Саяжайдан пана іздегендер
Саяжайдан пана іздегендер
© коллаж: Әсел Балтақызы
387
оқылды
«Бір жоқтың мұңы жүз қайғыны қозғайды» демекші, саяжайдағы халықтың тұрмыстағы қиындық­та­ры туралы айтқанда, ойға ең бі­рінші баспана мәселесі ора­лады. Бұрындары баспанаға қо­лы жетпе­ген­дер немесе шаһар­дың у-шуы­нан жалыққан жандар саяжайды жағалаушы еді, бүгін­де олардың қатарын алыс ауыл­дардан келген ағайын еселеп көбейтіп жатыр. 90-жылдардың басында тұрмыстық ауыртпалықтарға байланысты шалғай мекендерден қопарыла көтерілген көші-қон процесі едәуір саябырсығанымен, бі­рақ әлі толастаған жоқ. Сол себепті рес­публикадағы ірі шаһарлардың маңа­йында шоғырланған заңсыз қоныстар көп. Ашық дереккөздерден алған мәлі­меттерге сүйенсек, республикалық маңыз­дағы үш қала – Нұр-Сұлтан қаласында – 11,9 мың, Алматыда – 26 мың және Шым­кент қаласының аумағында 17,3 мың бау-бақшалық учаскелер бар. Бірақ оларда нақты қанша адам тұратыны бел­гісіз. Өйткені көптеген саяжай құрылым­дары, бақшалық қауымдастықтар мен коопе­ративтер заңдылық және аумақтық бөлініс бойынша қаланың әкімшілік ау­мағына кірмей қалған. Сондықтан мұндай есеп жергілікті ат­қарушы биліктің дерегінде де, саяжай қауымдастықтары төрағаларында да жоқ. Тек бейресми деректен Алматы облысында 150-200 мыңдай адамның саяжайда тұрып жатқанын білдік. Сондай-ақ облыс орта­лығы Талдықорғандағы 12 саяжай учас­кесіндегі 30 мыңға жуық адам жазғы ла­шықты тұрақты баспанасына айналдырған. Баспанаға мұқтаж жұрт, сондай-ақ об­лыстық маңыздағы қалалардың бақша­лықтарын да жаппай қонысқа айналдырған. Өскемен қаласында мұндай 184 саяжай учаскесінде – 13,5 мың адам, Семей қа­ласында 11 саяжай учаскесінде 19,6 мың адам тұрақты өмір сүріп жатыр. Сондай-ақ Ақтөбеде – 33 мыңнан астам адам, Батыс Қазақстан облысында 17 мың адам саяжайда тұрады деген дерек бар.

Өркениет игілігін көрмейтін жұрт

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың айтуынша, тек 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында ғана ішкі көші-қон «ағыны» 340 000 адамды құраған, олардың 41 пайызы Алматы мен Нұр-Сұлтан қа­ласына ат басын тіреген. Ал олардың 80 пайызының тұрмысы төмен, ипотека алуға шамасы жоқ, сондықтан қай жерде баспана арзан, сол жерге барып қоныстануға мәж­бүр болады. Саяжайдың тиімділігі бау-бақша өсіруге арналғандықтан және мерзімдік тұрақ болып саналғандықтан, қолданыстағы заң­ға өзгерту енгізіліп, 2017 жылдан бері сая­жай тұрғындарына тұрақты тіркелім беріл­мейтін болды. Сол себепті саяжайларда оған дейін тұратын үлкендердің бұрынғы тіркелімі болғанымен, 2017 жылдан бері туған балалардың ондай құжаты жоқ. «Саяжайдан уақытша баспана сатып алған адам жағдайының жоқтығынан сонда ұзаққа тұрақты тұрақтап қалып, барлық мүм­кіндіктен айырылады. Осы үйі үшін мем­лекеттік акт берілмейді, тіркеле алмай­ды. Бұл тұрғылықты жерінде тіркеу туралы заңға қайшы. Соның кесірінен жұмысқа тұру кезінде қиындықтар туып, тиісті әлеу­меттік медициналық көмек ала алмайды, жолдың жоқтығынан балалардың мектепке қатынауы қиындайды. Көпшілік бақшалық қауымдастықтары мен кооперативтерді ауызсумен, электрмен қамту дұрыс шешіл­меген. Тіпті, өркениеттің аталған жетістік­тері бар болғанның өзінде оның құны әл­денеше есе қымбатқа түсуі мүмкін»,– дейді депутат Ирина Смирнова. Әдетте республиканың саяжай аймақ­тарында полиция, өртке қарсы қызмет, ме­ди­циналық пункт немесе емхана жоқ. Балабақша, мектеп, спорт алаңдары, жол, электр желісі және сумен, газбен жабдықтау инфрақұрылымдары салынбаған. Ал өткен ғасырдың орта шамасында тартылып, со­дан бері жаңаланбаған электр желілерінің басым бөлігі тозып, пайдалануға әбден ж­а­рамай қалған. Тіпті, электр қуатының ша­мадан тыс түскен кернеуіне шыдамай, қыс­қа тұйықталып, өрт шығып кеткен оқи­ғалар қаншама? Олар тек материалдық шығынға ғана емес, адам өліміне ұшыратып жатады. Жолды қыста қар алып, көктемде топан су шайып, ересектер – жұмысына, балалар – мектепке, науқастар дәрігерге көріне алмай пұшайман болады.

