Асфальт-бетон зауыты жабыла ма?
Асфальт-бетон зауыты жабыла ма?
439
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысындағы асфальт-бетон зауыты тығырыққа тірелді. Төрт жылдан бері жайбарақат жұмыс істеп келген кәсіпорын енді сот шешіміне сәйкес жабылудың аз-ақ алдында тұр. Бұған зауыттың Смирнов мемлекеттік табиғат қорығының аумағында орналасқаны себеп. Қорықтың жерлері айрықша қорғалатын табиғи аумаққа жататындықтан, сот кәсіпорынға жер бөлу туралы  бұрынғы шешімнің күшін жойды. Табиғат қорғау прокурорлары өздері жүргізген тексеріс нәтижесінде облыстық жер инспекциясына қорықтың жерін зауытқа берілгеніне қатысты кемшілікті жою туралы ұсыным жасаған. Соның негізінде сотқа жүгінген өкілетті орган сотта жеңіп шықты. 9 ақпан күні мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот мемлекеттік органның пайдасына шешім шығарып, айрықша қорғалатын табиғат аумағында кәсіпорын жұмыс істеуі мүмкін емес деп тапты. Бірақ кәсіпорын өкілдері бұл шешіммен келіспей, Солтүстік Қазақстан кәсіпкерлер палатасынан араша сұрады. Айта кету керек, «Атамекеннің» сарапшылары да сот шешіміне күмән келтіріп отыр. Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бөлімінің бастығы Айдос Кеңбейілов түсіндіргеніндей, облыс аумағында республикалық маңыздағы бас-аяғы үш қорық бар: Смирнов, Согров және Мамлют табиғат қорықтары. Сөз болып отырған Смирнов табиғат қорығының жалпы аумағы – 240 мың гектар. Бұл жерде 20-дан астам елді мекен орналасқан, соның ішінде Аққайың ауданының орталығы Смирнов ауылы да бар. Яғни, бұл жерде жұмыс істеп жатқан жалғыз асфальт-бетон зауыты емес, кәсіпорын көп. Олардың барлығына да жергілікті атқарушы органдардың шешімімен кезінде жер телімдері бөлінген, яғни жер беру туралы шешімдерді аудандық жер қатынастары бөлімдері шығарған. Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының әкімшілік-құқықтық бөлімінің басшысы Әсел Иманбекованың түсіндіруінше, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері заң бойынша тек Үкіметтің қаулысына сәйкес бөлінуі тиіс. Сот та осы талапты басшылыққа алып отыр. «Бұл жағдайда Смирнов қорығының аумағында орналасқан жер учаскелерін иелену, пайдалану және билік ету құқығы аудандық маңызы бар жергілікті атқарушы органның құзыретіне емес, заңның 7-бабының талаптарына сәйкес ҚР Үкіметінің құзыретіне жатады. Осылайша, жер қатынастары бөлімінің қорық аумағындағы жерлерге қатысты қандай да бір мәмілелер жасауға құқығы жоқ еді, өйткені қолданыстағы заңнамаға сәйкес мұндай құқық Қазақстан Республикасының Үкіметіне ғана берілген», – делінген сот шешімінде.

АЙРЫҚША ҚОРҒАЛАТЫН ТАБИҒАТ АУМАҒЫ МА?

