын қол­дану арқылы ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айыппен 7 жылға түрмеге қамады. Тайшыбеков көп тайраңдады. Бір емес, бірнеше рет мемлекеттік тілге шүйлікті. Қайта-қайта «Қазақ­станды Ресейге кір­гізу керек» деп заржақ болды. Ақы­ры мәселе асқынып бара жат­қан соң азаматты жазаға кесуге тура келген. Енді Украина мен Ресей арасы ушығып тұрған тұста елімізде аран­датушылар қайта ояна бас­та­ған сыңайлы. Таяуда ғана елімізде мұғалім болып жүрген тағы бір өзге ұлт өкілі соғысты қолдайтынын, Қазақстан да Ресей құрамына кіру керек екенін айтып, әлеуметтік желіде видео таратты. Онысымен қоймай, әйел видеода сан мәрте анайы сөздер айтқан. 1 күннен кейін ол әлеуметтік желі арқылы бейбітшілікті қалайтынын жеткі­зіп, қазақстан­дықтардан кешірім сұрады. Қазір ол әйелдің нақты кім, қандай жазаға тартылуы мүм­кін екені жайлы дерек жоқ. Де­ген­мен құзырлы органдар осындай ұлтаралық араздықты тудыру­шы­ларға қатысты шара қолданбаса, алдағы уақытта оңай құтыларын білген арандатушылар көбейері сөзсіз.

ТҮЙІН:

Сонымен, Z белгісінің мәні ре­сейлік әскерлерді қолдауға бағыт­талғанын ұғындық. Әйтпесе, поли­цейлер бекерге сабылмас еді. Тек заң жағынан мәселені зерделеген жөн болар. «Олардан келер қауіп қан­дай?» дерсіз. Біріншіден, сөзсіз, бұл – насихат құралы, өзге идеоло­гия­ға елді иландырудың амалы. Екін­шіден, осындай әрекеттер аран­датушыларға дем беруі мүмкін.