Тұрғынжайларды бұзу жоспарда жоқ

«Біздің тұрғындар қалада жұмыс істеп, елді-жерді көркейтуге өз үлесін қосып келеді. Жұрт сияқты салық төлейді. Бәріміз Қазақстанның азаматымыз, бәріміздің құқымыз тең. Бірақ біреулері өркениеттің игілігін көреді, ал енді біреулер одан мақұ­рым қалады. Неге? Мемлекет саяжайлардың көп проблемасына неліктен немқұрайды қарайды? Адамдар бұл жерге еріккеннен кел­ген жоқ, басқа барар жер, басар тауы бол­маған соң еріксіз қоныс қылып отыр», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауда­нында орналасқан «Полёт» саяжай қауым­дас­тығының төрағасы Б. Нысанбаева. Оның айтуынша, 2007 жылы саяжай аумағын бұзып тастайды деген сыбыс шыққан. Бірақ жергілікті билік әлі күнге дейін оның нақты мерзімін бекітпеген. Астаналық әкімдердің жыл сайынғы есеп берулерінде де бұл сұрақ жиі қойылады, бірақ нақты жауап әлі жоқ. Содан саяжай жұрты үйімізді қашан сырады екен, сырып тастаса, қанша теңге өтемақы төлейді екен деп күнде алаң. Сондай-ақ олар әкімші­лік­тің саяжай үйі үшін белгілеген бағаға да наразы. Тұрғындардың айтуынша, әкімдік бұзуға жіберетін бір үйдің құнын 4-5 мил­лион теңгеге бағалайды. Қазір оған қандай баспана сатып алуға болады? Елорданың шетіндегі әбден тозығы жетіп, коммуналдық жүйесі ілдебайлап тұрған жатақханалардағы қуықтай бір бөлменің өзіне 10 млн теңге сұрайды. Сондықтан саяжайдағы үйін сатқандардың көбі қазір басын сыйдырарға орын таппай, сабылып жүр. Есіл ауданы әкімінің бас инспекторы Құттымұрат Шамшиевке сауал салғаны­мызда ол дәл қазір «Полёт» саяжай қауым­дастығының үйлерін бұзу мәселесі күн тәртібінде тұрмағанын айтты. «Астананың бас жоспарында қандай учаскеге не салу және қашан салу қажеттігі нақты көрсетілген. Заң бойынша, саяжай­лар уақытша маусымдық қоныс болып са­налады. Ол жердің үйлерін тұрғын үй емес, уақытша баспана деп атайды. Сондықтан ондағы үйлер арзанға бағаланады», – деді Қ.Шамшиев.