Бірақ аталған жерлердің айрықша қорғалатын табиғат аумағына жатқызылғанының өзі күмән туғызып отыр. Кәсіпкерлер палатасының облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына өңірдегі ерекше қорғалатын табиғат аумақтары туралы сұранымына келген жауапта мұндай жерлер Айыртау ауданында ғана бар екені, олардың барлығы «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғат паркіне қарайтыны жазылған. «Яғни, басқа аудандарда, соның ішінде Қызылжар, Мамлют, Аққайың аудандарында айрықша қорғалатын табиғат аумақтары жоқ.  Соған қарамастан сот прецеденті болды. Сот Қызылжар ауданында орналасқан «Норд жолдары» ЖШС-ына жер заңсыз берілді деп тапты. Бұл шешім Смирнов қорығының аумағында орналасқан барлық кәсіпорынға зардабын тигізуі мүмкін. Мұндағы ондаған кәсіпкердің жер пайдалану құқығы қыл үстінде тұр», – дейді Айдос Кеңбейілов. «Норд жолдары» ЖШС, яғни асфальт-бетон зауытының өкілі Олег Хрупин сот барысында бұл жерлер айрықша қорғалатын табиғат аумағына жататынын дәлелдеуді бірнеше рет талап еткен көрінеді. – Іс материалдарында мұндай қаулы жоқ. Талапкер де, бақылаушы органның өкілі де мұндай қаулыны көрмегенін айтты. Қорықтың паспортында да бұл айрықша қорғалатын аумақ екені жазылмаған. Егер бұл жерлер айрықша қорғалатын табиғат аумағы болса, барлық елді мекеннің мұнда орналасуының өзі заңсыз. Бұл жер не айрықша қорғалатын аумақ немесе елді мекендердің жерлері санатына жататынын анықтап алу қажет. Жер аумағы бір мезетте екі түрлі санатқа жатқызылуы мүмкін емес, – дейді заңгер Олег Хрупин. Отставкадағы судья, заң ғылымдарының кандидаты, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрайымы Инесса Қуанова да осындағы елді мекендерде тұрғындардың қалайша тұрып жатқаны туралы заңды сұрақ туындайтынына тоқталды. «Қорық аумағында орналасқан елді мекендердің тұрғындары  жер үй немесе  тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін сатады, сатып алады. Сонда олардың барлығы рұқсат алу үшін Үкіметке баруы керек пе? Олардың мәселесінің барлығы жергілікті деңгейде шешіліп жатыр ғой. Ендеше тұрғындардың да жерге қатысты мәмілелерінің заңдылығы күмән тудыруы тиіс. Заң бойынша айрықша қорғалатын аумақтардың бірнеше түрі бар. Соның ішінде қорықтардың жерлері иесінен тартып алынбауы тиіс. Бірақ онда аң аулауға, ұяларды бұзуға болмайды деген сияқты шектеулер енгізіледі. Бұл – бір. Екіншіден, облыстық басқарма айрықша қорғалатын табиғат аумағы Айыртау ауданында ғана бар деп отырса әрі Смирнов қорығы Аққайың ауданында орналасқан болса, Қызылжар ауданындағы кәсіпорында не шаруасы бар?», – дейді Инесса Зейноллақызы. Бұған жауап ретінде облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының өкілі Әсел Иманбекова шекараларды «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының, яғни шекаралар үшін жауапты орган қызметкерлері сертификатталған құрал-жабдықтарымен анықтағанын алға тартты.

СЫБАЙЛАСТЫҚТЫҢ ИСІ АҢҚИДЫ

Табиғат қорғау прокуратурасының басқа кәсіпорындардың жерлеріне көз жұма қарап, тек қана асфальт-бетон зауытына шүйліккені де көпшіліктің күмәнін туғызды. «Прокуратура неліктен таңдамалы тәсілді қолданды? Облыс бойынша барлық жағдайды біле тұра басқа жер пайдаланушыларға кінә артпайды. Бұл аумақта бұдан да ірі кәсіпорындар, комбинаттар, элеваторлар жұмыс істеп жатыр. Неліктен қадағалаушы орган асфальт-бетон зауытына ғана шүйлікті?», – деп таңданысын жасыра алмады Олег Хрупин. Оны Инесса Қуанова да қолдады. «Біздің тәжірибемізде осымен қорық аумағында орналасқан екінші кәсіпорын жерінен айырылып отыр. Бірінші іс бойынша Жоғарғы Сотқа жүгіну мерзімі өтіп кетті. Меніңше, бұл мәселеге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдары араласуы тиіс. Себебі «бармақ басты, көз қыстылықтың» исі аңқып тұр.  Бұл аумақтан кәсіпкерлердің барлығы не қуылуы керек немесе барлығы жұмысын жалғастыруы тиіс», – деді Инесса Қуанова. Солтүстік Қазақстан облысында бұдан басқа Қызылжар, Мамлют және Мағжан Жұмабаев аудандарында Согров және Мамлют қорықтары орналасқан. Олардың жалпы аумағы – 180 000 гектар. Онда да жекелеген адамдармен қатар бизнес субъектілері орналасқан. Ендеше бұл мәселе облыстың 6 ауданы тұрғындары мен кәсіпкерлерінің құқы мен мүддесін қозғайды. Отставкадағы судья түсіндіргеніндей, жерді пайдалануға қатысты құқықтық режим шатастырылған. Яғни, жер жекеменшікте болуы мүмкін, тек белгіленген шектеулер сақталса болғаны. Жер телімін тартып алудың еш қажеті жоқ. Кәсіпорынның да өліспей беріспейтін түрі бар. Себебі сот шешімі шыққалы ол қып-қызыл шығынға батып отыр. Несие қарыздары да бастан асады. Сондықтан кәсіпкерлер палатасының қолдауымен сотқа апелляциялық шағым түсіруге ниетті.

Солтүстік Қазақстан облысы