Қазынаның қаржысын беруге болмайды

Инспектордың айтуынша, саяжай қа­уым­дастықтары заңды тұлға болып санал­ған­дықтан, қар күреу, көшені жарықтан­дыру, орталықтандырған су құбырын тарту, асфальт төсеу деген сияқты проблемаларды қауымдастықтың өзі шешуі тиіс. Саяжай­лардың заңнамалық мәртебесіне және мақ­сатты пайдалануына байланысты жер­гілікті биліктің заң бойынша оның инфра­құрылымын дамыту үшін бюджеттен қаржы бөлуге қақысы жоқ. Сондықтан саяжай ала­бының барлық материалдық шығынын тұрғындардың өздері көтеруге мәжбүр. Яғни, саяжайдағылар екі рет төлейді: бірі – мемлекетке төленетін салық, екінші­сі – саяжайдың инфрақұрылымын ұстауға кететін шығын. Бұл тұрмысы онсыз да мәз емес тұрғындардың материалдық жағдайын одан сайын ауырлата түскен. Бірақ саяжай тұрғындарының бұл жағдайын кім ұғар, жанайқайын кім естір? «Есіл ауданында 4 мыңнан астам саяжай учаскелері бар, ал оларда қанша адам тұратынын қауымдастық төрағала­рының өзі білмейді. Келіп-кетіп жатқан елде есеп жоқ. Бұл аумақтарда зәулім кот­тедждер де, қабырғасы қисайған жерке­пелер де жетерлік. Оның бірінде үй иеле­рінің өздері тұрады, дегенмен көпшілігін жалға беріп қойған. Қараусыз қалған, сатылып, бірнеше қолдан өткен құрылыстар қаншама?» – деді инспектор. Құттымұрат Шамшиев әкімдік өз тара­пынан демеушілер іздеп, саяжайға көмек­тесуге тырысады. Ана бір жылы әуежайға апаратын жолға жаңа асфальт төселгенде ескісін саяжай ішіндегі жолды жөндету үшін сұрап алыпты. Қ.Шамшиевтің ай­туын­ша, кейінгі үш жылда осындай тәсіл­мен 7 шақырым асфальт төсеген.

Саяжайдың мәртебесін өзгертетін күн жетті

Былтыр Парламент депутаттары Үкі­метке саяжай кооперативтерін заңдасты­рып, онда тұратын адамдарға тіркелім беру туралы мәселе көтерген. Өйткені ішкі көш-қон тасқынының жоғарылығы және қоныстанушылар табысының аздығы мыңдаған қазақстандықтың жайлы өмір сүруіне мүмкіндік бермейді. «Саяжай алаптарына ауылдық елді мекен мәртебесін беріп, бұл аумақтарды со­ның негізінде мемлекеттік бағдарлама аясында дамыту керек. Бұл ондағы тұрғын халықты электр желісімен, сумен, газбен жабдықтауды қамтамасыз етіп, балабақша, мектеп, спорт алаңдарын, жол салуға мүм­кіндік береді. Нәтижесінде, мыңдаған қазақстандықтың әлеуметтік мәселесі шеші­леді»,– деп санайды И. Смирнова. Нормативтік құжатқа сәйкес, саяжай­дың ішкі инфрақұрылымына бақшалық қауымдастықтардың өздері жауапты. Алай­да олардың қаржылық мүмкіндігі шектеулі. Онда тұратын адамдардың көпшілігінің табысы аз, әлеуметтік тұрғыдан осал қам­тыл­ған топ санатына жатады. Ал саяжай қауымының әлеуметтік-мәдени, білім беру инфрақұрылымдарына, өркениеттің басқа да игіліктеріне қолы жетпеуі қоғамның дүбәралануына, мемлекеттік институттарға деген сенімнің жоғалуына әкеліп соқты­рады. Елде болып жатқан экономикалық процестер мен мемлекеттің бүкіл саяси жү­йесін тұрақсыздандыруға әкеліп, әлеу­мет­тік шиеленісті асқындыра түседі. «Қа­ралы қаңтар» оқиғасы мұндай шиеленіс­тер­дің аяқ астынан тұтанып кетуі мүмкін еке­нін көрсетті. Сондықтан саяжай тұр­ғын­дарының проблемасына жалпы халықтық мәселе ретінде қараған жөн.